«Мың бала» жобасы бастау алды
Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық олимпиадасы белсенді және талантты жастарды қолдау бойынша «Ел Үміті» бастамасы шеңберінде іске асырылуда.
«Мың бала» олимпиадасының мақсаты – ауылдық жерлердегі оқушылардың қабілетін дамыту үшін тең жағдай жасау. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялаған 2022 жыл аясында шалғай өңірлерден келген оқушылардың әлеуетін қолдау өзекті болып отыр.
Олимпиада үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Олимпиаданы «Елбасы Академиясы» КҚ Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен, ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп өткізеді.
-Жалпы еліміз бойынша екі жыл ішінде Олимпиадаға ауыл мектептерінен 445 мыңнан астам оқушы қатысты. 4320 ауыл мектебі қамтылды. Әр өңірден келген ауыл мектептерінің 638 оқушысы жетекші мектептерде тегін оқуға мүмкіндік алды, тағы 6 100 оқушы онлайн-форматта білімін қосымша жалғастырды.
Екі жыл ішінде Қостанай облысында 5-6 сыныптардың 103 оқушысы олимпиада жеңімпаздары атанды. Олимпиадада 3384 оқушы қамтылды. Қазіргі таңда 11 оқушы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқуын сәтті жалғастыруда. Биыл қатысушылардың саны 7000 дейін өседі деп күтеміз, – дейді «Қостанай дарыны» ӨҒПО аға әдіскері Бағлан Ақанбаев.
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының міндеттерінің бірі – қала мен ауыл мектептері арасындағы оқытудағы алшақтықты қысқарту екені бәрімізге мәлім. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. «Мың бала» олимпиадасы осы мәселені шешуге бағытталған жобалардың бірі.
Сондықтан біз мұғалімдердің, ата-аналар мен оқушылардың назарын «Мың бала» олимпиадасына аударғымыз келеді. Олимпиада қорытындысы бойынша ел бойынша 1000 жеңімпаз анықталады. Олар еліміздің жетекші мектептерінде – Республикалық физика-математика мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейінде және «Дарын» мамандандырылған мектептерінде оқуға мүмкіндік алады, тағы 5000 оқушы қосымша сабақтарды онлайн оқиды.
-Мамандандырылған мектептердегі орындар ҚР заңнамасында белгіленген квотаға сәйкес бөлінеді. Өз тарапымнан, біздің өңірде ауыл оқушыларының олимпиадаға қатысуы үшін барлық жағдайдың жасалғанын, қолжетімді болғанын ерекше атап өткім келеді. Бірінші кезекте олимпиадаға қатысу үшін 1000bala.elbasyacademy.kz сайтында тіркелу қажет. Тіркеу 2022 жылдың 19 ақпанынан 20 наурызына дейін жүргізіледі, – дейді Бағлан Ақанбаев.
Естеріңізге сала кетейік, «Мың бала» олимпиадасына соңғы екі оқу жылында Қазақстанның ауылдық мектептерінде білім алып жатқан 5 және 6 сынып оқушылары ғана қатыса алады. Олимпиада екі кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең онлайн форматта өтеді. 4-8 сәуір аралығында таңғы 9:00-ден кешкі 21:00-ге дейін 1000bala.elbasyacademy.kz сайтында тестілеуден өту керек. Тестілеу екі бөлімнен тұрады: «Логикалық ойлау» және «Кеңістіктік ойлау». Тестілеу 40 сұрақтан тұрады, шамамен 60 минутты алады.
Тестілеуден смартфоннан, планшеттен немесе интернет желісіне қосылған компьютерден өтуге болады. Сондай-ақ, қатысушылар тестілеуден өз мектептерінде немесе «Дарын» орталықтарында өте алады.
Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған бес мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне өтеді.
Олимпиаданың екінші кезеңі 27-29 сәуір аралығында өтеді. Тестілеу «Ustudy» өңірлік тестілеу орталықтарының базасында өтеді, біздің өңірде бұл орталықтар Қостанай, Лисаков, Арқалық қалаларында орналасқан.
Оқушылар дайындалу үшін бірінші және екінші кезең тапсырмаларының үлгісі дайындалды, оларды 1000bala.elbasyacademy.kz сайтында жүктеп алуға болады.