Өнер шеберханасы
Қостанай қаласындағы "Еркежан" өнер орталығы болашақ күйшілер мен әншілерді, әртістер мен әнші-бишілерді тәрбиелеп жатыр. Жүзден астам балдырған мен жеткіншек өнердің сан түрін тегін үйреніп жүр. Мұндай мүмкіндікті пайдаланамын деушілерге мекеме есігі әрдайым ашық.
Өнер орталығы өз жұмысын өткен жылдың қыркүйек айында бастады. Бұған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің балалардың бос уақытын тиімді, пайдалы өткізу мақсатында құрылған бағдарламасы себепкер болды. Қазір орталықта домбыра, ұлттық би, актерлік шеберлік, вокал және сурет салу үйірмелері үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Басты артықшылығы – үйірмелерге қатысу тегін. Ата-ананың орнына үкімет төлейді. Ал бұл тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға өте тиімді. Оның үстіне, әр бала екі үйірмеге қатар жазыла алады.
"Бағдарламада бекітілген ережеге сәйкес, үйірмелерге 4 пен 17 жас аралығындағы балалар қатысады, – дейді "Еркежан" өнер орталығының директоры Айгерім Кушкимбаев. – Оның ішінде де белгілі талаптар бар. Мысалы, биге 4 жастан бастап қабылданса, "Актерлік шеберлік" үйірмесіне 10 жасқа толған жеткіншектер ғана жазыла алады. Бастысы, балалардың қызығушылығы жақсы. Оның ішінде, ұлттық өнерге таңдау жасаушы балдырғандардың көбейіп келе жатқаны қуантады".
Орталық басшысының айтуынша, үйірмелер жұмысы оқушылардың сабақ кестесі негізге алына отырып жүйеленген. Балаларға да ыңғайлы, ата-аналарға да оңтайлы уақыт белгіленіпті. Ал мұндағы тәлімгерлер – өз істерінің нағыз білгірлері.
"Бес үйірмеде бес тәлімгер жұмыс істеп жатыр. Барлығы да Қостанайдың білікті мамандары. Дипломдары, еңбек өтілдері бар. Бұл мемлекеттік бағдарлама аясындағы жоба болғаннан кейін педагогтерге қатаң талаптар қойылады. Атап айтқанда, қызметіне дипломы сәйкес келуі тиіс, онысыз сабақ бере алмайды. Балалармен жұмыс істей білетін, көңілдерін аулай алатын қабілеті, тәжірибесі болуы шарт. Біздің ұжым осы талаптарға сай келеді дей аламын", – дейді орталық директоры.
Оның сыртында, мұғалімдер мойнындағы ең басты міндет – шәкірттеріне өнер дарыту, қабілетін шыңдау, үйрету, нәтиже шығару.
"Өйткені "Судың да сұрауы" бар демей ме. Үкімет ақша төлеп отырғаннан кейін біз де көрсеткіш көрсетіп, белгілі бір жетістікке жетуіміз керек. Облыстық, республикалық деңгейлерде еңбегіміздің жемісін татуға тиістіміз. Әзірге біздің ешқандай жетістігіміз жоқ, өйткені орталық жұмысының жанданғанына 3-4 айдың ғана жүзі өтті. Қазір балалар әлі үйренісу үстінде. Көп алдына шығулары үшін әлі уақыт керек", – деп отыр Айгерім Борашқызы.
Әйткенмен, таяу болашақта міндетті түрде барлық байқауларға қатысу, жиі-жиі шеберлік сабақтарын өткізу, өзге өңірлерден қонақтар шақырып, кездесулер ұйымдастыру жоспарда. Оған қоса, қажеттілік туындап жатса, үйірмелер санын артырып, тағы да педагогтерді тарту ойда бар екен.
Әйткенмен, таяу болашақта міндетті түрде барлық байқауларға қатысу, жиі-жиі шеберлік сабақтарын өткізу, өзге өңірлерден қонақтар шақырып, кездесулер ұйымдастыру жоспарда. Оған қоса, қажеттілік туындап жатса, үйірмелер санын артырып, тағы да педагогтерді тарту ойда бар екен.
"Егер бағдарлама ары қарай да жалғасын таба беретін болса, іргемізді кеңейткіміз келеді. Мәселен, облыс өңірлерінде "Еркежан" өнер орталығының филиалдары ашылып жатса, қандай керемет болар еді. Мұның бәрі келешек еншісінде. Әуелі жұмысымыздың жақсы нәтижесін көрейік, көзайым болайық. Қалған жоспар содан кейін орындала жатар", – дейді директор.