Ел тұтастығынан қымбат ештеңе жоқ!

О баста бейбіт жағдайда басталған митингтің бұлай насырға шауып кетерін кім ойлаған? Көрдіңіз бе, елдің ішінде түрлі теріс пиғылды адам көп. Олар халықтың бейбіт шеруін өз мақсаттарына пайдаланып отыр. Бұдан ешкім ұтпасы анық. Бірақ, белгілі бір топтардың көздегені біздің елді күйрету. Мемлекеттігін жою. Мен солай деп ойлаймын. Бұған мүлде жол беруге болмайды. Керісінше, қазіргідей сын сағаты туғанда бәріміз ауызбірлікте болып, еліміздің шаңырағын шайқалтпауға тырысуымыз керек. Әсіресе, жастар жағы қандайда бір жалған ақпаратқа, дақпыртқа сеніп, бәзбіреулердің айтағына еріп кетпеуі тиіс.
Еліміз Тәуелсіздігін алған отыз жылда қаншама шаруа істелді. Ол бұдан кейін де жалғаса береді. Мемлекеттің гүлденуі жолында бәріміз бірігіп, еңбек етуіміз керек. Ал бүлікшілерге арамызда орын жоқ. Біз жаңа ғана мешітке барып, еліміздің тұтастығы үшін, халықтың амандығы үшін дұға еттік. Халқымызға ел тұтастығынан, бас амандығынан өзге ештеңе қымбат емес.
Нұржан ЕРМАҒАМБЕТОВ,
«Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» ҚБ басшысы,
Қ.Оспанов атындағы №1-ші балалар мен
жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы