Туған ТОРҒАЙЫН түлеткен Жақан Қосабаев туралы бірер сөз
Қостанай-Торғай жұртшылығы, қала берді бүкіл ұлан-байтақ еліміз мемлекет және қоғам қайраткері, Торғай өңірін түлету үшін бар күш-жігерін, білімі мен біліктілігін жұмсаған Жақан Қосабаевты жақсы біледі. Ол Торғай облысының әкімі ретінде туған жерінің игілігі үшін аянбай тер төккен, жақсы көретін інілеріміздің бірі еді.
Ол 1941 жылы 12 қаңтарда Жанкелдин ауданы «Октябрь» ұжымшарында дүниеге келді. Әкесі Қосабай Ұлы Отан соғысының қан майданына аттанғанда Жақан енді ғана қаз тұрған бүлдіршін еді. Анасы Сәлима төрт жастағы қызы Қазипа мен бір жарым жастағы Жақанын бауырына басып, қала берген. Қос құлынын қатарынан кем қылмаймын деп ұжымшар басшысы қайда жұмсаса, сонда барды. Фермада сауыншы, түнде күзетші болып, бір тыным таппады. Әке соғыстан оралмады. Қара қағазды қолына алған ана тас түйін бекініп, қайрат танытты. Ана жүзіндегі мұңды көріп, балалар да ерте есейді. Қазипа бастауыш сыныптан кейін анасына көмектеспек болып, жұмысқа жегілді. Жақан оқыды. Анасы атадан қалған жалғыз тұяқ – ұлын «Октябрь» ұжымшарындағы бастауыш, көрші колхоздағы орталау, Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте оқытты.
1959 жылы орта мектепті бітірген Жақан тракторшылық мамандық алып, бір жыл бойы елдің жұмысын еңсерді. Сол кездегі колхоз басқармасының төрағасы Міркемел Сейтқазиев көзінің оты бар жігерлі жасты бірден танып:
– Сен институтқа түс, өзіңнен үлкен үміт күтемін және бір жылғы оқу шығыныңды өзім көтеремін, – деп қамқорлық танытты. Осындай жақсылық жасаған ел ағасы Міркемелге Жақанның анасы өле-өлгенше батасын беріп, ризашылық танытумен дүниеден өтті.
Жақан Челябі ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтына оқуға түсіп, оны 1965 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Елге келіп қызметке кіріседі, алдымен кәсіптік-техникалық училищеде оқытушы, «Южный» кеңшарында автогараж меңгерушісі, алты айдан кейін бас инженер болады. 1967 жылы жігерлі жас аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланады. Содан бастап Қосабаевтың тасы өрге домалап, әртүрлі лауазымды қызметтер атқарады. Партком хатшысы, кеңшар директоры болады. Ал 1981 жылы өзінің туып-өскен жері Жанкелдин аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Қарт Торғайдың түлеген тұсы да осы кез еді. 1982, 1983, 1984 жылдары аудан Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болып, КОКП Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, ВЦСПС-тың және Орталық комсомол комитетінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Бұл ерекше абырой, зор табыс еді.
Ауданда 1981 жылы егіс көлемі 55 мың гектар «Бидайық» кеңшары, 1983 жылы егіс көлемі 40 мың гектар «Алтынсарин», 1985 жылы «Аққұм» кеңшарлары ашылды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхаметқали Айсин мен Кеңес атқару комитетінің төрағасы Жақан Қосабаевтың тізе қосуы нәтижесінде асқаралы асулар алынды.
Жақан Қосабайұлы 1987 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Айта кетейін, Торғай ауданы 1928 жылы құрылғаннан бергі уақытта бірде-бір жергілікті азамат аудан басқармапты. Жақан осы өңірде туып, жетілген, ел тізгінін қолға алған алғашқы басшы ретінде тарихта қалды. Және халық қамын ойлаған, қарт Тор-ғайды түлетуге шама-шарқынша күш-жігер жұмсап, нәтижеге жеткен басшы ретінде халқына жақты.
Қалай десек те, Торғай шалғайдағы аудан, жол мәселесі қиын, тұрғын үйлер ескірген. Оның үстіне 1988 жылы Торғай облысы жабылып, жағдай бұрынғыдан да қиындай түсті. Осындай сәтте аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жақан Қосабаев Қостанай облысы басшыларынан көмек сұрады. Облыс аудандарының кеңшарлары Торғайға бір-бір үйден салып берсе деген тілегін жеткізді. Обалы не керек, сол кезде облыс тізгінін ұстаған Николай Князев пен Кенжебек Үкіұлы бұл өтінішке барынша жауапкершілікпен қарап, екі жүзден астам сыңғырлаған жаңа үй салып, пайдалануға берді. Ежелгі Торғайдың еңсесі көтеріліп, сәулеттене түсті. Сондай бір үйге менің отбасым қоныстанды. Күні бүгінге дейін Жақан ініме, оның өтінішін аяқасты етпей азаматтық танытқан облыстағы қайраткер бауырларыма шын жүректен ақ алғысымды айтып отырмын. Сол құт мекенде туған үш бірдей немереме де, ұлым мен келінім Руслан мен Қарақатқа да азаматтарымыздың ел игілігі үшін еткен ерен еңбегін үлгі етемін.
Жақан 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды. Ел қамын ойлаған азамат бұл мүмкіндікті де Торғайды түлету үшін пайдаланды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне, министрліктерге мәселе қойып, оны шешу жолдарын қарастырды. Торғайдағы әуежай да дәл сол кезде салынып еді. Ауданға сол кездегі Азаматтық авиация басқармасының басшысы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері А.Кузнецовтың өзі келіп, әуежайдың ұшу-қону алаңын қабылдап, Алматы-Қарағанды, Торғай-Ақтөбе рейстерін іске қосуға батасын беріп еді. Енді алыстағы Торғайдан Алматыға тура ұштық. Бұл әсіресе студент жастарымызға ерекше тарту еді. Кейін ЯК-40 және ЯК-42 ұшақтары Қостанай мен Ақтөбеге ұша бастады.
Жақан ініміз тек экономикамен ғана емес, әлеуметтік саланы дамытумен де шындап айналысты. Тарихи Торғайда туып, өскен азамат ел тарихын, ана тілін, қайраткер тұлғаларды да жақсы білетін. Өзі де кезінде қолына қалам алып, тарихқа үңілді, кітап жазды, туған өлке тағылымына бойлады.
1990 жылы аудан басшысы Алаш ардақтысы, әйгілі «Оян, қазақтың» авторы, нақақтан жала жабылып, халық жауы кейіпін киіп, сүйегі сонау Карелияда қалған арысымыз Міржақып Дулатовтың мүрдесін туған елге жеткізіп, арулап қою ісіне мұрындық болды. Арнайы экспедиция құрып, мұңды сапарға бас-көз болды. Ақыры Міржақып сүйегі туған жердің төсіне жерленіп, арысымыздың жаны жай тапты.
Ж.Қосабаев 1992 жылы облыс әкімі өкімімен Торғай облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығы болып тағайындалды, сол жылы 6 ай өткенде 15-ші маусымда облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне жоғарылады.
Жаңа, жоғары лауазымды қызметке кірісімен Ж.Қосабаев бай іс тәжірибесін қолданып, облыстың барлық мекемелері мен шаруашылықтарына қатаң бақылау қойып, міндетті жоспардағы жұмыстардың уақытымен орындалуын талап етті.
Ж.Қосабаев Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 1993 жылдың 22 маусымында Торғай облысының әкімі болып тағайындалды.
Жақан ауданды басқарған кезде сауатты, жұмыс қабілеті бар, ұйымдастыра алатын көптеген жергілікті кадрларды тәрбиелеп шығарды. Аудандық партия комитеті мен Кеңес атқару комитетіне Қ.Ахметжанов, А.Хамилин, З.Әбіл-хайыров, А.Есмағамбетов, М.Шайкемелов, М.Қасымов, Қ.Есмұратов, Б.Қабжанов, Қ.Бірмағамбетов болса, совхоздар директорларына: Т.Мусағазин, М.Спабеков, А.Жүсіпбеков, Ж.Шайхин, А.Хамитов, Р.Ахметжанов, С.Тілеубаев, Қ.Қанафин, А.Көшеков, А.Қоңқабаев, А.Қабажаев, Б.Ахметов, Ш.Байгереев, Ж.Доспаев, және басқаларын тағайындады, ал аудан мекемелері басшыларын да жер-гілікті азаматтарды көтерді.
Жалпы Ж.Қосабаевтың аудан басшысы кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің Торғайға екі рет келуі, ауданның барлық шаруашылықтарына, құрылыс саласына, халықтың әлеуметтік тұрмысына үлкен өзгерістер әкелді және көне Торғай қаласының келбетін өзгертті.
Торғайда 1984-1991 жылдары бес мұражай салынды. Олар Ыбырай Алтынсарин, Әліби Жанкелдин, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов, Шақшақ Жәнібек және Нұрхан Ахметбеков мұражайлары.
Жақан Қосабайұлы Торғай облысын басқарған уақыт ауыр кезең еді. Бұрын-ғы орталық жоқ, экономикалық байла-ныстар үзілген, облыс экономикасын өрге сүйрер кәсіпорындар да аз. Қолда бар техника ескі. Бюджет қоржыны бос. Еңбекақы мен зейнетақы төленбей жатты. Қиыншылықтар бастан асып жатса да, ел еңсесін көтеру үшін әкім мен оның командасы көп іс тындырғанын біз жақсы білеміз.
1995 жылы 5 қазанда Жақан ініміз облыс әкімі қызметінен босатылып, Қазақстан Ауыл шаруашылық министрлігінің басқарма бастығы болып тағайындалды.
Кейін Арқалық ауданындағы «Титов» ЖШС-ын басқарды, одан Қостанайға көшіп келіп, «Қазақавтожол» мемлекеттік кәсіпорны кадрлар бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүргенде 2007 жылғы 8 желтоқсан күні дүние салды. Ол өзінің алтын ұясы – Торғайына жерленді. Сол бір азалы сәтте Жақаңның өзі тәрбиелеген інісі Ғабит Сүндетбаев оқыған мынау жоқтау-жыр есте қалыпты.
Қосағал – биік төбе, тау сілемі,
Көмкерген табиғаттың боз кілемін.
Мәңгілік тыныштықты табу үшін,
Таңдаған Жақан аға бұл төбені.
Қол жайған, қабыл болсын, бата-дұға,
Еш кетпес еңбек еткен Отанына.
«Туған жер Торғай» деумен соқты-ау жүрек,
Қаласың мәңгі есте, болып тұлға.
Енді азаматымыздың отбасы туралы бірер сөз. Жолдасы Раушан Лайыққызы – дәрігер, қыздары Дана мен Мархабат та жоғары білімді мамандар, ұлы Шал-қар облыстық қаржы бақылау басқармасының қызметкері, Құдайға шүкір, немере-жиендер өсіп келеді.
Жұмахан САДУАҚАСОВ,
зейнеткер, КСРО банк ісінің үздігі.
Жанкелдин ауданы.
(Суреттер автордың жеке мұрағатынан алынды).
Жақан Қосабаев
Ж. Қосабаев Елбасымен бірге
Почему вы не пишите про то как он издевался над народом и про то что он сидел в тюрме? Мой дед Макатулы Кали посадил его в тюрму, сросите у народа, которые живут там в Тургае именно в Албарбугете.