Үш нысанның атауы өзгереді
Федоров ауданындағы екі мектептің және Қостанай қаласындағы бір көшенің атауы өзгереді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында айтылды.
ҚР Парламеті мәжілісінің бір топ депутаты және облыстың зиялы қауым өкілдері Қостанай қаласындағы Василий Чекмарев атындағы көшеге көрнекті қоғам қайраткері Орал Мұхамеджановтың есімін беру жөнінде Қостанай қаласы әкімдігі атына 2019 жылғы 30 қазанда ұсыным хат жолдаған еді. Аталған мәселе 14 қарашада өткен Қостанай қаласы мәслихатының тұрақты депутаттары комиссиясының бірлескен отырысында қаралып, бастама бірауыздан қолдау тапқан-ды. Енді бұл ұсыныс Үкімет тарапынан да мақұлдауға ие болып отыр.
"Көшені қайта атау туралы облыс әкімдігінің ұсынымы ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның отырысында қаралып, толықтай қолдау тапты. Облыс әкімдігінің бірлескен қаулысымен облыстық мәслихаттың шешімі жобасына мүдделі органдардың және Әділет департаменті келісімдерін алу бойынша барлық процедуралар жүзеге асырылды. Бірлескен қаулы мен шешім жобасын мәслихаттың сессиясында бекітуге ұсынып отырмыз", – деді облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Гүлжан Мендекинова.
Мұнымен қоса, Федоров ауданындағы Димитров атындағы №1 орта мектепке Абай Құнанбаевтың атын, №2 орта мектепке Ыбырай Алтынсариннің есімін беру ұсыныстары жария етілді.
Мәслихат депуттаттары аталған ұсыныстарды бірауыздан қолдады.