Конституциялық соттың маңызды қадамы
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Президент өз Жолдауында Конституциялық сот құрып, сот рәсімдерінің ашықтығын арттыру үшін қандай шаралар жасалғанын айтып берді.
“Мен Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы Конституциялық заңдар қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжаттар заң тәртібін күшейтуге және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет. Барлық деңгейдегі соттар шын мәнінде тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде. Кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы біртіндеп арта түсуде” деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл маңызды қадам құқық қорғау институттарын күшейту, Конституцияның ең жоғарғы заңды күші бар Ата Заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегіне айналары сөзсіз. Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесіне кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынып, бұл құжат ең алдымен қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделгенін де тілге тиек етті.
Қазіргі уақытта әлемдегі көптеген мемлекеттерде Конституциялық сот институты бар. Өз кезегінде қазақ халқы үшін бұл Конституциялық сот таңсық емес, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мұндай орган мемлекетімізде болған. Сондықтан, ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы институт тиімді қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар, Бас прокурор мен адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беруді ұсынды. Президент айтқандай, бұл орайда Жоғарғы сот кеңесі маңызды рөл атқаратын болады. Әрі бұл құрылым Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі Конституциялық өкілеттігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауына кепілдік бермек.
Мемлекет басшысының бұл бастамалары әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болады деп сенеміз. Бұған қоса, аталған институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түсетіні анық.
Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды. Олай болса, бүгінгі мемлекет басшысының маңызды қадамы, яғни өз Жолдауында Конституциялық сот құруды ұсынуы азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түсері сөзсіз.
Б.Кәрібаев
Амангелді аудандық сотының төрағасы