Жасампаздықтың жаңа жоспары
Қазақстан халқы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл үндеуін тағатсыз күтті. Өйткені "қазіргідей күрделі жағдаймен бетпе-бет келген мемлекеттің ендігі түзер бағыты қандай болмақ?" деген сауал көптің көкейінде болғаны рас. Сондықтан Президенттің бүгінгі мәлімдемесінің мән-маңызы алабөтен ерекше. Бұл, ең әуелі, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басу болды деп түсінемін. Басқа түскен ауыртпалықтың сабағы да ауыр болуы заңды. Сол себепті салмақты мәселелердің ешбірі атаусыз қалған жоқ. Жайсыз да болса, күні кешегі оқиғалар кем-кетігімізді ашып бергендей. Соның бірі – күштік құрылымдарға реформаның қажет екені. Әлеумет талап еткен утильдеу мәселесі, бағаның байлаусыздығы, жұмыссыздық, жалақы түйткілі – бәрі-бәрінің ескерілгенін көрдік. Тіпті, қазақ-қытай шекарасындағы бассыздықты жоюға да үкімет күш салмақ. Билік өкілдері айлығын өсіруге бес жылға тыйым салынуы көпшілік талабынан туындаған шешім екені сөзсіз. Мұның бәрі "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының сөз жүзінде ғана қалып қоймайтынын дәлелдей түскендей. Жалпы, Қ.Тоқаев әлеуметті әлдендіріп, экономиканы еңселендіруге бағытталған көптеген маңызды шаралар қолға алынатынын тізбелеп айтты. Бір сөзбен, Президенттің бүгінгі үндеуін жасампаздықтың жаңа жоспарына балар едім. Оның ойдағыдай іске асуына әрқайсымыз жауаптымыз. Отанға деген сүйіспеншілік, өз мақсатымызға деген адалдық, сөз бен істің бірлігі болған жерде біз бағындырмас белес жоқ!
Айтөре Тұрсын,
"Nur Otan" партиясының Қостанай қалалық филиалының кеңесшісі