Үміт зор, сенім мол

Есімізде, Әлихан Смайылов вице-премьер болып тұрғанда осы түйткілмен таныс екенін, осы жазда қытай билігімен байланысқанын мәлімдеген-ді. Бірақ мәселе аяқсыз қалған тәрізді. Енді осы жайтты соңына дейін жеткізуге бел шеше кірісер деген үміттеміз. Президент берген тапсырмаларды билік өкілдері дәл қазір реттеуге кірісетін міндеттеме деп түсінсе дейміз.
Бұдан бөлек, ел азаматтарының көбін толғандырған утильдеу мәселесіне ден қойылғаны да мені қуантты. Инфляция дәлізін 3-4% көлеміне шақтау дегеніміз – барлық алыпсатарлық ареналарына тықыр таянады деген сөз. Сондай-ақ, әкім, депутат, министрлер жалақысына 5 жылға мораторий жарияланатыны да бекер айтыла салған сөз емес. Өйткені, жасыратыны жоқ, биліктегілердің табысы халықтың "қытығына" тиетін факторлардың бірі еді. Күштік құрылымдар реформасы жасалатынын да жақсы жаңалыққа балар едім. Құқыққорғау, арнайы қызмет жүйелерінде қордаланған мәселе көп екенін, өкінішке қарай, елдегі күрделі жағдай көрсетіп берді…
Негізі, Қ.Тоқаев көптеген маңызды шараларды тілге тиек етіп, министрліктердің, жергілікті атқару органдарының, ұлттық компаниялардың алдына қыруар тапсырма жүктеді. Демек, оларды жүзеге асыру бүгіннен басталуы керек. Бір тәнті болғаным, мемлекет басшысы өзін қауқарлы, батыл, жылдам әрекет қылушы адам екенін таныта алды. Қабілетті басшымызға қолдау білдіру – еліміздің дамуына үлес қосуға даярлығымыздың белгісі.
Зарина Көкжанова,
"Жас Атамекен" жас кәсіпкерлер клубының төрайымы