ЖЫР МАРЖАНЫН ТЕРГЕН…

Облыстық «Қостанай таңы» газетінің сандарында өлең-жырлары үнемі жарияланып тұратын ақын Абай Қажидың «Жүрегімнің жарқылы» атты жаңа кітабы жарық көрді. Қаламгердің кезекті жинағына оның әр жылдары жазылған өлеңдері мен әзілдері, пародиялары топтастырылған. Абай ақын өлең жазудыы бүгін қолға алған жоқ. Бұл оның бала кезінен бойына дарыған қасиет. Кітапқа алғы сөз жазған ардагер-журналист Гауһар Аязбаева: «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы»,-деген ғой Абай хакім. Өлең жазбайтын қазақ жоқ та шығар. Сондай өлең жазбаса тұра алмайтын бір ақын бар. «Мен деуге жарасам, неге демеймін?!» Жауабын таппай, бір ақын деген екен» деп өмір жолын өлеңмен құрастырып келеді. Ақындықты кәсіп етпесе де, жанына жақын. Мамандығы бойынша қызмет істеп жүрген де де қолынан қаламсабы түскен жоқ.Ақынжанды азамат қуаныш пен қайғының, үміт пен күдіктің арпалысқан арнасында бірде жамандық атаулыны жайпап өтетін дауылдың күші, енді бірде шөліркеген ел-жұртқа құйып өтетін нөсердің күші бар жыр шумақтарын саулатады. Тек қағазға түсіруге асығып, отырған жерінде қолына не түссе, соған өзі ғана түсінетін қолтаңбасымен айқыш-ұйқыш жазып тастап жүре береді. Әдебиетке, оның ішінде поэзияға құштарлық Абай Қажидың жүрегінде бала кезінде-ақ оянған. Алайда, онымен ден қоя айналысу есейген шақта ғана мүмкін болды. Ақын өзгеріске толы заманға өзіндік көзқараспен қарап, өзіндік үнін естіртуге тырысады. Ақындық тебіреніспен ой айтуға ұмытылады.
Буырқанып,бусанып,
Көк теңіздей долданып,
Ақ теңіздей тасығам,-дей келе,
Ақ ниетпін халқыма,
Ақ парақтай ашылған,-деп толғанады «Өзім жайлы» дейтін өлеңінде. Абай ақын атақ, мансап дегенді қажетсінбесе де, еліне елеулі жан. Бүгінгі күннің бұлтартпас шындығы туралы уытты да қуатты жыр жолдары жүректің қылын шертетін сезімге толы дүниелермен астасып, шолпысы сыңғырлаған қыз бұрымындай өріліп поэзия құдіретіне бөлейді. «Жүрегімнің жарқылы» атты жаңа туындысының бұрын-соңды баспа бетін көрген бес кітабынан өзгешелігі – өлең-жырлар, ақ тілек-арнаулар, әзіл-сықақ, пародия-шымшымалар, төрттағандары мен «Деген екен» айдарымен берілген қызықты оқиғалары оқырмандарды бей-жай қалдырмайды», – деп жазыпты.
Абай ақын кейбір ақын құсап көп жазбайды. Бірақ, дөп жазады. Ол әр өлеңін өз баласындай мәпелейді. Әрбіріне кірпияздықпен қарайды. Сондықтан, оның қаламынан туған жыр шумақтары оқырман қауымның жүрегіне жақын. «Жүрегімнің жарқылы» жыр жинағы қаламгердің осыған дейін шыққан төрт кітабының заңды жалғасы іспетті. Кітап әдебиет сүйер қауымға арналған.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓