Дайын құжатты үйіңізде күтіңіз

Бұдан былай Қостанай тұрғындары Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тапсырыс беріліп, дайын болған құжаттарды үйлеріне алдырта алады.
Жылжымайтын мүлік құқықтарын мемлекеттік тіркеу, жер учаскісі актісі, білімі туралы апостиль қойылған құжаттар, мұрағат анықтамалары, әскери билеттің телнұсқалары және басқа да мекенжайға "өз аяғымен келетін" құжаттардың жалпы саны 144-ке жетіп отыр.
Бұл қызмет түрін пайдалану жолы да оңай. Әуелі ХҚКО-да тапсырыс берілген құжат дайын болған сәтте клиентке жеткізу қызметін пайдалануды ұсынатын SMS-хабарлама жолданады.
Клиент келіскен жағдайда жеке сілтемеге өтіп, өз мекенжайын толтыруы қажет. Бұдан кейін клиент қала ішінде жеткізу құнын төлеуі керек, ол 970 теңге тұрады. Курьер поштаны тапсырыс берілген күннен бастап, бір жұмыс күні ішінде апарып береді.
– Біз бұл қосымша қызметтерді ХҚКО-дағы қызмет көрсету процесін жеңілдету үшін ғана емес, азаматтарға дайын құжатқа қайта-қайта келудің қажеті болмас үшін іске қосып жатырмыз. Адамдардың жұмыстан шығуға немесе балаларын үйде қалдыруға әрқашан мүмкіндігі бола бермейтінін білеміз. Ал құжаттарды үйлеріне жеткізіп беру қызметі тұтынушылардың уақыты мен қаржысын айтарлықтай үнемдейді, – дейді Қостанай қаласы №1 мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Олеся Ершова. – Үйге жеткізу қызметі қазір Қостанайда төрт бөлімшеде іске қосылған. Олар – №1, №2, №3 бөлімшелер және мамандандырылған ХҚКО.
Естеріңізге салайық, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы дайын құжаттарды жеткізіп беру қызметін 2021 жылдың сәуір айында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында іске қосқан еді. Қазір бұл қызмет Қазақстанның барлық аймақтарында қолжетімді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓