“МІРДІҢ ОҒЫ”: жеңімпаз анықталды

Сейіт Кенжеахметов атындағы "Мірдің оғы" республикалық әзіл-сықақ фестивалі аяқталды. Елдің әр өңірінен жиналған өнерпаздар Тобыл қаласындағы "Алтын дән" мәдениет үйінде екі күн бойы шеберлік сынасты. 
Күлкі думанының екінші кезеңінде өнерпаздар еркін тақырыптағы көріністерін сахнаға алып шықты. Араларында кезекті мәрте Сейіт Кенжеахметовтің туындыларынтаңдаған ұжымдар болды. Әзілкештер шеберлік деңгейін де, тас-түйін дайындығын да осы шешуші сәтте көрсетуге, көрермен көңілінен шығуға бар қабілеттерін салды. Төрешілер әзілкештердің шеберлік деңгейін, дайындығын саралай келіп, фестваль қорытындысында басты жүлде – Сейіт Кенжеахметов атындағы сыйлыққа ақтөбелік "Екі езу" театры лайықты деп тапты (200 мың теңге). Шона Смаханұлы атындағы сыйлыққа Жамбыл облысының Жуалы ауданынан келген "Мыңбұлақ" театры, А.Тоқмағамбетов атындағы жүлдеге Жангелдин ауданының әртістері, Садықбек Адамбаев атындағы сыйлыққа қостанайлық әзілкеш Арғын Жүкебаев, Оспанхан Әубәкіров атындағы жүлдеге алматылық "Бәке, Сәке" театры, Ғұмар Ахметчин атындағы сыйлыққа маңғыстаулық "Бостан" ұжымы ие болды (әрқайсысына – 150 мың теңгеден). "Көрермен көзайымы" аталымы амангелділік әртістер еншісінде (100 мың теңге). Сондай-ақ, жақсы өнер көрсеткені үшін Арқалық театры, БҚО-ның "Қожа" ұжымы, Жамбыл облысының Талас ауданынан келген өнерпаздар да алғыс хатпен және ақшалай сыйлықпен (50 мың теңгеден) марапатталды. Жүлдегерлердің барлығына Сейіт Кенжеахметовтің кітабы естелік ретінде табысталды.
"Мәдениет басқармасының осы фестивальді қолға алуы – мәдениетті ілгерілетуге деген ұмтылыстың нышаны, – деді қазылар төрағасы Көпен Әмірбек. – Сейіт – сатира саласындағы қамшының шашағындай ғана азғандай саңлақтардың бірі де бірегейі болды. Бүкіл Сарыарқада Сейіттей керемет сатира шебері жоқ. Фестивальдің арнасы кеңейіп, алдағы жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткізсек, насихаттың көкесі сол болар еді".
Естеріңізге салайық, байқауға танымал сатирик, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек, ұстаз, ғалым, "Әлем көшбасшысы" құрметті сыйлығының иегері, Сейіт ағайдың қызы Зәмзәгүл Кенжеахметова және қостанайлық ақын, сатирик Абылай Мауданов төрелік жасады. 
 
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓