Оқушылар екпе салдырып жатыр

Коронавирус инфекциясынан қорғанудың жалғыз әрі дұрыс жолы, қауіпсіз әдісі вакцина екенін тарихи тәжірибе мен осы күннің көрінісі дәлелдеп отыр. Екпе алу індеттен жүз пайыз қорғамағанымен, ауруды жеңілдететіні анық.
Федоров аудандық ауруханасының мобильді дәрігерлер тобы Ленин мектебіне барды.Мұнда 13 бала Pfizer Comirnaty вакцинасының 1 компонентін алды. Қазіргі уақытта мектепте 19 оқушы екпе салдырған. Тағы бірнеше бала жақын арада иммундау науқанына қатысуға ниет білдірген.
Мектепте ата-аналармен, мұғалімдермен, медицина қызметкерімен балаларды вакциналау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмысы тұрақты жүргізіледі. Оған Ленин ауылдық округінің әкімі Абай Сейдахметов те қатысып тұрады.
«Вакцинация бәрімізге қажет. Өйткені ол балаларымызды қорғауға мүмкіндік береді. Екпе салдырмаған адам қатты ауырады. Тіпті соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Сондықтан, ата-аналарды, балаларды денсаулығымызды ойлауға шақырамын», – дейді Ленин мектебінің директоры Б.Бейсенов.
Бұл сөзді Анар Сәтбаева да қуаттады. Ол 7-сынып оқушысы Наргиз Сәтбаеваның анасы.
«Ата-ана ретінде баламды қорғауға міндеттімін. Коронавирустың өршуі өмірімізге қорқыныш пен белгісіздік әкелді. Осыдан арылу үшін балаларды вакцинациялау өте маңызды. Вакцина ауыр аурулардан қорғайды. Баршаны вакцинацияны белсенді түрде жалғастыруға және одан қорықпауға шақырамын. Бұл денсаулығымыз бен болашағымыз үшін керек», – дейді ол.
Болашақ – жастардың қолында. Олардың арасында насихат жүргізу де бүгінгі жұмыстың бір бөлігіне айналды. Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының м.а. Нұргүл Қоңқастың айтуынша, қазіргі жағдайды ата-аналар да, балалар да біртіндеп түсініп келеді.
«Ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің қалауы бойынша балаларына Pfizer вакцинасын сала алады. Мектебімізде 12-18 жас аралығында барлығы 12 оқушы вакцинациялаудан өтті», – дейді Н.Қоңқас.
Ата-аналар қатарынан Жұмагүл Ысмағұлова пікір қосты: «Жасөспірімдерді вакцинациялауға қарсы емеспін. Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектепте оқитын балаларым Сұлтан мен Зарина Pfizer вакцинасын алды. Білім ошағы осы вакцина туралы толыққанды ақпарат берді. Балаларым екпеден кейін өздерін жақсы сезінді. Елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау тегін әрі ерікті түрде жүргізеді. Басқа ата-аналарды балалардың денсаулығын ойлап, вакцинациялаудан өтуге шақырамын».
Асыл ҚАСЫМ
Федоров ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓