“ГАЗЕТ – біздің шежірелі ғұмырымыз”
"Қостанай таңының" Ұзынкөл ауданындағы күндері

Жас тілшілер мен жанашырлар
Алғашқы сөзді газеттің Бас редакторы Жанұзақ Аязбеков алып, келген мақсатымызды айтты, басылымның қазіргі жай-күйімен таныстырды. Ал жергілікті билік тарапынан Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Қабылдин сөз алып, оқырмандарыңыз көп болсын деген тілегін білдірді:
– Облыстық "Қостанай таңы" газетін "Тобыл-Торғай тынысы" деуге де болады. Өңірде болып жатқан оқиғаларды, жаңалықтарды газет бетінен оқып отырамыз. Сонымен қатар, біздің ауданда болып жатқан жақсы істер басылым бетінде үнемі жарияланып тұрады. Ауданымызға арнайы келген "Қостанай таңы" ұжымына мың алғыс!
Ендеше, аудан халқын қандай мәселе толғантады, газеттің бүгінгі бетбұрысы қалай, не жазылу керек? Бұл сауалдарды алдымен ақсақалдар тобы бастап берді.
ЖҮСІПОВ,
Ұлы Отан соғысы ардагері:
–1947 жылы Ресейге көшіп кетіп, елу жылдан кейін елге оралдым. Өзге елде жүріп, "Қостанай таңы" газетінен көз жазбай, жазылып, оқып жүрдім. Бұл басылымның жасы да менің жасымен шамалас. Ұрпақтарым да қара шаңырақ – "Қостанай таңынан" қол үзбесе дейсің. Ал мынау Ұзынкөл елі киелі, әулие қонған жер. Бұл жерден небір азаматтар шықты. Осы ауданымыз жайында газет бетіне жиі жариялап отырыңыздар.
МЫРЗАХМЕТОВ,
аудан ақсақалы:
– "Қостанай таңына" көп жылдан бері жазыламыз. Біздің олқы жеріміз де – жазылушылардың аздығы. Оқырманның басым бөлігі Жанкелдин, Аманкелді, Арқалық өңірінде. Сол аудандардың материалдары көп шығады. Ұсынысым – соңғы кездері көп әріптер ұсақ басылып, көзіміз жетпей жатыр. Осыны ретке келтірсеңіздер. Екінші тілегім, әр ауданның өз батыры, асылы бар. Біздің ауданнан шыққан батыр, билер туралы аз насихатталады. Жалпы газет бетінде тарихи тұлғалар туралы мақалалар көбірек жазылса екен.
БҰХМЕТОВА,
аудан тұрғыны:
– "Қостанай таңына" бұған дейін 4-5 рет мақала жаздым, бірақ солардың бірде біреуі газет бетінде жарық көрген жоқ. Ауданымыздағы ардагерлер бар, бірге оқыған замандасым Сейіт Кенжеахметов туралы, "ов", "ев", "ич"-терден қалай құтылу төңірегінде ойымды жазып, редакцияға жіберген едім, неге екені белгісіз газетке шықпай қалды. Ұзынкөл ауданынан шыққан Балташ Досжанов, Қапар Тоқпаев, Елтай Боқашов деген азаматтардың есімі аталмайды. Сондай-ақ, жастар тәрбиесіне көңіл бөлсеңіздер.
ҚҰМАЖАНОВ,
аудан ақсақалы:
– 1960 жылы мұғалім мамандығын бітіргеннен бері "Қостанай таңын" үзбей оқып келемін. Сабақтың алдында газетте шыққан мақалаларды оқушыларға айтқызатынбыз. Ендігі ұсынысым – сол кездегі үрдіс жалғасын тапса екен. Осыдан барып, ұрпақ пен газеттің арасы үзілмейді, ең бастысы, балалардың ана тілімізге қарай беті бұрылады. Екінші тілегім – тіл, дін жағына көбірек мән берсеңіздер екен. Қазір өзге дінге кіріп, отбасынан кетіп жатқандар көбейіп барады. Ал жұрттың газетке жазылу жағы шалағай болып жатыр. Жалпы, өз басым мекемелерді аралап, газетке жазылуға үгіттеп жүрген жандардың бірімін.

Біздің тұрақты оқырмандар

Ақын Серікбай Оспанұлы "Жас тілші” куәлігін Гаухар Қапароваға тапсырып тұр

Жанұзақ Аязбекұлы Бибіжар Бұхметоваға арнайы куәлік тапсыруда
Айтпақшы, шараны аяқтап, халыққа "есен-сау болыңыздар" деп тұрғанымызда, сахнаға аудан тұрғыны Бәтимә Құмажанова есімді анамыз шығып, газет ұжымына осындай бастама жасағаны үшін мың алғысын айтты. Бір жағы Бәтимә апамыздың намыстанып тұрғаны да көрініп тұр – жиналған көпшілікке қаратып: "Қостанай таңы" – облысымыздың тыныс-тіршілігін ана тілімізде таратып отырған бірден-бір басылым. Ал газетке аудан тұрғындарының солғұрлым аз жазылады дегеніне шыдамай, сахнаға шығып келгенім содан. Төл газетімізді насихаттауға атсалысайық, ағайын!" деді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ