Ананың кең жүрегі

Сіз бірден төрт баланы бауырыңызға баса алар ма едіңіз?! Былай қарап тұрсаңыз, соншалықты қиын сұрақ болмаса да қай-қайсысымыз жауап таба алмай, ойланып қаламыз. Тіпті оны-мұныны ойлап, сылтау іздей де бастаймыз-ау. Себебі қамқорлыққа зәру болған төрт бірдей бүлдіршінді қатарға қосу оңай емес. Ал бүгінгі кейіпкер ананың кең жүрегі қанша баланы болсын қабылдауға дайын екенін көрсеткендей.IMG_8050
            Мереке қарсаңында Кәмшат пен Бекболаттың отбасына бардық. Есік ашылсымен бізді жан-жақтан шүпірлеген балалар қарсы алды. Ортасында аналары жүр. Бірі сөмкемізді, бірі киімімізді алып, қолдан-қолға түсірер емес. Тіптен өзіміз де қысылып қалғандаймыз. Төрге кең етіп дастарқан жайып, асыға күтіп отыр екен. Балаларға бәрі қызық қой. Үстеріне әдемі көйлектерін киіп алып, жүгіріп жүр. Кәмшат: “Менің сары қызым, қара қызым, қоңырым” деп қояды. Үш қызы тетелес. Үлкендері Айзада 6-сыныпта оқиды. Одан кейінгісі Аружан 4 оқиды және томпиған пұшық мұрын қыз Гүлсезім 3-сыныпта. Қыздар аналарының қасында. Бірі нан салып, бірі ыдысты алып, әйтеуір үпір-шүпір көмектесіп жатыр. Бірақ бәріне бас-көз болатыны – Айзада. Оны кішілер жағы тыңдауы тиіс. Анасы жоқта асүйде де басшы сол.IMG_8002
            –Біздің балалар қонақ келеді дегенді естісе қатты қуанады. Кім келсе де осылай қарсы алады. Қыздарым өсіп қалды. Ақырындап бәрін өздері үйреніп, мен жоқта істей береді. Қолдың ұзарғаны деген осы екен, – деп күледі Кәмшат апамыз.
            Отағасы Бекболат аға ұлдарға жауапты. Үлкендері Дархан 23 жаста, ол енді үлкен жігіт. Бүгінде жұмыс істеп, үйленуді де ойлап жүрген азамат. Одан кейінгісі Райымбек, ол колледж студенті. Болашақ медицина маманы. Жәнібек 18 жаста, інісі Дәулет 5 сынып оқушысы. Міне, бұл үйдегі барлық бала осы.  IMG_8027
            Дастарқан басында қаз-қатар тізіліп, отырмыз. Әңгімеміз – балалардың тәрбиесі. Қыздар жағы не істей алатындарын айтып жатыр. Ұлдар жағы, ересектеу болған соң ба, үндей қоймайды. Отбасының күнделікті тірлігі де осылай басталады.IMG_8030
            –Шынымды айтсам, ешқашан өзгенің баласын бауырыма аламын деп ойлаған емеспін. Өзіміздің үш баламыз бар ғой. Олар ержетті. Дархан мен Райымбек есейгенде Аружан қызымыз туды. Ағалары үлкен болған соң ба, жалғызсырайтын. Балаға бала керек, – деп бастады әңгімесін Кәмшат. – Бәрі де ойламаған жерден, аяқ асты болды. Қазір тіптен қалай болды деп Бекболат екеуміз бір-бірімізге таңырқай да қараймыз. Өзім Қостанай ауданында әкімдікте жұмыс істеймін. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысымын. Осы жұмыс бойынша қаншама отбасын аралаймыз. Қаншама бала алдымыздан өтеді. Түрлі себептермен балалар отбасынан ажырап жатады. Сол күн әлі есімде, жұма болатын. Кезекті жұмыспен кетіп бара жатқан едік. Қасымда тағы екі қызметкер бар. Олар өзара “бір отбасында төрт бала қараусыз қалыпты. Ата-аналары құқығынан айырылған. Анасы қайда жүргені белгісіз, әкесі де сондай, балаларына обал болды, қазақтың  балалары ғой” деп әңгімелесе бастады. Тыңдап отырып, мен де сөзге араластым. Неге екенін білмеймін, сол балаларды көргім келді. Бардық, балаларды көрдім. Оларды орталыққа алып келді. Сол күннен бастап балалар есімнен кетпей қойды. Бір айдың ішінде оларды ешкім алмаса бауырларды ажыратып, әр жаққа жібереді. Облыс көлеміндегі балалар үйлеріне бөліп, орналастырады. Одан әрі қарай не боларын өзіңіз де біліп отырсыз ғой. Содан бастап менен маза кетті. Бар ойым қалай болады екен, балаларға қиын болатын болды-ау деп мазам болмай жүрді. Бір күні ойымды ақырын ғана Бекболатқа айттым.
            –Ал мен орысша тәбиеленген жанмын. Отбасымызда көп балалы болсақ та қалай адам біреудің балаларын ала алады? Тіптен бұл мәселеге ойланып та көрмеген екенмін. Кәмшат айтқанда алғашында қарсы болдым. Бала тәрбиелеу оңай емес. Ол – үлкен жауапкершілік. Арты қалай болады? Біз дұрыс тәрбие бере аламыз ба?.. Әйтеуір неше түрлі ой мазалады. Кәмшат қоймай айта берген соң көңілін қимай барып, танысайыншы деп ойладым. Бардық. Балаларды көрдім. Кішкентайлар жағы бірден “папа, мама” деп бізді құшақтап жатыр. Жүрегім езіліп кетті. Тек үлкені Айзада, есін біліп қалған, “бармаймыз, папамызды күтеміз” деп қарсылық білдірді. Содан менің де мазам кетті. Алмайын десем балаларға обал, қалай қиып тастап кетесің. Ойласа келе, екеуміз бір күні арнайы қызметкердің қарауымен балаларды үйге танысуға алып келдік. Балалар мәз-мейрам болып, үйді ұнатып, қаламыз деп шешті. Сол кез осыдан екі жыл бұрын айт мерекесі болатын. Қасиетті мерекеде үйіміз аяқ асты балаға толып, тиісті құжаттарды тапсырып, көп балалы болып шыға келдік. Бұл жаңалығымызды туғандарымыз да білмейтін. Балаларды әкелген соң бәріне айтып, таныстырдық, – дейді отағасы Бекболат аға.
            Содан бері екі жылдан астам уақыт өтіпті. Екі жыл ішінде балалар да өсті. Көп дүниені үйренді. Баланың жазығы жоқ. Отбасында тәрбие алмаған соң балаға кінә артуға бола ма? Отбасы жылуын сезінді, еңбек етуді, бірін-бірі бағалауды білді.
            –Алғашқы жыл біз үшін өте қиын болды. Кәмшат екеуміз екі жақтан балаларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйретумен болдық. Қазір шүкір, балалар ешкімнен кем емес. Биыл ұлдар бірігіп, есіктің алдына монша салып алдық. Екі үлкен ұл ер жетті ғой. Менің қазіргі оң қолым мен сол қолым осы – Жәнібек пен Дәулетім. Екеуі шаруаға бейімделіп алды. Адамды еңбекпен, тәртіппен тәрбиелеу керек деп ойлаймын. Қыздарым қандай пысық. Үшеулеп кіріскенде аналары риза болып отырады. Жаз келсе, бәріміз бірігіп бау-бақша саламыз. Балаларды біз патронатқа алғанбыз. 18 жасқа жеткен соң кетеміз десе, өздерінің қалауы. Тектері де өздерінде. Рулары – Тағышы. Біз оны үнемі айтып отырамыз. Адам шыққан тегін ұмытпауы тиіс. Біздің ең басты арманымыз – панасызға пана болу, біздің еңбегімізді ақтап, жақсы адам болып, өмірден өз орындарын тауып жатса болғаны. Одан асқан арман жоқ. Ешкімді де бөле жармаймыз. Біз үшін бәрі бірдей. Әкелері 11 ағайынды екен. Солардың бірінен хабар болмаған. Соңғы рет әкесінің қарындасы қамқорлыққа алған деседі. Ол кісі өмірден кеткен соң қайырым берер ағайын болмаған соң не шара. Бірақ өмірде қайырымды азаматтар бар. Бауырымызға басамыз, ержеткіземіз, дұрыс тәрбие береміз. Тек баланың санасына берсін, жақсы адам болса екен. Бар тілегім осы, – дейді отағасы оңаша қалғанда. Бекболата аға ішкі істер саласының зейнеткері. Қазір күзетшілік жұмыста екен.
            –Осы жұмыста жүріп талайды көрдім. Қаншама бала отбасы жылуын көре алмай жатыр. Оладың ертеңі не болар екен деп ойға батамын. Қазір қиын-қыстау заман емес. Шүкір, бәрі бар. Жетім қалған әр баланы әр отбасы бөліп алып, тәрбиелесе олар тасбауыр болмас еді. Үкіметтен көмектер беріліп тұрады. Бірақ, бастысы, олар өте бауырмал. Бір-біріне жаны ашып тұрады. Үлкені Жәнібектің денсаулығында азғантай кінәрат бар. Қалған үшеуі Айзада, Дәулет, Гүлсезім сабақтарын жақсы оқиды. Пысық. Алғыр. Енді осы тәрбиеміз жемісін беріп, балалар өмірден өз орындарын тапса деген тілек біздікі. Әйтпесе, осы ісімізді елге жария етейік, көрсетіп қалайық деген ой мүлде болған емес. Журналистер келеміз дегенде балалардың жүрегін жараламау үшін үнемі келісім бермейтінбіз,  – деген ойымен бөлісті Кәмшат.IMG_8043
            Міне, төрт балаға пана болған отбасының тірлігі осындай. Бұл балалар күні ертең-ақ өсіп, бір-бір үйдің иесі, ат жалын тарта мінер азаматы болады. Сол кезде ұлдарын ұяға, қыздарын қиыға қондырған Бекболат пен Кәмшат апамыз сол ұрпақтың рақатына бөленер. Өздері қолмен салған мынау кең үйдің іші бала күлкісіне толғанда ғана жылиды емес пе. Ананың кең жүрегі бала деп соғатыны анық. Ендеше, қандай жағдайда да аяулы ананың ыстық алақаны мен әкенің қамқорлығынан балаларымыз ада болмасыншы.
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓