ЖАҢА ҮКІМЕТКЕ ЕЛ СЕНІМІ ЗОР  

Жаңа 2022 жылдың алғашқы күндері елімізде күтпеген оқиға болды. Біздің мемлекетіміге орасан қауіп  төнді. Еліміздің Батыс өңірінде басталған қарапайым халықтың бейбіт митингісі жаппай сипат алып, аяғы қантөгіске ұласты. Орайы келгенде ел Тәуелсіздігін тәрк еткісі келгендерге қарсы күресіп, бақилық болған барлық құқық қорғаушылардың отбасына көңіл айтамын. Олар елдің тұтастығын сақтап қалуда аянған жоқ. Ең соңына дейін күресті. Жазықсыз жапа шеккен жап-жас жігіттеріміздің өр рухы кейінгі жастарға үлгі, өнеге болуы тиіс.  Отанын қорғауда шейіт болған барлық азаматтың ерлік істері ешқашан ұмытылмайды. Әрине, қарапайым халықтың  билікке қойған талабын түсінуге болады. Елдегі қымбатшылық, бағаның бей-берекет өсуі тұрғындардың наразылығына әкеп соқтырды. Еліміздің Тәуелсіздігіне сына қағушылар мемлекетті құлатпаққа бел буды. Бірақ, ҚР Президентінің сын сағатта жауапты шешім қабылдап, бүлікшілер мен содырлардың арам пиғылына тосқауыл қоя білуі  мемлекетті сақтап қалуда зор рөл атқарғанын  айта кеткен жөн. Бізде бір-ақ Отан бар. Ол Тәуелсіз Қазақстан! Біз елдің тұтастығын, тұрақтылықты, қастерлей білуіміз керек. Ол үшін әрбір ел азаматы мемлекеттің одан әрі гүлденуі жолында аянбай еңбек етуі керек деп есептеймін. Ал мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайын оңалту үшін пәрменді шаралар қабылдап жатқанын білеміз.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің отырысында Үкімет мүшелеріне  біртқатар міндет жүктеді.  Енді жаңа тағайындалған Прьемер-Министр Әлихан Смайылов мемлекет басшысының тапсырмасын  жүзеге асыруда қолынан келгенше аяынып қалмайды деп сенемін. Мен Әлихан Асханұлын көптен бері білемін. Қолынан іс келетін азамат. Енді соны еліміздің көркеюуіне жұмсайтындығына күмән келтірмеймін. «Экономикалық жағдайды тұрақтандыру, халықтың жұмысын жақсарту Үкімет үшін басым міндеттер болады. Үкімет Президенттің Жолдауларын, бастап жатқан реформаларын стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру жұмыстарын жүргізетін болады. Тиімді макроэкономикалық саясатты іске асыру жаһандық өзгерістердің әсерінен ұшыраған инфляцияны біртіндеп төмендету және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі»,-деді Үкіметтің жаңа басшысы. Халық енді осы айтылған мәселелердің шешімін күтеді. Алда жаңа, жауапты  істер күтіп тұр. Мен  мемлекет басшысына амандық,  еліміздің көркеюуі мен нығаюуы жолында атқарып жатқан ісіне сәттілік  тілеймін! Бұдан былай ел іргесі сөгілмесін!
 
Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓