Талаптың мініп тұлпарын…
Бүгін Тобыл қаласындағы "Алтын дән" мәдениет үйінде "Жас тұлпар" облыстық оқушылар айтысы өтті. Дәстүрлі дода ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналды.

"Жас тұлпар" айтысы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл сайыс талай таланттың тұсауын кесті, топшысын қатайтып, түлетіп ұшырды. Бүгінде көбі ел жүзіне танымал. Аталмыш жобаны шығармашыл жастардың шеберханасы десе болатындай. Мұны облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов та алғы сөзінде тілге тиек етті.
"Жас тұлпар" оқушылар айтысын өзіндік тарихы қалыптасқан нағыз үлкен өнер мектебі деп бағалауға болады. Мұның тарихын айтқан кезде осы айтысқа 28 жыл бойы төраға болған қабырғалы қаламгер, марқұм Ғұмар Ахметчин ағамызды еске алмай өте алмаймыз. Өйткені ол кісі сөз сайысының жанашыры, балдырған ақындардың батагөйі болған еді. Осындай тұлғалардың алдын көрген көптеген өрен үлкен жетістіктерге жетті. Міне, бүгін де сахнаға желпініп, жұлқынып шыққалы тұрған жеткіншектеріміз де аға-апаларының жолын жалғап, биіктерге қанат қағатынына сенім мен тілектестік білдіремін", – деді басқарма басшысы.
Сонымен, 29-шы рет өткен сайыс та жаңа есімдерді танытып, түбітқанат талапкерлердің тұсауын кесіп берді. Айтысқа Қостанай, Рудный, Арқалық, Тобыл қалаларынан және Жангелдин, Амангелді, Майлин, Жітіқара Қарабалық, Қостанай аудандарынан ұзын саны 11 оқушы қатысты. Оларға Айтыс ақтаңгері, "Құрмет" орденінің иегері Айбек Қалиев, белгілі жазба ақын Нұрқанат Құлабаев және Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ағыбай Нұғыман қазылық жасады.

Үміткерлердің алғашқы айналымға тәуір дайындалғаны байқалды. Өрелеріне сай өлең өрді. Сәтті сөз саптай алған балғын айтыскерлерді ескермей кетуге болмайды. Мәселен, алғашқы болып сахнаға шыққан арқалықтық Нұрислам Рағаттың Қостанайды өлеңге қоса келе:
"Мен сені орыстардың мекені емес,
Арыстардың мекені деп білемін", – деуі, сондай-ақ оның жерлесі Нұрлыбек Төлеуовтің:
"Біздің ел байқампаз жұрт емес пе еді,
Құлагерді танитын құлынынан"
немесе
"Бізден асқан бақытты ел болмайды,
Бір Алла мен бірліктің құлы болсақ", – деген секілді жолдары мектеп жасындағы шынашақтай жеткіншектердің аузынан тосатын сөздер емес. Амангелділік Саят Әуезхан, рудныйлық Жамбыл Тоққожаевтардың да бейімі байқалды. Әйткенмен, сахнаға алғаш шығып тұрғандықтан, қобалжып, тосырқап, ойын жинақтай алмай қалған талапкерлер де болды.






Сонымен, "Жас тұлпар" облыстық оқушылар айтысының қорытындысы бойынша, Бас жүлде Арқалық қаласынан келген Нұрислам Рағатқа бұйырды. 1-орынға амангелділік Саят Әуезхан ие болды. 2-орын – тағы бір арқалықтық өрен Нұрлыбек Төлеуовтің еншісінде. "Орыстың ортасынан келгеннен соң орынсыз кеткендігім орынсыз ғой" деп уәж білдірген рудныйлық Жамбыл Тоққожаев 3-тұғырдан көрінді.







Айбек ақын орын ала алмай қалған 7 оқушыға өз қалтасынан ынталандыру жүлдесін тағайындады. Сондай-ақ, жас ақындардың тәлімгерлері де облыстық Мәдениет басқармасының алғыс хатымен марапатталды.

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев