Шайсұлтан Шаяхметовтың дәрісханасы
Елім деп, жерім деп жүректері алып ұшқан, ерен еңбектері мен есімдері халқының жадында сақталып қалған қаншама қайратты да қайсар, ұлағатты да құрметті қазақтың ұлдары мен қыздары бар десеңізші. Сондай жандардың бірі, жерлесіміз, мемлекет қайраткері, ғалым – Шайсұлтан Шаяхметов.
Ғалым ағамыздың өмір жолына көз жүгіртсеңіз, Әулиекөл ауданындағы орта мектепті алтын медальмен бітірген тұңғыш түлек, самбо күресінен спорт шебері атағын алған тұңғыш қазақ, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Білім министрі болғанын білесіз. Біз ағамыздың өр тұлғасына лайық болар кейбір ғана ерекшелігін айтып отырмыз. Осының өзінен-ақ Шайсұлтан ағамыздың қандай азамат екенін анық танимыз. Сонау 1962 жылы Мәскеу университетін бітіріп, ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысады. Одан кейінгі жылдардағы Шайсұлтан Шаяхметовтың атқарған лауазымды қызметтері бір төбе болса, алған марапаттары мен құрметті атақтары екінші бір төбе. Барлығын жаза берсек, қағаз бетіне сыймас деп ойлаймыз.
Осындай қазақ халқының аяу-лы ұлы Шайсұлтан Шаяхметов ағамызға арналып облыс орталығындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының 75 жылдық мерейтойы аясында салтанатты түрде дәрісхана ашылды.
Дәрісхананың салтанатты ашылу барысында институттың проректоры Тілеген Ахметов, ағамыздың қарындасы Сәуле Қуанышбайқызы, белгілі ақындар Нағашыбай Мұқатов, Серікбай Оспанов сөз сөйледі, жылы-жылы лебіздер білдірді, игі тілектер мен шағын естеліктер айтылды.
Гүлназым
САҒИТОВА
Суретте: Арқалық мемпединститутының ректоры Сейіт-бек Қуанышбайдың, ҚМПИ-ның проректоры Тілеген Ахметовтың, Ш. Шаяхметовтың қарындасы Сәуле Қуанышбайқызының дәрісхананы ашу сәтінен көрініс.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.