Жаңа оқу жылы басталды
Бүгін Қостанай қаласының барлық мектептерінде Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті. 2017-2018 оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, балғындар 1-сыныптың табалдырығын аттады. Дәл осы күні шаһар басшысы Базыл Жақыпов №115 орта мектебінде болып, педагогтар мен шәкірттерді айтулы мерекемен құттықтады.



-Құрметті педагогтар, оқушылар мен ата-аналар. Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! 1 қыркүйек – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер және жоғары сынып оқушылары, ата-аналары мен оқытушылардың үлкен мерекесі. Осынау шуағын шашқан арайлы күні сіздерге зор денсаулық, алға қойған мақсатқа табыспен жетуді тілеймін,-деді Базыл Жақыпов.

Алғашқы қоңырау соғылған соң, 1-сынып оқушыларына Елбасының атынан арнайы сыйлықтар табысталды. Балалар мектепке кіріп, сынып сағатына қатысты. Биылғы сынып сағаты ҚР Конституциясы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасына арналып, «Мен – өз елімнің патриотымын» деген тақырыппен өтті.

Газетіміздің тілшілері Ғафу Қайырбеков атындағы №9 мектептегі салтанатты жиынға да қатысқан болатын. Аталған білім ошағында биыл 92 бала бірінші сыныпқа қабылданыпты.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.