Юрий Ивлев: «Ақылмен шешкен дүниенің ғұмыры ұзақ»
«Береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін. Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті. Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді».
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.
Мемлекет басшысы бұл жолы жыл басындағы қасіретті жағдайды барынша ашық жеткізді. Ел ішінде елбұзар, дінбұзар, тілбұзарлардың пайда болғаны рас. Олардың басты мақсаты – мемлекет тұрақтылығын шайқалту. Қай ұлттың да жаманы жоқ, бірақ олардың ішінен бұзық ниетті, пасық ойлылары табылып жатады.
Осы мәселе жөнінде облыстық орыс драма театрының директоры, аймағымыздағы орыс қоғамының төрағасы Юрий Ивлевпен болған шағын сұқбатымызда тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз.
– Юрий Иванович, Мемлекет басшысы кешегі қаңтар оқиғасы кезінде мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалғанын жеткізді. Уақтылы әрі батыл шешім қабылданып, лаңкестерге тойтарыс берілді. Әрине, өткен күннен сабақ алуымыз керек қой? Осыған көз жүгіртіп көрейікші.
– Рас, бүлікшілер, қарақшылар, лаңкестер кесірінен қаншама бейбіт азаматымыз бен әскерилеріміздің қаза болғаны жаныңа батады. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеу мемлекеттің ғана жауапкершілігі болмау керек. Оған қоғам болып атсалысуымыз қажет. Бүгінде ел ішінде тарап жатқан түрлі қауесет жалған түсінік қалыптастырып, халықты адастырады. Президент күні кеше Парламент қабырғасындағы кең ауқымды талқылауда арнайы тыңдау өтіп, онда құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы толық есеп бергенін жариялады. Бұл мәселе депутаттарға және бұқаралық ақпарат құралдарына бәрі ашық айтылды. Қоғамды мазалаған сұрақтарға жауап берілді. Сондықтан нағыз қылмыс жасаған адамдар заң алдында толығымен жауапты. Теріс пиғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғаны анық болды. Бүлікшілер мұндай қадамға не үшін барғаны анық. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген жақсы сөз бар. Президент тағы бір сөзінде ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алып, халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатқанын жеткізді.
– Қазақстан мен көршілес елдердің, соның ішінде шекара сызығы ең ұзын Ресеймен достық қарым-қатынасына қатысты жағымсыз пікірлер айтып жатқандар аз емес. Олар әлеуметтік желіде, интернет каналдарда отырады да, қай мемлекеттің азаматы екенін айыру қиын. Жалпы, іргелес мемлекеттермен қазіргі жағдайымызға қандай баға бересіз?
– Қазақстан қашаннан ешкімге достық қолын ұсынса да, қастық ниеті жоқ ел. Халқымыз да сондай. Әрине, әлдебіреулерге біздің өсіп-көгергенімізден гөрі, сиырдың бүйрегіндей бөлініп кеткеніміз пайдалы. Ресей деп отырсыз, біз ол мемлекетпен стратегиялық әріптес елдерміз. Кім не десе, о десін, бірақ біздің екі ел арасында мәңгілік достық туралы шарт бар. Біздердің тату көрші болғанымыз әлдекімдерге ұнамайды. Барлығына күйе жағудан аулақпын, бірақ осындай пасық ойлы жекелеген адамдар бар. Қайткен күнде ағысқа қарсы жүзетіндер болады, Ресейде болсын, тіпті, Қазақстанда болсын. Қаңтар оқиғасын тағы да есімізге түсірейікші. Кім не демеді? Ұлтты жақындату емес, керісінше арандату, бөліп әкету, бір-біріне айдап салу жайттары аз болған жоқ қой. Аты-жөндерін айтпай-ақ қояйын, бірақ белгілі азаматтар осындай арам пиғылды әрекеттерге барды. Олар бірдеңені бықсытпаса жүре алмайтындар, пияр жасаушылар, хайп қуушылар, арзан бедел жинаушылар, жалған патриоттар. Екі елдің әрқайсысының ішінде халықты біріктірудің орнына, жауластырғысы келетін өз сұр жыландары бар. Бір сөзбен айтқанда, тату, жақсы өмір сүргенімізді көре алмайтындар олар. Ал ондай пиғылы жамандар үшін түрлі-түсті революцияның болғаны керек. Өздері сырттан алақандарын ысқылап қана отырады. Бірақ осындай сәтте береке-бірліктің күшті болу керек екендігін тағы бір мәрте сезіндік емес пе. Ал мемлекетіміз кімнің дос, кімнің қас екенін ажыратып білді. Бұл менің ғана емес, береке бірлікті жақтайтын қоғамның да пікірі деп білемін. Тіпті, құрамына бірнеше мемлекет кіретін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрадық. Бітімгершілік күштері елімізде бір де бір оқ атқан жоқ. Стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін ғана қамтамасыз етті. Міне, осы жайтқа да қырын қарағандар аз емес. Кім қалай десе де, мемлекетіміз өз азаматтарын қорғау миссиясын мүлтіксіз орындады.
Кейінгі кезде Ресей мен Украина арасындағы жағдайға қалай қарайсыз деп жиі сұрақтар қоятындар бар. Мен қалай қараймын? Әрине, біздің үкімет қалай қараса, мен де солай қараймын. Себебі, біз нейтралды мемлекетпіз.
– Сіздер өнер адамысыздар. Халыққа айтатын ойларыңыз да салмақты. Жалпы, қоғамдағы татулық, ұлттар арасындағы жылулық жайында әріптестеріңізбен қандай да басқосулар өткізіп отырасыздар ғой?
– Тек осындағы өз арамызда ғана емес, Қазақстан бойынша барлық әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Елдегі әрбір оқиға жайында ақылдасып, кеңесіп отырамыз. Әрине, кейбір келеңсіздік, әділетсіздіктерге өз жеке пікірлеріміз болғанымен, ұлттың ұйысуы жолындағы жолымыз бір. Сенің ішіңде қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге қатысты келіспейтін ойларың болуы мүмкін, бірақ оны аттандап, елді арандатуға пайдаланбауың керек. Әлеуметтік мәселелер барлық елде бар, тіпті, дамыған мемлекеттерде де. Сабырмен, төзіммен қабылдаған дүниенің ғұмыры ұзақ болады. Осы орайда барлық ұлт өкілдерін татулыққа, береке-бірлікте болуға шақырамын. Бейбіт өмірдің қадірін басыңа іс түскенде ғана емес, дер уақытында білгенге не жетсін! Біздің ұлтымыз орыс болғанмен, ортақ шаңырағымыз – Қазақстан жерінде өмір сүріп отырғаннан кейін осы мемлекетіміздің әрбір жетістігімен бірге жасап, ыстығына күйіп, суығына тоңуымыз керек. Бейбіт өмір де, азаттық та өз қолымызда. Және осыны зор мақтан тұтуымыз қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!