Хакімжан Наурызбаев – асқақ дарын, дара тұлға

хакимжан наурызбаевТаяуда Қостанайға белгілі мүсінші,  Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Тілеуберді БИНАШЕВ  іссапармен келді. Мүсінші газет редакциясында арнайы      ат басын бұрып,  келіс сапарының мән-жайын  әңгімелеп берген еді.  Кездесудегі әуелгі
сұхбат былай өрбіді:
– Қостанайға осымен үшінші рет келуім. Үшеуінде де  мақсатым біреу – Хакімжан Наурызбаевқа ескерткіш орнату.
Бірінші келгенімде облыс әкім-шілігіне барып,  туған жеріне  ес-керткіш қою туралы ұсынысымды айтқан болатынмын.  Сол кезде облыстық мәдениет басқарма-сының басшысы қайтыс болғаннан кейін 5 жыл өту керектігі туралы заң бар деп, мені мәде-         ниетті түрде шығарып салды. Сол жолы  мүсіншінің кіндік қаны тамған Ұзынкөл ауданына да барып, елді аралап, жергілікті басшылармен жүздестім. Бірсыпырасы  тіпті ол кісінің кім екенін де  білмейді екен. Дегенмен де естіген соң түсінді. Бәрінің де ниеті түзу. Тұңғыш мүсіншіге өз елінде ескерткіш қою үшін 5 жыл күтудің қажеті жоқ еді. Ол кісі –  халық суретшісі Әбілхан Қастеевпен қатар тұрған тұлға. Қастеев Қазақстанда тұңғыш суретші болса, Наурызбаев – тұңғыш мүсінші.
Хакімжан Наурызбаев – қазақтың тұңғыш кәсіпқой мүсіншісі, ҚР  Мемлекеттік сыйлықтың иегері; туған жері: Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы; Қазақ КСР халық суретшісі (1969);  1951 жылы Харьков көркемсурет институтының мүсін факультетін бітірді. 1952 жылы Алматы көркемсурет училищесінде тұңғыш рет мүсіншілер үйірмесін ұйымдастырып, 1966 жылға дейін сонда сабақ берді. Алматыдағы "Абай" (1960, қола, гранит), "Шоқан" (1969, қола, 1970 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді), "Калинин" (1973, гранит, У.Рахмановпен бірге), Жамбыл қаласындағы "Жамбыл" (1963, шойын, гранит) атты монументті ескерткіштерінде пропорция, ритм заңдылықтарын тиімді пайдалану арқылы образдарды шынайы бейнеледі, әрі ұлттық колоритке аса көп көңіл бөлді. "Жасөспірім Жамбыл" (1957, қола) "Салт атты Жамбыл" (1958, қола), "Жеңімпаз қаһарман" (1953, бояулы гипс, 1953 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді) атты композицияларында мүсінші силуэт пен фактураны үлкен шеберлікпен пайдаланды. "Аманкелді портреті" (1948), "Бала Жамбыл" (1950), "Құрманғазы" (1957), "Алдабергенов" (1959), "М.Хакімжанова" (1961), "Сәкен" (1964, бәрі де гипс пен мәрмәрден жасалған). "Шопан портреті" (1965, қалайы, Мәскеу, Третьяков галереясы), "Ленин портреті" (1970, мәрмәр, Ульяновск, Орталық Ленин музейінің филиалы) атты еңбектерінде кейіпкерлердің жан дүниесін терең де жан-жақты ашты. Ол – Социалистік Еңбек Ерлері Қ.Досанов, Б.Шаяндин, Д.Серіков т.б. мүсіндік портреттерінің авторы. 1952-54 жылдары Қазақ КСР Суретшілер одағы басқармасының төрағасы. 1961-65 жылдары Лениндік сыйлықтар комитетінің, 1959-65 жылдары және 1973 жылдан КСРО Суретшілер одағы басқармасының мүшесі. Шәкірттері: Т.Досмағамбетов, Б.Төлеков, Т.Бинашев. X.Наурызбаев еңбектері негізінен Қазақтың көркемсурет галереясында сақтаулы.
 

IMG_0174цв– Сонда қалай, Хакімжан Наурызбаев  атағы жер жарған, қазақтың тұңғыш мүсіншісі, Алматыдағы Абайдан бастап  Жамбыл,  Шоқан,  Амангелді,  Құрманғазы, Дина, Мәншүк ескерткіштерінің авторы, мемлекеттік дәрежедегі қайраткер,  ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, несін айтасыз  өнердегі тарихи  тұлға. Ол кісіге ескерткіш орнату ел үкіметі деңгейіндегі қолға алатын шара емес пе, еді?

– Солайы солай ғой… Бірақ, бәрі сіз айтқандай болса, осы облысқа көмек сұрап келер ме едім? Оны айтасыз,  енді жасырып керегі не, Хакімжан Наурызбаев ағамыз дүниеден озғанда басын сүйеп, жаназасына қатысып, соңғы сапарға аттандырар сәтте  бірде-бір туған-туысқаны болмады. Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков, Халық суретшісі Еркін Мергеновтердің атсалысуымен жерледік. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан көмек те болған жоқ, басшылардың біреуінің төбесін де көре алмадық. Суретшілер одағы қаражат жинап, Кеңсайдағы зиратына ескерткіш орнатты. Суретшілер одағы Хакімжан ағаның атына көше беру туралы әкімшілікке өтініш хат жазып берді. Хатты мен әкімшілікке алып бардым. Өзімнің тұрып жат-қан көше Евгений Сидоркиннің атында. Сидоркин мен Хакімжан аға дос болған, жақсы аралас-қан ғой, сол себепті қиылысқан көшеге атын беруін сұрадық. Алматы әкімі Ахметжан Есімов ол кісінің қадіріне жетіп, түсінді. Суретшілер Одағының хаты бойынша басқа жерден, жаңадан ашыл-ған Алатау ауданынан үлкен бір  даңғыл алып берді. Қазір үлкен  бір –  Наурызбаев даңғылы бар!  
Тұңғыш мүсінші өз естелігінде былай депті: "Үшкөл-дің төңірегіндегі Матақайлардың ауылында тудым. Кішкентайынан еті тірі боп өскен әкеміз Есімхан өнер атаулыдан да құралақан емес екен. Ағаштан түйін түйген шебер, ептеп мал  сырқатын қарайтын дәрі-герлігі де болған. Шешеміз Рақыш та өнер десе ішкен асын жерге қойып өскен дейді. Әншілік, ақындығын ауыл аймақ құрметтеген".
 
– Айтпағыңыз, мына заманда қандай қайраткер болса, кім болса да, іздеушісі болмаса ескерусіз қалуы ықтимал ғой. Сізге ол кісі  неге соншалықты қымбат?
– Маған естен кетпес жақсылық жасаған, әкелік қамқорлық көрсеткен осы – Хакімжан Нау-рызбаев. Атап айтқанда Хакімжан аға Шымкентте жүрген же-рімде  Алматыға шақыртты. "Қазақтың рухын бойына терең сіңірген, ұлттық салт-дәстүрді меңгерген өзің сияқты мүсіншілер бізде сирек. Сондықтан сен ол жақтан гөрі бізге көбірек керексің",– деді. "Алматыға барғанда не істеймін, үйім де, күйім де жоқ", деп тартыншақтап едім, сен балалық жасама, бәріне өзім көмектесемін деген соң, 1986 жылы Алматыға келдім. Ағамыз бекзаттылығын көрсетіп,  бар жағдайымды жасады. Тіпті мені өз  үйіне бала-шағаммен тіркеді. Желтоқсан қудалауынан да қорғап қалды.
Абай ескерткіші  ХХ ғасырдың 60-жылдары бой көтерген. Алматының ең көрікті көшелерінің бірі Абай даңғылында орналасқан. Көктөбе жотасынан түсіп келе жатып ұлы ақынның өзіне тән мінезін, сабырлы жүзін, ашық ажарын, ақылды, ойлы жүзін, жан дүниесінің тереңдігін, рухани байлығын көре аласыз.
– Сізге Хакімжан ағаның қай қасиеті айрықша қастерлі?
– Қарапайымдылығы мен қайрымдылығын. Ол кісі ешқашан бірінші мүсіншімін, мен халық суретшісімін деп кеуде қаққан емес. Маған үнемі "екеуміз ұқсаспыз, екеуміз де ауылда жалаң аяқ топырақ басып, ауылдың табиғатында өстік" деп айтып отыратын. Ешкімге жамандық ойламайтын, біреудің сыртынан сөз айту дегенді білмейтін жайдарлы кісі болатын. Қай жерде жүрсе де күліп жүретін. "Лениндік сыйлықтың" комиссия мүшесі болғандықтан, "Мен қалай аламын, комиссия мүшесімін ғой, басқалар алсын" деп бас тартқан. Басқа кісі болғанда алып кетер еді. Осыдан-ақ ол кісінің қаншалықты қарапайым болғаны белгілі. "Сен тұңғыш мүсіншісің ғой, неге бас тартасың" деп Мұхтар Әуезовтің ренжігені бар. Бірақ кейбір газеттер алды деп жазыпты, шындығында ол кісі алған жоқ. Бір қарағанда кемеңгер мүсіншіні  аса әйгілей қоятын айрықша пішіні шамалы еді. Ғабит Мүсірепов қайтыс болғанда  арнайы комиссия Кеңсай зиратына барыпты. Үстіне куфәйке, бір көзі қысық, кішкентай қара торы бір  кісі  жерді өлшеп, алай-бұлай  жүріп дамыл таппаса керек. Комиссиямен басқарып жүрген  Мұхтар Шаханов көр қазушының бірі болар   деп, "айналайын, былай тұршы" десе, әлгі бәкенедей кісі үндемей шетке шығып тұра салыпты. Ертеңіне  бәрі Ғабит Мүсіреповтің үйіне жиналғанда, төрде отырғанын кешегі бәкене кісі –  Хәкімжан ағаны көрген Шаханов сол сәтте танып кешірім сұрапты.
Хакімжан Наурызбаев – туған халқына 300-ден астам мүсін өнерінің туындыларын ескерткіш етіп қалдырды.
 
– Тлеке,  Хакімжан ағамыздың отбасынан кім бар, кім қалды?
– Отбасының трагедиясы көп. Әйелі  сал ауруымен төсек тартып жатты.  Оның қайтыс болғаны ағаға ауыр тиді. Көп күйзелді. Тіпті көлік апатына ұшырап,  ауруханада жатып, азап шекті. Дұрыс тамақ та ішпеді.
Кіндігінген үш бала. Үлкен ұлы Рахымжан – мүсінші,   екіншісі Нұртас – сәулетші, дизайнер еді. Өкінішке қарай, екі баласы да ұзақ өмір сүрмеді. Қазір көзі тірі Раушан есімді қызы ғана..
– Түсінікті.. Қостанайға екінші келгеніңізде….
–  Екінші келгенімде  облыс әкімі Нұралы Садуақасов қабылдады. Кең отырып екеуара әңгімелестік. Мен  Хакімжан    Нау-рызбаев төңірегіндегі  әңгіменің бәрін түгін қалдырмай айтып бердім. Нұралы мырзаға риза болдым. Мені асықпай мұқият тыңдап алып, айтқан ұсыныстарымның бәрін қуаттады, қолдады. Өнерді тереңнен түсінеді екен. Осы мәселені пысықтауға тағы  бір келерсіз деген. Сол екі арада түрлі себептермен уақыт өткізіп алып, Қостанайға  үшінші рет келуімнің реті осы болды.
–   Бұл жолғы олжаңыз, қандай енді?
– Әкім бұл жолы да ыждаһатпен тыңдап, Хакімжан Наурызбаевқа  облыста бюст орнатылатындығын айтты. Қостанайда ма, Ұзынкөл ауданында ма, мүмкін  облыс орталығындағы бір мектепке ұлы мүсіншінің есімін беріп, алдына ескерткішін қою керек пе, осындай бірнеше ұсыныстар сарапталып,  пысықталатын болды. Әкім менің көзімше бұл хақында орынбасарына (С.Бектұрғанов)  тапсырма берді.  Әкім облыста хас мүсіншіні  кеңінен танытып,  жан-жақты насихатталмай отыр-ғанына  қынжылыс білдірді.
– Бұл жерде әкімдікі шындық. Біздер, менің әріптестерім бәрін жазып, бәрін айтып, бәрін көрсетіп жүріп Хакімжан Наурызбаевқа  келгенде сараңдық таныттық… Бірақ әлі де кеш емес. Қостанай жұрты Хакімжан Наурызбаевты  жақсы танып, тамаша перзентінің өшпес мұрасынан өнеге, тағлым алуы керек-ақ. Бәлкім,  көзі тірі  ағайын-туыстары бар шығар, естелік айтып еске түсірер. Облыстың қала мен аудандарында Нау-рызбаевқа арналған өнер кештері, сурет көрмелері, зиялы қауыммен кездесулер тағы басқа да әр алуан шаралар ұйымдастырып, өткізу – парыз.
Біле білгенге, Наурызбаев дарыны сирек. Ғасырда бір-ақ рет тууы мүмкін. Қазір де мүсіншілер бар. Бірақ дарындылары  жоқтың қасы. Ендеше, қайталанбас оғылан әруағына  бас иеміз. Соның бір көрінісі – Хакімжан  Наурызбаевқа ескерткіш орнату! 
Әңгімелескен Жанұзақ  Аязбеков.

 

 

 

You may also like...

3 Responses

  1. Арқалықтық оқырман айтты:

    Тілеуберді БИНАШЕВ атамызға алғыс айтамын. Қазақта тұңғыш шыққан жерлес мүсінші Хакімжан атамыздың есімін болашақ ұрпақ есінде қалдыру үшін зыр жүгіріп жүргеніне басшы ағаларымыз бен қалталы ағалар қолдау көрсетсе болар еді. Облыс көлеміндегі жоғары оқу орындарында "Сурет және бейнелеу өнері" кафедралары баршылық. Сол оқу орындарында студенттерге насихаттау керек. Тілеуберді ақсақал барда ескерткіш қоюды тездету керек, әтпесе "өзі жоқтың, көзі жоқ" дегенге салып ұмытылып қалады. 

  2. Атымтай Жомарт айтты:

    "Қостанайға белгілі мүсінші" дегені несі екен автордың?! Бұл кісі Қостанайға ғана белгілі мүсінші ме?! Елімізге мәшһүр суретші-мүсінші емес пе))

     

  3. Атымтай Жомарт айтты:

    Еее, енді түсіндім…)

     

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓