Мәселе – ауылдағы маман тапшылығы

Сенатор Ләззат Сүлеймен жоғары оқу орындарының жас түлектеріне арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тартымдылығын арттыру үшін оны өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында бірқатар нақты шараларды да атап көрсетті. Бұл жобаның тиімділігіне тоқталған сенатор, бағдарламаға қатысушылардың кейіннен ауылда тұрып жатқанын айта келе, кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып отырғанын алға тартты.
«Орналасқан мамандар білім саласына, денсаулық сақтау саласына тиесілі. Проблемалар да баршылық. Біріншіден, мәдениет, спорт, әлеуметтік, агроөнеркәсіп салаларына орналасқан мамандар саны өте аз», – деді сенатор палатаның жалпы отырысында.
Сондай-ақ, депутат Ұлттық экономика министрлігі жүргізіп жатқан тәжірибені де назардан тыс қалдырмады. Атап айтқанда, бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемін қысқарғанына тоқталды. Бұл көбінесе жобаға қатысушылардың тиісті төлемдерсіз қалуына әкеледі. Мәселен, өткен жылы Батыс Қазақстан облысында өтініш бергендердің 70 пайызы ғана тұрғын үй сатып алуға несие ала алған болса, қаржы тапшылығы 757 миллион теңгеден асқан. Осы және басқа да бірқатар жүйелі мәселелерді шешу үшін сенатор Үкіметтің қарауына бірқатар нақты шараларды ұсынды.
«Мамандарды ынталандыру мен жергілікті жерлерде бекітуді ауылда ғана емес, моноқалаларда да іске асыру керек. Сондай-ақ бүгінгі экономикалық жағдайды ескеріп, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарына сәйкес, көтерме жәрдемақы және тұрғын үйге берілетін бюджеттік несие мөлшерлерін ұлғайтуды қарастыру қажет. Өңірлердің қажеттілігін нақты ескеріп, тиісті талдау өткізу, қолдау салаларының тізімін кеңейту, қаражат бөлудің, пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету, көмек беру бағыттарын кеңейту маңызды», – деді сенатор.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓