Қала әкімінің кубогі
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен волейболдан ерлер арасында Арқалық қаласы әкімінің кубогі үшін жарыс өтті.
Шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру, Арқалық өңірінде командалық спорт түрлерін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды спорт түрлерімен шұғылдануға тарту, спортшылардың достығын байланыстыру, үздік спортшыларды анықтау.
Жарысқа Нұр-Сұлтан, Қостанай қалаларынан және көршілес Аманкелді, Жанкелдин аудандарынан барлығы он команда қатысып, екі күн бойы өзара сынға түсті.
Нәтижесінде Жанкелдин ауданының Қызбел ауылынан келген «Искаков» ЖК командасы І орынды (200 000 теңге) жеңіп алса, Қостанай қаласының «МКҚБ» командасы жүлделі ІІ орынды (150 000 теңге) қанжығаларына байлады. Арқалықтың «Жігер» командасы ІІІ орынды (100 000 теңге) қанағат тұтты.
Аталымдар бойынша: «Үздік доп үйлестіруші» – Марал Қайырбек (Қостанай қаласы), «Үздік шабуылшы» – Қайсар Есмағанбетов (Арқалық қаласы), «Үздік ойыншы» болып Анарбек Танбай (Жанкелдин ауданы) танылды.
Жүлдегер командалармен үздік ойыншылар кубок, медаль, диплом және ақшалай сыйлық сертификаттарымен марапатталды.
Мұрат Жүнісұлы