Қайнекей ағай есімде …

Құрметті редакция, есімнен кетпейтін мына бір оқиғаны сіздермен бөліскелі отырмын. Бұл жастық, студенттік кезде  болған бір қызық  сәт  еді. 1971-73 жылдары болатын. Мен онда Алматыда, Гоголь атындағы көркем-сурет училищесінде 2 курс-та оқушы едім.
Біздер, жерлесім және досым Мұқаш Бимағанбетов, жұбайы Бижәмила (белгілі ақын Серікбай Оспановтың қарындасы) бір еврей шалдың жертөлесінде орналасқан, шағын екі бөлмелі үйді жалдап тұрушы едік. Екеуміз де суретші едік. Түстен кейін Горький паркінде болып Пленерден келіп (Пленер – таза ауада, зоопаркте жануарлардың, адамдардың суретін салу, арнайы тапсырма) этюдниктерімізді арқалап, енді ғана шешініп Бижәмиланың шәйін ішейік деп отыр едік. Бір кезде есік ашылып, үш кісі сау етіп кіріп келді. Алдындағысы, төртпақ, мығым денелі, көзінде қара әйнекті көзілдірік киген, орта бойлы көзқарасы салмақты, сабырлы адам. Жасы басқаларға қарағанда ересектеу еді. (Ол Қайнекей ағай екен, кейін білдім). Екіншісі – талдырмаш келген, аққұба, ұзын, қою қара шашы толқындап иығына түскен  Кеңшілік  Мырзабеков екен. Yшінші адам, Мұқаштың қайынағасы Серікбай Оспанов аға. Біздер ұшып тұрып сәлем бердік. "О, құтты қоңақтар келді, төрге шығыңыздар!" – деп, Мұқаш досым қуанып кетті. Қонақтар төрге шықты. Сол кезде мені досым жеке шақырып алып, ақша беріп: "Дүкенге жүгір, бұндай сыйлы қонақтар келе бермейді, студенттік дастарқанымызды бір жарқыратып қояйық. Қайынағам риза болсын!" – деп мені жұмсады. Жүгіріп барып екі сөмкеге толтырып барлық айт-қан керек-жарағын алып келдім. Келсем, қонақтар жәйлі отырып бір-бір кеседен шәй ішіпті. Дастарқан қайтадан жасалды, бәрі жайнап тұр, біз жүгіре жүріп қызмет етіп жүрміз. Бұл бір жақсы, көнілді, есте қалатын отырыс болды. Ей, шіркін-ай, әзілдері, ойнап-қағытып сөйлегендері, өздеріне жарасып тұрады екен.  Біздерді де сөзге тартып, тең ұстайтын мінездері қандай жарқын. Біраздан кейін, отырыс қыза бастады. Бір кезде Кеңшілік ағай орыс ақыны С.Есениннің өлеңін бастап, шырқағысы келіп еді, бір төрт шумағын айтып та қалды.
– Тоқтай тұр, інім, оны былай айтады! – деп Қайнекей ағай сыпайы тоқтатып, өзі биік, қоңыр, даусымен өлеңді шырқап жіберді. Мен музыкант емеспін, бірақ асыл ағайдың даусы, табиғи, жағымды Торғайдың кең даласы сияқты биікке самғап, жүрекке жақын естілді. Кәдімгі опера әртісін естіп отырғандай әсер алдым. Осындай адамды "сегіз қырлы – бір сырлы" деп айтады ғой. Осылай қонақтар бірде өлең айтып, бірде әзілдесіп, өте көңілді отырды. Сол тұста Қайнекей  ағайдың көзі жоғарыда ілулі тұрған, мен салған Грецияның ұлы ақыны Гомердың суретіне түсті (Сол сурет курстық жұмысым еді).
"Кәне жігіттер, анау суретті көрдіңдер ме, кім бейнеленген, айтыңдаршы?" – деп сұрақ қойды. Бәрі суретке назар аударды, бір кезде, Серікбай мен Кеңшілік ағайлар жақсы біледі екен, біраз Грецияның тарихын қопарды, Ахиллес деді, тағы көп кейіп-керлерді айтты, бірақ естеріне түспеді. Мен байқамай, қызарып кеттім де, еріксіз жымиып күліп жібердім (Жоқ, мен ағайлардың таппай қойғанына емес, өзімнің табиғи тәрбиемде, үлкендердің сөздерін бөлуді  жөн көрмедім, өзім де айтайын деп тұр едім). Басымды көтерсем, Қайнекей ағай ақылды көзқарасымен маған қарап тұр екен: "Iнішек, есімің кім болады?" – деп  сұрады,  өзінің майда қоңыр даусымен.  "Хамит" – деп жауап бердім мен. Сонда, Қайнекей ағай: "Өзің "Хам", өзің " Ит "-екенсің" – деп, күліп жіберді. "Сенің суретің емес пе, неге айтпай отырсың,  бұл Грецияның ұлы ақыны Гомердің суреті емес пе!" – деп еді асыл аға.  "Ия, дәл солай," – дедім мен төмен қарап. Оқуды ойдағыдай бітіріп, дипломымды қорғап, қолға алғасын, Алматыдан Аманкелді ауданына келіп, өз мамандығымен жұмыс істеп жүрген кезде құрдастарыма, өткір тілді Қайнекей ағай мені осылай атады деп едім. Олар енді солай ойнайтынды шығарды. Оған ренжімеймін, күліп, асыл ағаны ылғи да еске алып жүрем. Осы іште жүрген бір сырым еді…
Хамит Қабдуұлы.
Қостанай қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓