Әділ де шынайы өтті
Биыл тарихи оқиғаға толы жыл болды. Маусым айында ғана референдум өткізсек, міне енді кезектен тыс Президент сайлауы да мәреге жетті. Бұл жолғы сайлау саяси жаңару мен дамуға жасалған бір қадам екендігі даусыз. Халықтың азаматтық белсенділігі- қоғам дамуының кепілі. Сондықтан да Президент сайлауындағы әрбір дауыс маңызды. Мен бір ай бойы республикалық қоғамдық штабтың мүшесі ретінде жұмыс істеп, сайлау күні №1-сайлау учаскесінде бақылаушы болдым. Бәрі әділ де шынайы өтті. Бюллетень санау процесіне ешқандай заң бұзушылық әрекет болған жоқ. Сайлау барысында көргенім мен көңілге түйгенім көп. Өйткені, бұл жолғы сайлауға жұрт ешкімнің үгітінсіз, өздері лек-легімен келіп дауыс беріп жатты. Арасында балаларын жетектеген ата-аналар, таяғына сүйенген қарт кісілер де бар. Олардың әділетті Қазақтанды бірге құруға септесіп, соған шама-шарқынша үлесімізді қоссақ деп келгенін жүздерінен-ақ байқауға болар еді. Ел азаматы ретінде мен де өз таңдауымды жасап, дауыс бердім. Жалпы, сайлау өте әділ өтті деп бағалаймын. Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлаудың ресми қорытындылары жарияланды. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап 6 миллион 456 мың 392 адам дауыс берген. Бұл сайлауға қатысқан қазақстандықтардың 81,31%-і қазіргі мемлекет басшысын қолдады деген сөз. Иә, халықтың күші -бірлікте! Сайлауға қатысу арқылы еліміздің өркендеп,дамуына өз үлесімізді қосу баршамыздың перзенттік борышымыз!
Қырмызы ЖАҢБЫРШИНА,
облыстық мәслихаттың депутаты,
"Аманат" партиясы фракциясының жетекшісі.