Батырлар тоғысқан қойылым   

Ұлтына деген сүйіспеншілік, еңбекке деген талап пен талпыныс, мамандығы мен кәсібіне деген шынайы құлшыныс, ұстанымына сай темірдей тәртіп, әділетсіздікке қасқая қарсы тұрып, өз адал атын ғана емес, тұтас елдің мүддесін қорғау жолындағы табанды күрес, басшылықтың сынына төтеп берген бірбеткейлік, ақыр соңындағы «еңбек – бәрін жеңбек» қағидасына сай баршаны мойындату мен одан көрген құрмет. Міне, осы көріністің барлығын көрермен жұртшылық өткен аптада І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында тұсауын кескен «Еңбек ер атандырады» қойылымынан тамашалауда.IMG_9242
Драма жанрында көпшілікке жол тартқан бұл туындының бұрынғы спектакльдерден ерекшелігі сол, бүгінгі күннің әрі өз аймағымыздың тұлғаларын кейіпкер етіп көрсеткендігінде. Атап айтсақ, бүкіл әлемге аты мәшһүр қазақтың мақтанышы, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева, тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері атанған үш батыры, бүгінде бір-бір ірі шаруашылыққа басшылық етіп отырған – Сайран Бұқанов, Борис Князев, Алмат Тұрсынов және аймағымыздың атқа мінер азаматтары. Өкініштісі, спектакльдің басты қаһарманы – қазақ әйелдерінің феноменіне айналған Кәмшат қажы Байғазықызы өткен күзде өмірден өтті. Сол себепті, бұл қойылым аңызға бергісіз даңқты механизатордың рухына арналды десек, артық айтқандық емес.   IMG_9205
 
IMG_9209Спектакль белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхметтің көркем туындысы негізінде сахналанғанын айта кетейік. Қоюшы режиссер де бізге бейтаныс емес, осы өнер қарашаңырағында жылдар бойы еңбек еткен белгілі театр артисі Архат Уәли. Арекең бүгінде Алматыда тұрса да, маңызы терең, болмысы күрделі тақырыптағы баянға жетекшілік етуге Тобыл топырағына арнайы келген екен.IMG_9223
 
IMG_9231Спектакль кешегі кеңестік дәуір мен бүгінгі егемен елдің тарихын ұштасыра бейнелейді. Әр бөлімінде жоғарыда аты аталған батыр тұлғалардың өмір, еңбек жолындағы көпшілікке беймәлім әрқилы сәттерінен үзінді берілген. Мәселен, өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан Меңдіқара ауданының Харьков кеңшарын басқарған Сайран Бұқановтың обком саяси бюросы тәртіптік кеңесіне шақырылып, бірінші хатшының шошқа фермасын сал деген тапсырмасына қарсы болып, ақыры өз ұстанымын дәлелдегенін ерекше атап өткен жөн. Немесе тоқсаныншы жылдардың басындағы ауыртпалық, әсіресе ауыл жұртының жаппай қалаға көшуіне алғашқылардың қатарында тосқауыл бола білген Қамысты ауданы Алтынсарин шаруашылығының директоры Борис Князевтің мәмілегерлігі де көпке үлгі боларлық іс. IMG_9196
Ал табиғатында бастаған шаруасын аяғына жеткізбей қоймайтын Алмат Тұрсынов үнемі жаңашыл науқан жасамағанда «Қарасу-ТӨК» елімізде осыншама танымал болар ма еді? Сол жолда Қарасу ауданының әкімі қызметіндегі ағасы Азамат Жанәбілұлына өзінің айтқанын мойындатып, мал-жанды тығырықтан шығарар жол көрсеткені – нәтиженің жемісі емес пе. Соғыс және еңбек ардагері Жанәбіл қарт сол арада ұлдарына әкелік жол нұсқап, Бармақ батыр бабасы жаудан қорғаған жерді келешек ұрпаққа аманат етіп тапсырыңдар деген батасы қойылым желісіне әр беріп, көпке ой салғандай.IMG_9263
Сахналық көрініс аймақ басшылығы бастап, бір-бір елдің тұтқасы болған азаматтардың Батыр ана Кәмшат Дөненбаеваның шаңырағына барып, алғысын алған сәтпен аяқталады.  IMG_9280
 
IMG_9264– Бұл сахналық қойылым арқылы кейінгі ұрпақтың өз ортасынан шыққан батыр азаматтарын мақтан қылып, тек еңбек арқылы табыстарға жетуге болатынын көрсеткіміз келді. Біз өз өңіріміздің батырларға кенде емес екенін паш етуге тиіспіз. Ал бүгінгі спектакль кейіпкерлері баршаға үлгі көрсетіп отырған жандар, – деді қойылым авторы А.Шаяхмет.
IMG_9272
IMG_9255
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓