Ұлыс күнінің ұлағаты
Наурыз мейрамы туралы қазақ ойшылдары не деді? Олардың бірқатар пікірін жинақтап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Ұлыстың ұлы күні жайында Алаш арыстары көп қалам тербеген. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазған: «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, құтты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әртүрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, әр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді».
Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Наурыз – парсы тілінде Жаңа күн деген сөз. Мұны қазақтар Бұқар, тәшкендік қожалардан үйренген. Ескі қазақта (ескі түрікте) Жаңа жыл күнінің аты – Ұлыс». Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күні дегізіп, Ұлысты Наурыз дегізген. Жыл басының Ұлыс екенінің тағы бір дәлелі мынау: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар», – дейді.
Мұхтар Әуезовтің жазғаны: «…Мұнда баяғы заманда, Ұлыстың ұлы күні қалың елдің жаңа тілек тілейтіні көрінеді. Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, керіскенде «Таза бақ кел» деп, «Көш, Қайрақан көш» аластау – барлығы да сол заманның тілегі».
Қайрақан – қазақтың исламға дейінгі наным-сенімінде жаманшылық иесі.
«Көтергені Ай сұлуды алып өгіз,
Көтерген Аспан туы, ол – Наурыз», – деп кезінде ақын Низами да жырлаған.
«Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен», – депті данышпан Абай Құнанбайұлы. Ал, Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы: «Қайта атақты, асқан бай бар болса, Наурызнаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында Наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен», – дейді.
«Жаңа жыл күні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды. Қар тез кете ме, жаз жылдам бола ма деп болжам жасайды. Қазақтың Жаңа жылы – жазғытұры күн мен түннің теңелген (22 наурызда) күні болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы, күн қараңғы, суық түннен ұзара бастайды…» – деп жазған екен ақын Мағжан Жұмабаев.
«Наурыз мұсылмандықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам. Жұрт қысқы қысымшылықтан құтылып, малы жұт қаупінен құтылып, оның қалған малы балалап, қарасы көбейіп жатқан, өздері егін шаруасына қам қылып, қасиетті жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенінше көп өндіріп қалудың шарасын істеп, абыр-сабыр болып жатқан ел шаруаларының талабы қозған ең көңілді уақыты – көктем. Сол көктемнің басы – Наурыз…», – депті Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожанов.
Сондай-ақ, классик жазушымыз Сәбит Мұқановтың айтқаны: «Наурызнама» жұрт қысқы соғымның шекесін асып, бір-бірін қонаққа шақырып, қарындағы майды бастайтын. Үлкендер «жылдың жерге түскен кезі осы уақ» дейтін». Ал, Сәбит Дөнентаев: «Марттың 22-сі күні – Наурыз мейрамы (Жаңа жыл) екенін қазақ баласының көбі біледі. Бұл мейрам – дін мейрамы емес, ұлт мейрамы. Тегінде Наурыз ұлт мейрамы болғандығының үстіне оның тарихи маңызының тереңдігі бар. Ызғарлы қыстың кетіп, жан иесі өмір қуатын туғызған жыл, жаздың келетіндігіне барлық жаратылыспен қатар қазақ елі де қуанатын», – дейді.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатов: «Жер жүзіндегі жұрттардың бәрінің де түрлі-түрлі мейрамдары болады. Мәселен, дін мейрамы, ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы секілді… Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың, тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сыяды», – дейді.