Екпе егудің Исламдағы орны

Әлемдердің Раббысы болған Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар, пайғамбарымыз Мұхаммадқа (), оның отбасына және барлық сахабаларына Жаратушымыздың игілігі мен  сәлемі  болғай!
Елімізде бала дүниеге келгеннен бастап 16 жасқа дейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салдырылады. Әрине, бұл екпелердің көбісі ерікті, ал бірқатары міндетті болып келеді. Десе де, вакциналық екпе егуге байланысты қазіргі қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың () сүннетінде вакцинацияға анық тиым салынбаған және қандай да бір дерттің алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінген. Осы тұрғыда, аурумен күресудің бұл тәсілін қолдаған көптеген дәлел-дәйектерді табуға болады.
Жалпы әлі болмаған бәлені алдын алу дінге қайшы емес. Бұған Алла Елшісінің () «Кімде-кім, таңертең (Мәдинә қаласының) әжуа құрмасынан жеті данасын жейтін болса, сол күні оған сиқырдың және удың зияны жетпейді»,-деген хадисі дәлел болады. 
Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың () дүние есігін жаңадан ашқан нәрестеге қатысты жасалатын сүннетіне қарайтын болсақ, қазіргі күннің екпесіне ұқсас амалды көруге болады. Ол да болса «тахник» сүннеті. Яғни. нәрестенің әкесі немесе ізгілер қатарынан болған бір кісі, өзі шайнаған құрманың сөлін алып, баланың таңдайына жағып, ары-бері жүргізеді. Үлкен адамның сөлінде аз мөлшерде микробтардың болатындығы белгілі. Осылайша, түрлі микроб-вирустарға қарсы иммунитеті жасанды түрде (қолдан) күшейтіледі.
Бір жамандықтың алдын алу шаралары Аллаға тәуекел етуге қайшы келмейді. Керісінше, Алла Елшісі (), түйесін еркіне жіберіп қойып, тәуекел етемін деген кісіге: «Түйеңді байлап қойып, сосын тәуекел ет»,-деген. Хазіреті Омар (Алла одан разы болғай) індеттің алдын алу, сақтық шараларын жасауды «Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашу» деп түсіндірген. Себебі, ауру да, ауырмау да Алланың тағдырынан болып табылады.  
Алла Тағаланың адам баласына берген құнды нығметтерінің бірі – денсаулық. Бұл Жаратушы Иеміздің бізге берген ұлы аманаты. Сондықтан әрбір мұсылман баласы, денсаулыққа зарар келтіретін кез-келген зиянды нәрселерден қолдағы бар мүмкіндікті пайдалану арқылы сақтанып, өз-өзін құрдымға кетірмеуі қажет.
Бұл жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп баян етеді:
«Және өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер» (Бақара, 195-аят).
Ислам дінінде сонау Мұхаммад () Пайғамбарымыздың кезінен бастап медицинаға айрықша орын берілген. Ислам науқастанған адамды ем іздеуге шақырады. Анастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі () былай дейді: «Расында, Құдіретті де Ұлы Алла Тағала қандай да бір дертті жаратқан уақытта, сол дерттің дауасын да қоса жаратқан. Сондықтан ауырсаңдар, дереу емделіңдер Усама ибн Шариктен (р.а.) жеткен бір риуаятта, ардақты Пайғамбарымыздан () бір бәдәуи: «Уа Алланың Елшісі! Науқастанып қалсақ, емделейік пе? – деп сұрағанында, Ол ()«Әрине. Ей, Алланың құлдары, ауырсаңдар, емделіңдер! Расында, Алла тек бір ғана дерттен басқа кез-келген індетті, шипасымен қоса жаратқан»,-деді. Сонда әлгі бәдәуи: «Ей, Алланың Елшісі жалғыз дауасы жоқ ол қандай дерт?»-деп сұрады. Бұл сауалға Пайғамбарымыз (): «Кәрілік»,-деп жауап берді (Имам әт-Тирмизи риуаят етті). 
Сириялық ғалым Мухаммад Ротиб ән-Нәбулси дәрістерінің бірінде адам иммунитетінің жұмыс істеу жүйесін түсіндіріп былай дейді: «Иммунитет ерекше қызық жаратылыс екен. Оны аурумен күресуде бес топтан тұратын әскерге ұқсатуға болады. Бірінші топ дененің вирус, микроб түскен жеріне барып, вирустың кодын алып, антивирус жасайтын екінші топқа әлгі кодты табыстайды. Екінші топ сол код бойынша қарсы қару жасайды. Үшінші топ сол қарумен барып вирус түскен жерде шайқасады. Ең қызығы иммунитеттің мәліметтер сақтау қоймасында әр бір адам денесіне түскен вирусқа жеке папка ашылады. Ішінде вирустың коды және оған қарсы қару. Әлгі вирус отыз жылдан кейін қайта түссе папкада сақтаулы тұрған код бойынша қарсы қару іске қосылады. Егер иммунитетте осы есте сақтау қабілеті болмағанда екпе егудің түкке де пайдасы болмас еді. Мұны білген адам екпені де түсінеді деп сенемін».
Сауд Арабиясы қажылық сапарына аттанатындарды менингитке қарсы екпе алуға міндеттейді. Әлемнің өзге мұсылман елдеріндегі ғұламалар карольдіктің бұл талабына қарсы емес. Бір жағынан бұл вакцинаның құрамында діни тұрғыда қолдануға тыйым салынған заттар жоқ. Орайы келгенде айта кететін жайт: вакциналық екпенің құрамында шариғат бойынша харам деп есептелетін спирт, доңыз және басқа да еті желінбейтін жануардың еті, майы, қаны және т.б. заттардың болмауы тиіс.
Ал енді вакцинаның залалына келер болсақ, олар: «Уақытша ыстықтың көтерілуі, кері әсерлері және т.б. Бұларды алдын-алып жатқан дерттің зиянымен салыстырылуы қажет. Себебі, екпе егу адам баласының өліп кету қауіпі бар дерттің алдын-алу үшін жасалатын дүние. Бұл болса шариғаттың: «Екі залалдың кішісін таңдау» қағидасына сүйеніп жасалады». (әл-Ашбаа уәл Назааир, әл-Субки,1/45).
Қорытындылай келе, Ислам шариғатында екпе егуге арнайы тиым жоқ екендігі мәлім болды. Дегенмен, екпені қабылдау әр адамның өз құзырына қалдырылатындығы сөзсіз. Алла Тағала баршамызды пайдалы біліммен арттырсын, өмірімізді ұзақ, иманымызды толық қылсын. Әмин!
 
Тәжімбет Бақытбек Нұрғабылұлы,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓