Абдолли айтқан екен!

"Ақдариға" ардагерлер хорының бір мүшесі әрі замандасы юбкасының етегі тілік-тілік екен. Сонысын жаратпаған Абдолла:
 Көз көргенді айтпай қалай
өтемін,
 Ойымды айтсам мен
марқайып кетемін.
 Замандас-ау, ине-жіп көп базарда,
 Тігіп алсай быт-шыт юбка етегін, – депті.
Сонда замандасы: "Көтек, бұл мода емес пе екен" депті.
  
* * *
 
Абдолла Қорған ағасын іздеп келіп, сәлем беруді жөн көреді. Ағасы да, жеңгесі Ажар да жік-жапар болып қарсы алады. Абдолла "Жеңеше денсаулығыңыз қалай?" десе, жеңгесі: "Ау, сенің жеңгең не, Күнзипа менің апам, Жанғабыл жездем, сол себепті сен жиенсің, мені апа де",–  дейді.
Сол-ақ екен Абдолла:
 Жанғабылды жезде деп мақтанасың,
 Шешу керек әр істің ақ-қарасын.
 Бұл үйдің иесі сол ағам Қорған,
 Сондықтан жеңешем боп жатталасың.
 Жиенқұрық бергендей жиен дейсің,
 Берген кезде сәл ғана ақталасың,– деп салады.
 Ағасы да, жеңгесі де мәз.
 Сапар  ҚАПЫШ.
 
Екіжүзділік
 
Әкім кезінде мақтап,
"Ескерткіш қою керек"– деді.
Түскен күні даттап,
"Көзін ою керек" – деді.
 
Спортсмен
 
"Закускаға жарар" деп,
Шошқа майын жеп алды.
Спортсмен Маралбек,
Спиртсмен боп алды.
 
Полиция
 
Оң қолымен "честь" беріп,
Сол қолымен пара алды.
Сөйтіп жүріп тұтылып,
Ісі сотта қаралды.
 
Хамелеон
 
Төмендегілердің алдында, Арыстандай айқайлайды. "Төбедегілердің" алдында, Қаншықтай қайқаңдайды.
Абай ҚАЖИ.
Әулиекөл ауданы.
 
Ұқсайды соған келбеті
    
Сағи Әбілхасенұлының облыстық "Торғай таңы" газетінің меншікті тілшісі кезі. Редакцияның бір бөлмесінде журналистер Жұматай Сабыржанов пен Жұмабек Жанділдин қарама-қарсы отырады. Бірде Сағидың көзі олардың алдарында жатқан суретке түседі. Оның төменгі жағында "Жұмабек – 20 ғасырдың жендеті"  деп әзілдеп жазылған екен. Осыған қарап Сағидың езу тартқанын сезген Жұматай: "Ағасы, осы жолға енді үш жол қосыңызшы" деп қолқа салыпты. Сонда Сағи:
 Жұмабек – 20 ғасыр жендеті,
 Ұқсайды соған келбеті.
 Сұмырайлардан осындай,
 Тазарса екен жер беті, –
деп жалғастырып жіберіпті.
 
Аман  бол
    
Сағи мұғалімдіктен зейнеткерлік-ке шыққанда әріптесі Қабдеш Қабжановтың 60 жасқа толуына жылға жуық уақыт қалыпты. Бір кездескенде Сәкең оған:
Пенсияға мен кеттім,
Жұмысты қойдым доғарып.
Мектепте жалғыз сен қалдың,
Обадай боп омалып.
Тілегім сол – аман бол,
Түйе іздеп кетпе жоғалып,–деп әзілдепті.
           
Оңашаны  пайдалану
    
Көтерме жол үстінің көп жері шоқалақ, жырым-жырым сай-сала. Арада бірер уақыт өткенде аспаннан төнген қара бұлт жаңбырын құя салады. Күн ашылып, ауа жаңарып, жер беті түрлене түседі.
Осы сәтте Сағидың күйеу баласы Аманғали Әуелбековтің: "Құм бо-раны басылды, айнала тамаша боп ашылды" деуі мұң екен, Сағи оған:
 Тамаша ғой айналаң,
 Жаныңда отыр қайнағаң.
 Ішем десең 100 грамм,
 Оңашаны пайдалан,– деп салады.
Бұдан кейін машина тоқтап, көк шалғынның үстіне дастархан жайылады.
 Ибраһим АҒЫТАЕВ.
 
Неге "Тобол" дейсің?
Стадионда футбол ойынын қызықтап, "Тобол", "Тобол" деп қиқулап отырған Қалпақбайды Қисық қолындағы газет орамымен бастан сарт еткізді.
– Не болды, әй, – деді ол көзі ақшиып, – не болды?
– Тоболың не, әй, сенің, Тоболың не?
– Енді өз командамызға жаным ашып жатқан жоқ па?
– Жаның ашымай кетсін, жаның ашыса аузыңды қисайтып, Тобол  демей, неге Тобыл демейсің?
– Ау, жұрттың бәрі "Тобол" деп айқайлап  жатқан жоқ па?
– Жұртта не шаруаң бар, әй, не шаруаң бар? Жұрт мәңгүрт шығар, жұрт жынды шығар. Сонда сен де жынды болмақсың ба?
– Осы сен-ақ қитықтан ситық шығарасың да отырасың. Өткенде "Тобол" "Иртышпен" кездескенде де "Тобол, Тобол" деп айқайлағанбыз.
– Әй, мәңгүрт, Иртышың не, әй, сенің, Иртышың не? Осы сен сияқты маубастар қазақтың әп-әдемі сөздерін "Иртыш", " Ишим" деп бүлдірді-ау. Иртышың – Ертіс, Ишимың– Есіл емес пе?
– Не дейді, Есіл дейді. Мұндай сөзді естіп көрмеппін. Дұрысы – Ишим ғой.
– О, жетесіз, дұрысы – Есіл. Оны тілі келмеген соң орыстардың, сен сияқты мәңгүрттердің бұрмалап алғаны емес пе? Қазақтың әп-әдемі сөздерін ауыздарыңды қисайтып, бұрмалайсыңдар да жүресіңдер.   Қашан қазақ боласыңдар?
Бірақ бұл сөз Қалпақбайдың қаперіне де кірген жоқ. "Тобол", "Тобол" деп қиқуға басып отыр.
 
Шүкен мен дүкен
 
Ауылда жалғыз дүкен бар,
Ішінде сатушы Шүкен бар.
Ол бар жерде, әрине,
Әңгіме-дүкен бар.
 
Бәленшенің қызы  қашып кетіпті,
Қырдан-қырға асып кетіпті.
Бәленшекең мас болып,
Көзіне моншақ жас толып,
Біреуді басып кетіпті.
 
Шүкеннің "радиостанциясынан",
Әр жаққа "хабар" тарай береді,
Заттары да еселеп өтіп,
Қолы да ақшаны санай береді.
 
Шүкеңнің "құлағын бұрасаң",
Затының түрін сұрасаң,
Ожаудың орнына қасық келіпті,
Жұртты күттірген себебі –
Күйеуінің арқасын қасып беріпті,
Табаға нанды басып келіпті…
 
Әкесіне тартқан
 
– Мына бала әкесіне тартқан,
Жүрісің көрсең ғой,
Аяғы талтаң-талтаң.
"Ішкенін" көрсең ғой,
"Бірдеңе" сұрап тұрғандай,
Көздері жаутаң-жаутаң.
 
Сылқым жеңгей
"Апай" десең,
Қасара қалады.
"Жеңгей" десең,
Көзі күлімдеп,
Жасара қалады.
 Қалжігіт СМАҒҰЛОВ.
Арқалық қаласы.
 
Суретші әзілі
карикатура на  у-сойкы 29
Суретті салған Бағдат Сардарбеков.
Арқалық қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓