Көркем сөздің көрнекті шебері

Белгілі сатирик-жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, көрнекті қаламгер Ғұмар Ахметчин өткен жылдың аяғында келместің кемесіне мініп кете барды. Амал не, сексенін көре алмады. Көзі тірі болса, биыл қыркүйек айында мерейтойын дүркіретіп жатар ма еді…
Жазушының саналы ғұмыры Қостанай жұртшылығының көз алдында өтті. Тумысынан қарапайым қаламгер қажымай-талмай, өзінің жылдар бойы тірнектеп жиған қазынасы – сатиралық туындыларын, көптеген әдеби шығармаларын ел-жұртына мұра қылып қалдырды. «Қолды болған қораз», «Көзілдіріктің кесірі», «Көзі сынық тебен», «Ұмытшақтық зобалаңы», «Күндіз жұлдыз көрінсе» қатарлы кітаптары осының айғағы.
Өзі кетсе де, артындағы ел-жұрты, қалың қауым оқырманы қаламгерді сағына еске алып жатыр. Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырған «Көркем сөздің көрнекті шебері» атты кешке куә болып келдік. Қаламгердің шығармалары топтастырылған көрме де ұйымдастырылған екен.
– Бала күнімізден шығармаларымен сусындап өсіп, жасөспірім шағымда облыстық «Жас тұлпар» оқушылар айтысына қатысқанымда, батасын берген де – Ғұмар ағамыз еді. Кейін мәдениет саласына қызметке келгенде, жазушының 75 жасқа толған мерейтойын ұйымдастыруға атсалысқанымды мақтан етемін. Ғұмар ағамыз біреудің сыртынан ғайбат сөз айтпаған, үлкен-кішіні ренжітіп көрмеген ғажап жан болатын. Талай қызметтер атқарса да, онысын бұлдап, атақ-марапат сұрамаған жан. Сол қасиетімен көпке жаға білді, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Рас, Ғұмекең «Жас тұлпар» айтысы алғаш ұйымдастырылған 1992 жылдан бері үздіксіз қазылар алқасының төрағасы болып келді. «Осы сахнаға шыққан әрбір бала күні ертең айтыс ақыны болып кетпесе де, өмірден орнын табатын, ең бастысы, өнер-мәдениетке жаны жақын жан болатынына сенімдімін» деген сөзін ұмытқан жоқпыз.
Қаламгер жайлы әдебиет майданында бірге жүріп, рухтас болған дос-бауырларынан артық білетін адам жоқ шығар, сірә. Оған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серікбай Оспанов сөздері дәлел. Шығармашылық жағынан етене жақын, ал өмірде тонның ішкі бауындай аралас-құралас болған аға-інінің сыйластығына қызыға қарайтынбыз.
– Бестау мектебінде оқып жүргеннен Ғұмар Ахметчинді танып өстім. Ол кезде Әулиекөлдегі «Жеңіс туы» газетінде еңбек етеді. Өлеңдерімізді редакциға жолдаймыз, Ғұмекеңдей әдебиет майталманы оны басылымда жариялап тұрады. Тіпті, өлеңдерімізге әдемілеп рецензия жазып отыратын. Сол себепті, мен Ғұмар ағамды ұстазым деп есептеймін. Өз басым Ғұмекеңді әдебиет саласына ерен еңбек сіңірген қайраткер деп білемін. Оған талай филолог ғалымдардың еңбектерінде Ғұмар Ахметчин есімінің үлкен әріптермен жазылғаны айғақ. Және Ыбырай бабамыз жайында көп мақала жазды. Былтыр ағам дүние салғанда, расын айтайын, баруға дәтім шыдамады. Көзден кетсе де, көңілден кетпейді. Өмірі ауырдым демеді, денсаулығы мықты еді. Аяқасты арамыздан кетеді деп үш ұйықтасам түсіме кірген емес, – деді қимастықпен еске алған Серікбай Оспанұлы.    
Ғұмар Ғарифоллаұлының шығармаларынан шынайы өмірдің лебі есіп тұрады. Ақын, драматург Ақылбек Шаяхмет Ғұмекеңе арнаған бір мақаласында: «Оның кітаптарының кейіпкерлері күні бүгін де арамызда жүр. Олар – қара халықтың басына шығып алған басшылар, оларға жатып жастық, иіліп төсек болып жүрген жағымпаздар,  «алма, піс, аузыма түс!» – деп, еңбек етпей-ақ, аспаннан несібе дәмететін еріншектер, ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүріп, қу бастан қуырдақтық ет алатын жылпостар, қадірі кеткен кадрлар» депті.
– Мектеп бітіріп, шопан болып жұмысқа кіріскен кезімде бұған дейін «Қостанай таңы» басылымында жарияланған өлеңдеріме сәт сапар тілеп жылы лебізін білдірген – Ғұмар ағам болатын. Кейін осы облыстық газетке тілші боламын деп келгенімде, сол кездегі бас редактор Бақытжан Жангисин мені жұмысқа қабылдаған жоқ. Сонда маған жанашыр болған – Ғұмекең еді. Әулиекөлдегі «Жеңіс туы» газетінің бас редакторы Салық Молдахметовке телефон соғып, мені қызметке алуымды тапсырды. Міне, осыдан бастап ағаммен жақын араласып кеттік. Жазушылардың талай жиынына бірге бардық. Біразға дейін кітап шығара алмай жүрдім. Мен тұрмақ, Ғұмекеңнің де шығармалары қайта-қайта тізімнен сызылып, кейінге қалып жатқан кез екен. Екеуіміз бірде Алматыға кезекті сиезге барғанымызда, баспа істері жөніндегі комитет төрағасы Шерияздан Елеукеновтің, ол кісіге жеткізген көмекшісі – жерлесіміз Мұхтар Құдайқұловтың арқасында екеуіміздің де жолымыз болып, «Жалын» баспасынан кітаптарымыз жарық көрді. Ғұмекең кітап шығаруға асықпайтын. Бірақ ол кісінің газет бетінде жарияланған мақала, сатираларын орыс редакциялары аударып жатады. Мұның өзі қаламгердің шығармаларының қаншалықты өміршең екендігін әйгілеп тұр емес пе, – деді Ақылбек ағамыз.
Ғұмар Ахметчин өмірінің біраз бөлігін басшылық қызметте өткізді. Облыс, республика көлемінде еңбегі сіңген тұлға. Сонда да ол қарапайым болмысын жоғалтпай, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген бірегей азамат еді. Қаламгермен қызметтес болған іні-бауырлары арасында Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиал басшысы, газетіміздің бас редакторы Жанұзақ Аязбековтің орны айрықша.
– Қостанайға келгеніме 43 жыл болды. Содан бері Ғұмекеңді білемін. Кісіні жатырқамайтын ерекше жан еді. Ол кісіге жақын жүруге ынталы болатынбыз. Шығармашылығына, тұлға болып қалыптасуына ортасы ықпал болды. Ол классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов, даңқты жерлесіміз Серке Қожамқұлов, әдебиет қайраткерлері. 1994 жылы облыс әкімінің баспасөз хатшысы қызметінде жүргенде, алғаш ПЕН-клуб мүшелерінің басын қосқан тұлға. Сол кезде Қазақстан мен ТМД елдірінің Ш.Айтматов, Г.Бельгер, Ә.Нұрпейісов бастаған мүйізі қарағайдай әдебиет майталмандары келген болатын. «Сонда мінездері адуынды жазушылардың тілін тапқаннан қиын нәрсе жоқ екен. Бұл маған үлкен сабақ болды» деп отыратын. Себебі, Ғұмекең қара сөздің майын тамызған хас шебер еді, – деді Жанұзақ Аязбекұлы.  
Ғұмар Ахметчин шығармашылық өмірінде тек жазушы, сатирик ретінде ғана шектеліп қалмады. Сонымен қатар өлең де жазды. Кешке келген А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ филология мамандығының студенттері Ирина Новицкая мен Аружан Қыдырбек сол шығармалардан оқыды. Ал осы жолдардың автор А.Сейдімбектің «Дәурен-ай» әнін орындап бердік.
Ғұмар Ахметчин қолына қалам ұстаған, жазуға ебі бар, талантты жас көрсе қанатынан демеп әрқашан қолдау білдірді. Қайраткердің тәрбиесін алып, ақылын тыңдап, өзіне үлгі етіп өскен жастар аз емес. Артына қаншама өміршең сөзін, рухани қазынасын қалдырып, елге, Отанға үлкен еңбек сіңіре білген әзиз жан ғибратқа толы Ғұмар-ғұмыр болып жүрегімізде қалмақ.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓