Елін сүйген ақиық азамат Мемлекет және қоғам қайраткері Шайсұлтан Шаяхметов туралы сөз
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы, профессор, Қостанай қаласының құрметті азаматы.
Өзің жақсы білетін, жастайыңнан бірге өскен, өмірдің қиын-қыстау кезеңін бірге өткізген досым, жолдасым Шайсұлтан Шаяхметұлы туралы ұзақ та, қысқа да жазуға болады. Өйткені оның кішкентай бала кезінен 61 жасқа жетіп дүниеден өткен күніне дейінгі өмірі менің жадымда.
Шайсұлтанның (біздер оны еркелетіп Шәке дейтінбіз) Науырзымы Қазақстанның Швейцариясына ұқсайды. Жанында қайың мен қарағайдан тұратын ну орман, кілемдей жарқырап, қойнауы балыққа толы Ақсуат, жанында күндіз-түні ағып жатқан өзен Жетіқызкеткен, оңтүстігінде – біздерше тау деп аталатын 30-60 метр биіктігі бар Төбелес тауы. Шәкең озінің "Науырзым" деген өлеңінде былай жырлайды:
Туып-өскен ауылдың,
Мен де атағын жаймақпын.
Қарғайлы Науырзым,
Мақтанышы аймақтың
Кенделік жоқ кейпінде,
Сыңсыған қалың қарағай
Жолаушым, өттім дейсің бе?
Сүйсіне оған қарамай ?!
1942 жылы Ұлы Отан соғысының қайнап тұрған кезі. Әкем қайтыс болды. Анам Мейіз шиеттей үш баламен қалды. Үлкені – мен, 6 жаста, Сабыр – 2 жаста, Сәбит – алты айда. Әкемнің інісі Қалимолда ағай соғыста, балалар кішкентай. Елде көмектесетін адам жоқ. Анам Мейіз атақты Сүгір Құдайберді әулеті Бисенбі ақсақалдың қызы еді. Анамның екі ағасы (Бижан, Ағытай), апасы Өрік және інісі Ақбөкендер осы "Науырзым" колхозына бізді көшіріп алды.
Көп кешікпей менің анам "Науырзым" колхозының бө-лімшесіне қойшы болып орна-ласты. Осы жерде Шәкеңнің анасы Айтжан жұмыс істейді екен.
Өмірдің ауыр кезі. Екі жас жесір әйел жас балаларын асыраймын деп күндіз-түні колхоздың қойын бағуда болды. Менің есімде қалғаны – ұзын қой қорасы. Оның бір жақ шетінде қойлармен бірге біз тұрдық. Қойға жаққан каролиннің иісі тынысты тарылтады.
Шәкең де әкесінен ерте айырылды. Анасы Айтжан үш жетім баланы (Шәйіт, Шайсұлтан және Мерген) тыным таппай жүріп қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, тәрбиеледі, білім берді. Кейін Шәкең "Анама" деген өлеңінде былай деп жырлады:
Балалықпен ұқпаппыз ғой біз бәрін,
Көңілде қоңыр салқын күз барын.
Ғазиз ана, қартайдың ба көрумен
Жесірліктің, жетімдіктің ызғарын.
Мәпеледің қанаттыға қақтырмай,
Жат есіктің босағасын бақтырмай.
Санамызға талап отын маздаттың,
Жасықтықтың күңгірт шамын жақтырмай.
Екі ананың өмір жолының бір-біріне ұқсастығы ма, әлде өмірдің қиыншылықтарын бір-ге өткізгендігі ме, әлде туыс-қандық сезім бе, олар әйтеуір бірін-бірі өте жақсы көретін, қарым-қатынастары тығыз болатын. Біздер де бір-бірі-мізбен достасып, өмір бойы, күні бүгінге дейін туыс болып кеттік. Аналарымыздың ойын-да бір ғана арман болды: ол балаларын аяғынан тұрғызу. Ол үшін өздерінің жастық өмірін сарп етіп, қолдан келгендерінше біздерді жақсы азамат етіп тәрбиелеу еді.
Құранда кімнің алдында парызсың деген сұраққа: бірінші – Алланың, екінші – Ананың, үшінші –Ананың, төртінші – Ананың, сонан соң– Әкенің деп жазған екен. Ананың алдында парызды өтеу деген: терең білім алу, отбасын құру, немерелерді, шөберелерді сүйдіру, елің, халқын үшін қызмет ету.
Біз, бала болсақ та, аналарымызға қолымыздан келгенше көмек көрсетіп, бір-бірімізге сүйеніп, тату-тәтті өмір сүріп, жақсы оқумен сапалы білім алуға тырысып, аналарымыздың ақ сүтін ақтауға бар күшімізді салдық.
Шәкең де білім мен әдебиетке, мәдениетке құштарлығын мектепте оқып жүргенде-ақ көрсетті. Қазақстан мен шетел классик жазушылары мен ақындарының шығармаларын көп оқитын. Өз мектептес достарына арнап неше түрлі сықақ өлеңдер жазатын.
Шоқан Уәлиханов атындағы Әулиекөл қазақ орта мектебін алтын медальмен бітіріп, ол әуелі Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының механика факультетіне түсті. Бірақ жоғары талап, биік мақсатпен бұл институтты тастап, М.В.Ломоносов атындағы МГУ-дің химия факультетіне түсті. Әрине, МГУ-дің аты дүниежү-зіне әйгілі білім мен ғылымның ордасында атақты академиктер мен профессорлардан дәріс алу әр жас талапкердің арманы болатын. Бұл арманын Шәкең толығымен орындап, МГУ-дің химия факультетін үздік, қызыл дипломмен бітірді. КСРО Ғылым академиясының аты әлемге әйгілі Каргин басқарған химия институтында аспирант болып, кандидаттық диссертациясын қорғады.
Шәкеңнің тағы бір ерекше қасиеті: МГУ-де оқып жүріп, самбодан КСРО спорт шебері атағына ие болды.
1962 жылы Харьков қаласында Бүкілодақтық студенттер ойынында кездейсоқ кездесіп қалдық. Мен ол кезде оның КСРО спорт шебері екенін білмейтінмін. Жылы жүзбен қауышып, қасымдағы атақты балуан, классикалық күрестен спорт шебері Марат Құсайыновпен таныстырдым. Олар кейін жұбын жазбайтын достар болып кетті. Бір-бірімізді сағынғанымыз сонша – Шәкен бізді Москваға шақырып, үш күн жанынан жібермей, Москваның көрнекті жерлерімен таныстырды. Сонда біз Үлкен театрда бірінші рет болдық, бірнеше мұражайлар мен мемлекеттік көркем-өнер галлереясын қызыға тамашаладық. Міне, біз ауылдан шыққан қаратабан балалар болсақ та білім мен ғылымға да, спорт пен өнерге де құштарлығымыз қандай еді!
Шәкеңнің өмірінің бір айтулы кезеңі – өзіне өмірлік жар болған Алма Әмірғалиқызына үйленуі. Алманы Шайсұлтан да, біздер де бала жасынан біле-тінбіз. Алма Әулиекөл қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдады. Ағасы Асхатпен ертеден доспыз. Жақсы отбасында тәрбиеленген, білімді де білікті, ағайын-туысқандар арасында беделді, жастарға жоғары білім беруге атсалысқан азамат ре-тінде көзге көрініп келді. Бүгін Алма бала сүйген, келін түсір-ген, немерелерін тәрбиелеп отырған байсалды аналардың қатарында. Бір өкініші – жанында асыл жары Шайсұлтан жоқ. Енді әке де, әже де өзі. Құдайдың жазғаны осы болар. Амал қанша, төзуге тура келеді. Қуанышы – балалары Бейімбет, Алуа, Ғауһар әкесінің ізін қуып, отбасы құрып, немерелері мен шөберелерін дүниеге әкеліп, Шәкеңнің атын мәңгілік жал-ғастырып жүр.
Шәкеңнің өзінің қысқа өмірінде осындай дәрежеге жетуіне атсалысқан анасынан кейінгі ағасы Шәйіт. Ол Шай-сұлтан мен Мерген оқып білім алсын деп, онжылдық мектепті бітірісімен елде қалып, жұмыс-қа кірісті. Кейін Шәкең мен Мерген оқуларын бітірген соң, Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, экономика факультетін бітірді. Мерген болса Целиноградтың ауыл ша- руашылығы институтын бітір-ді. Сүйген жары Күләшпен отбасын құрып, анасын тағы бір қуантып, өзі де бала сүйіп, немерелерін өсіріп отыр.
Шәкеңнің білім мен ғылымның биік шыңына көтерілуіне (Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, ғылым кандидаты) атақты ғалымдар С.Рафиков, Б.Батырбеков, Б.Жұбанов, Е.Шайхутдинов және тағы басқа ғалымдар игі әсер етті. Ал, Шәкеңнің қоғам қайраткері болып қалыптасуына еліміздің асыл да ардақты ағалары: Б.Әшімов, Т.Қатаев, тағы басқалары үлкен ықпал етті.
Шәкең сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Білім мен ғылым саласына қосқан үлесі асыл мұра болып қалады. Жай ғана ассистент мұғалімдіктен республиканың Білім министрі деңгейіне дейін көтерілуі – оның тынымсыз еңбегінің жемісі, оның дарындылығы мен талантының жарқын көрінісі.
Шәкең Москвадағы аспи-рантурасын бітіргеннен кейін С.М.Киров атындагы Қазақ мемлекет университетінің химия факультетінде кіші қызметкерден бастады. Одан кейін 1972 жылы Орта және жоғары білім министрлігінде аға инспектор, жоғары оқу жүйесі бөлім бастығының орынбасары және бастығы болды. 1977 жылдан бастап 10 жыл Қазақстан Министрлер Кеңесінің білім және денсаулық бөлімін басқарды. 1987 жылы Орта және жоғары білім министрі болып тағайындалды.1988 жылдан Қазақстан Республикасындағы бірнеше министрліктер біріккенде, Қазақстан Білім Министрі болып сайланды. Бұл аумалы-төкпелі кезең еді. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіз ел болып жарияланды. Бұл кезеңде Қазақстандағы білім мен ғылым туралы заңдарды дайындады және оқу жүйесіндегі реформаларды Шайсұлтан жүргізіп, басқарды. Осы жұмыстардың нәтижеле-рін бүгінгі таңда көріп отыр-мыз.
Шәкеңнің өмір жолын, еліне, халқына атқарған қызметін тұжырымдай келе оны елін сүйген ақиық азамат деп бағалап, руханият әлеміндегі бір жарқыраған жұлдыз болды деп білемін.
Жақын арада Қазақстан Республикамыздың Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев еліміздің тарихи тұлғаларының аттарын ұмытпай елге жеткізу керегін айтты. Ал, бүгін қазақтың ардақты да асыл, көрнекті, көркем, ұлағатты ұстаз, зиялы ғалым, бұрынғы Қазақстан Республикасының білім министрі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым мен білім қайраткері Шаяхметов Шайсұлтанға Қостанай қаласында ескерткіш қойып, бір көшенің атын берді. Оны ҚР ҰҒА президенті академик М.Жұрынов ұсыныс хат жазып, Қостанай облысының және Қостанай қаласы әкім-шіліктері бүкіл қала тұрғындарына ұсыныс жасап, қалалық мәслихат бұл ұсынысты қолдады. Ал, Шәкеңнің баласы Бейімбет болса, осыған байла-нысты шығындардың бір бөлігін өзіне алды.
Қостанай облысының әкімі Садуақасов Нұралы Мұстафа-ұлына және қала әкімі Ахметжанов Ахмедбек Масақбайұлына және қала халқына ұсынысты қолдағаны үшін шын жүректен мың да бір рақметімді айтам және бұл тамаша іс жалғасын табуына сенімім мол.