Халықтың лайықты тұрмысы үшін
Бүгінгі күні астықты өңірде қазір 517 ауыл бар. Онда облыс халқының 41% – і немесе 354 мыңнан астам адам тұрады. Сондықтан, ауылдық жерлерді дамытып, жергілікті тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасаудың маңызы зор. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен аспасөз мәслихатында сөз алған облыстық және бюджетік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина «Ауыл-ел бесігі!» мемлекеттік бағдарламасының өңірде жүзеге асырылу барысы туралы кеңінен баяндап берді.Айтуынша, бағдарлама шеңберінде ауылдарды дамыту, ауыл тұрғындары үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және тұтастай алғанда неғұрлым қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған бірқатар міндет шешімін таппақ. Жоба бойынша бірінші кезекте, әлеуметтік сала нысандарына – мектептер, саябақтар, ауруханалар, мәдениет үйлері күрделі жөндеулер жүргізіледі.
ә2019-2020 жылдары «Ауыл – ел бесігі!» аясында 86 мыңнан астам адам тұратын 18 ауылда 145 жоба іске асырылды. 2019 жылы Федоров, Сарыкөл, Боровское, Әулиекөл және Қарасу ауылдарының бес бірдей білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. Кентішілік жолдар жөнделді. Барлығы 2 млрд.теңгеден астам қаржыға 72 жоба іске асырылды. 2020 жылы жоба шеңберінде облыстың Ұзынкөл, Қарамеңді, Аманкелді, Денисовка, Қамысты, Торғай, Силантьевка, Обаған, Антоновка, Тобыл, Первомайское , Октябрьское, Шеминовка тәрізді 10 тірек және 3 серіктік ауылда 73 жобаны іске асыруға 5,7 млрд.теңге жұмсалды.
Силантьевка және Қамысты ауылдарындағы стадиондар қайта жаңартылды, 2020 жылы Ұзынкөл және Торғай кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысандарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін Денисовка және Қарамеңді ауылдарында қазандықтар пайдалануға берілді.
Меңдіқара ауданының Октябрь және Первомай ауылдарындағы екі орта мектепке, Аманкелді ауданының орталығындағы мектеп жанындағы интернатқа күрделі жөндеу жүргізілді»,-дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы бойынша Торғай және Қамысты ауылдарындағы екі аудандық аурухана, Б.Майлин ауданының Тобыл кентіндегі дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткен. Денисов мәдениет үйін күрделі жөндеу осы аудан орталығы тұрғындарының мәдени дамуына қолайлы жағдай жасады. Ауыл тұрғындарының жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында барлық 13 ауылда кентішілік жолдарды орташа жөндеу бойынша 50 жоба іске асырылған.
Г.Мұсағазинаның айтқанындай, биыл облыстың 73 мыңнан астам тұрғыны бар 20 ауданында 71 жобаны іске асыруға 6,5 млрд.теңге қарастырылыпты. Бүгінгі таңда барлық жоба ел игілігігіне айналған. Соның ішінде Аманқарағай ауылында модульдік қазандық іске қосылды, Аманкелді, Жанкелдин және Қостанай аудандарындағы төрт орта мектепке, Қарабалық кентіндегі мектеп жанындағы интернатқа күрделі жөндеу жүргізілді.
Аманқарағай ауылындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден кейін тұрғындарды қабылдаса, жақын күндері Научный ауылының медициналық пункті есігін айқара ашпақ.
Қарасу ауданының Октябрь ауылдық кітапханасына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Родина ауылының су құбыры желілерін қайта жаңартылды.
Енді жыл соңына дейін Қарабалық кентінің әлеуметтік нысандары үшін екі автономды қазандық пайдалануға беріледі. Осы аудандағы Научный ауылындағы мәдениет үйіне, Қарасу ауданындағы Железнодорожный ауылындағы орта мектепке және Заречный ауылындағы балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасының қаражатынан басқа, ауылдарды кешенді дамыту мақсатында, өзге де мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде және жергілікті бюджет қаражаты есебінен су құбырларын салу және реконструкциялау, мектептерді, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау объектілерін салу және күрделі жөндеу жөніндегі жобалар іске асырылып жатыр. Ақшалай қаражат ауылдардың көліктік қолжетімділігін жақсартуға, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті қолдауға, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, суды субсидиялауға және т.б. бағытталған. «Ауыл-ел бесігі!» бағдарламасы аясында бірқатар елдімекенде демеушілер қаражаты есебінен қосымша жобалар қолға алынған. Мәселен, Қарасу ауданының Железнодорожное ауылында спорт кешені, Аманкелді ауылында бассейн, медициналық пункт және Ұзынкөл ауданының Обаған ауылында дәрігерлерге арналып салынған пәтерлер, Аманкелді ауылында 8 пәтерлі тұрғын үй салынды. Балаларға арналған спорт алаңдары орнатылып, аулалар абаттандырылды. «Барлық өткізілген іс-шаралар ауылдарды дамытуға жаңа серпін береді және біздің өңірдің экономикасына оң әсерін тигізеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде тірек және спутниктік ауылдарды жаңғырту көрсеткіші «NurOtan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасына және «Қуатты өңірлер–ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілді. Келесі жылы 60 мың адам (59,7 мың адам) тұратын 32 ауылдық елді мекенде 75 жобаны іске асыру үшін 7,5 млрд.теңге бөлінді. Қарасу ауданының екі ауылын сумен жабдықтау бойынша жобаларды іске асыру, Ұзынкөл ауданының Ершов ауылында жаңа мәдениет үйін ашу, әлеуметтік саланың 16 объектісіне күрделі жөндеу жүргізу және кентішілік жолдарды орташа жөндеу жоспарланып отыр»,-дейді спикер.
Бұдан басқа, 2023 жылға арналған іс-шаралар тізбесін жоспарлау үшін объектілерді салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 120 млн.теңгеден астам қаражат бөлінген.
Әлібек ЫБЫРАЙ