ӨНЕРКӘСІП АЛПАУЫТТАРЫНА САЯХАТ (фоторепортаж)

Қостанайдың машина жасау зауыттары қазақстандық журналистер мен блогерлерге Ашық есік күнін өткізді. Ақпарат саласының мамандары "АгромашХолдингК Z", "СарыарқаАвтопром" және "KamLitKZ" кәсіпорындарының тыныс-тіршілігімен етене танысып, ондағы қызу жұмыс, қайнаған еңбекті көздерімен көрді. Өнеркәсіп орындарының басшылары компаниялардың даму кезеңдері мен келешек жоба-жоспарларынан хабардар етті.
 
Өзімізде өндіріледі
Баспасөз турына қатысушы жиырма шақты мейман әуелі Локализациялық орталыққа барды. Былтыр іске қосылған зауыт – өндірісті оқшауландыруды ұлғайтуды қолға алған ел жүзіндегі алғашқы ауқымды жоба. Мұнда металл құю, пішу, ию, дәнекерлеу, бояу, пластик компоненттерін өндіру сияқты түрлі өндірістік процесс іркіліссіз жүріп жатыр. Кәсіпорын жұмысын "АгромашХолдингК Z" АҚ бірінші вице-перзиденті Динара Шүкіжанова бүге-шігесіне дейін таныстырды.  Аумағы 36 мың шаршы метрді қамтып жатқан алаңда әмбебап шеберханалар, заманауи құрылғылар, оқу орталығы, әкімшілік-тұрмыстық кешен және зауыт жұмысшыларына арналған жатақхана бар.
Ал өндіріс деректеріне келсек, былтыр зауыт комбайндарға, тракторларға және аспалы техникаға арналған 597 дана бөлшек, сондай-ақ агрегаттар мен тораптар шығарған. Ал осы күнге дейін, су және май сорғыларын қоса алғанда, 13 183 бөлшек пен торап өндіріпті.
"Айта кету керек, "АгромашХолдингК Z" өнімдері қатарына ESSIL астық және жем-шөп жинайтын комбайны, 220 ат күшіне тең қуаты бар LOVOL тракторы, Deutz-Fahr комбайны мен "Кировец" тракторы, "Алтын дән" сепкіштері, сондай-ақ аспалы және тіркемелі техника кіреді. Былтыр 530 трактор, 406 комбайн шығарылды. Бүгінгі таңда локализация деңгейі 34-тен 43,3%-ке артты", – дейді Д.Шүкіжанова.
Биыл зауыт 500 "Кировец" тркаторын, 480 "Есіл" комбайнын, 800-ге жуық қытайлық брендті трактор шығаруды жоспарлап отыр.
Газетімізде бұған дейін де жазғанымыздай, зауытты салуға 6 млрд теңге жұмсалған. Қаражаттың тең жартысы құрылыс жұмыстарына, қалғаны техникалық жабдықтар сатып алуға бағытталыпты. Вице-президенттің айтуынша, бұл қаржы 7 жылда ақталуға тиіс.
 
Жеңіл көлік жеңіл жолмен құралмайды
Қазір ел ішінде "машина құрастыру зауыттары дайын келген көлікке дөңгелек қана тағады" дегенге ұқсас стереотип қалыптасып барады. Бұл, әрине, жаңсақтау пікір. Зауытқа қаңқасы да, "ішкі құрылыстары" да жеке-дара бөлшектеліп келетін көлікті мінсіз етіп құрап шығару – оймен болжап, ауызбен айтқандай оңай іс емес. Бір ғана темір тұлпарға "жан бітіру" – үлкен процесс, орасан зор операция. Бұған "СарыарқаАвтоПром" зауытына барған қонақтар анық көз жеткізді.
"Әлемдегі көлік құрастыратын зауыттардың ешқайсысы бөлшектерді өздері өндірмейді. Тапсырыспен жасатып алдырады. Біздің кәсіпорындағы жағдай да соған ұқсас. Әр көлік маркасының тетіктерін өзара келісімшарт аясында әртүрлі шетелдік зауыттардан алдырамыз, – деді "СарыарқаАвтоПром" ЖШС директоры Сырым Семейбаев зауыттың әрбір цехін, олардың ірілі-ұсақты жұмыстарын таныстыра жүріп. – Бастысы, көліктер барлық шеберханадағы білікті мамандардың қолынан өтіп, жоғары технологиялы қондырғылардың көмегімен құрастырылады… Жалпы, негізгі мақсатымыз – халықаралық сапа нормаларына сәйкес келетін бәсекеге қабілетті өнімдер шығару ".
Бүгінгі таңда мұнда Chevrolet, Kia, Lada, Renault, UAZ, SAZ  сияқты бренд автомобильдер құрастырылады. 2021 жылы 60 мыңнан астам көлік өндірілген. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2020 жылы 40 050, 2019 жылы 25 875 темір тұлпар нарыққа шығыпты. Осылайша, соңғы көрсеткішке сүйенсек, Қостанай автозауытының Қазақстан нарығындағы үлесі 61%-ке жетіп отыр.
Кәсіпорынның экспорттық әлеуеті де артып келеді. Былтыр 7 593 автокөлік экспортқа шығыпты. Атап айтқанда, біздің көлікті тұтынушы елдер қатарында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Беларусь бар.
Директордың айтуынша, биыл зауыт Chevrolet Nexia өндірісін іске қосқалы отыр. Жоспар бойынша, жылына 30 мың данадан шығарылмақ. Мұнымен қоса, осы жылы Kia Sportage (жылына 15 мың дана), Lada Granta (жылына 10 мың дана) маркалы көліктерді және CKD (ұсақ торапты) жиынтығы өндіріледі.   
Жалпы аумағы 86 мың шаршы метр болатын зауытта 7 цех бар. Онда ұзын саны 2 мың адам жұмыс істейді. Жұмысшыларды автобуспен алып келіп, апарып тастайды. Тамақтану тегін. Сондаызметтегі мамандарға және жаңа кадрларға "SAP University" корпоративті  униерситетінде біліктілігін арттыруға мүмкіндік ашылған.
Кәсіпорын басшысы журналистер мен блогерлерді қызықтырған барлық сұраққа жауап берді. Мәселен, ол отандық көліктер бағасының қымбаттығын доллармен салыстырғандағы теңгенің құнсыздана түскенімен түсіндірді. Өнімдердің өздік құны, оған қосылатын үстеме пайыздар және басқа да есеп-қисаптар тұрғысында ақпарат берді.
 
Қазығы – Индустриялық аймақта
Ақпарат саласының мамандары ат шалдырған келесі нысан – "KamLitKZ" кәсіпорыны. Ресейдің ең ірі автокөлік корпорациясы саналатын "КАМАЗ" ЖАҚ-мен бірлесе іске асырылғалы отырған зауыт Индустиялық аймақта салынып жатыр. Мұнда алдағы уақытта жүк көліктерінің құйма шойыны мен негізгі берілісіне жауапты бөлшектері өндіріледі. Ал ол өнімдер екіжақты оффтейк келісім-шарттар негізінде Татарстанның Набережные Челны қаласындағы "КАМАЗ" ЖАҚ бас конвейеріне жіберілетін болады. Осылайша, қазақстандық кәсіпорын КАМАЗ өндірісінің жаһандық тізбегіне қосылмақ.
Болашақ зауыттың жобалары мен жоспарлары туралы ақпарат берген "KamLitKZ" ЖШС бас директоры Владислав Пастушенко құйма шойын өндірісі 2023 жылы іске қосылатынын айтады. Бастапқыда жылдық қуаты 45 мың тонна болады деп болжанып отыр. Мұнда цилиндр блоктары, олардың бастиектері және жүк көліктеріне арналған белдік картердің арқалықтары құйылмақ.
"Ал 2024 жылы жылына жүк көліктерінің жетекші белдіктеріне арналған 74 мың дана репродуктор өндіретін желіні іске қоу жоспарда бар. Сайып келгенде, бұл қазақстандық өндірісті жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, өңірде мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді", – дейді В.Пастушенко.
Қазір Набережные Челны қаласындағы "КАМАЗ" кәсіпорнында 48 қостанайлық жас маман өндірістің қыр-сырын игеріп, біліктерін арттырып жатыр. Олар екі жылдан кейін толық өндірістік қуатқа көшетін осы "KamLitKZ" зауытына дап-даяр маман болып оралып, жұмысқа орналаспақ. Бірақ, серіктестік директоры кадр мәселесі бәрібір өзектілігін жоймайтынын айтады. Өйткені мұнда келешекте мың қаралы жұмысшы қажет болады. Әйткенмен, жастарды техникалық мамандыққа машықтандырып жатқан жергілікті оқу ордалары осы сұранысты қанағаттандырар деген үміт бар. 
 
Кадрлар шеберханасы
Облыста дуальді оқыту жүйесін алғашқылардың бірі болып Қостанай автомобиль көлігі колледжі енгізді. Атап айтқанда, жергілікті «СарыаркаАвтоПром» ЖШС, «АгромашХолдинг» АҚ, «Қостанай трактор зауыты» ЖШС-мен тығыз қарым-қатынас жасайды. Бұл кәсіпорындар базасында студенттерге кәсіби практикадан өтіп, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік ашылған. Ал соңғы екі жылда мұнда "КАМАЗ" ЖАҚ-мен арадағы меморандум аясында "KamLitKZ" зауыты үшін мамандар даярлау қолға алынды. Қазір оқыту процесі қалай жүріп жатыр? Колледждің базалық қамтылымы қандай деңгейде? Осы реттес сұрақтарға ақпарат әлемінің жауынгерлері колледжге арнайы барып жауап тапты. Қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова мен оқу орнының директоры Николай Дергун қарсы алды. Әуелі колледждің арғы-бергі тарихы, жетістіктері мен жоспарлары баяндалып, ізін ала студенттер теориялық және пркатикалық оқытудан өтетін бөлімдер таныстырылды.
"Қазір мұнда 1300-ден астам студент ақысыз негізде техникалық білім алып жатыр. Колледж базасында білікті маман даярлап шығуға қажетті барлық мүмкіндік қарастырылған. Оның үстіне, студенттеріміз жергілікті автоөнеркәсіп зауыттарында ақылы тәжірибеден өтіп тұрады. Яғни 4-5 апталық тәжірибе кезінде оларға 80 мың теңгеден төленеді. Негізі, түлектеріміздің тек "KamLitKZ" зауыты үшін ғана емес, өз мамандықтары бойынша кез келген жерде жоғары сұранысқа ие болатынына күмән келтірмейміз", – дейді колледж директоры.
Ал енді тілші-блогерлердің "болашақ зауыттың мамандарын қазақ тілінде оқытуға неге басымдық бермеске?" деген сұрағына Бақыт Амангелдіқызы сапалы жазылған қазақтілді оқулықтардың жоқтығы кедергі екенін айтты. Бірақ оның да шешімі қарастырылып жатыр екен.
"Мойындауымыз керек, қазақ тілінде жазылған кәсіптік мамандыққа қажет оқулықтардың жетіспеушілігі – өте өткір мәселе. Әзірге сапасы сан жылдар бойы сыннан өткен орыстілді оқулықтармен жұмыс істеудеміз. Бірақ, кәсіптік-техникалық мамандық кітаптарын мемлекеттік тілге аудару ісін "Аllur" компаниясы қолға алғалы жатыр. Демек, бұл мәселені біртіндеп шешуге алғашқы қадамдар жасалмақ", – деп жағымдық жаңалық айтты облыс әкімінің  орынбасары.
Айта кету керек, былтыр ғана колледж студенттеріне 500 орындық жатақхана салынды.  9 қабатты ғимарат құрылысына 1,3 млрд теңге жұмсалған еді. Бастысы, өзге өңірлерден келетін студенттердің баспана мәселесі толығымен шешіліп отыр…
 
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓