Адамдық келбет пен азаматтық міндет
«Дала уалаяты», «Қазақ» газеттері мен «Айқап» журналындағы мақалаларды оқығанда "алашордалық" арыстарымыздың өз кезеңінде ұлт болашағын құрып, қазақ тарихын жасағандарын ұғынуға болады.
Мектепте оқып жүргенімде қазақ тілі мен әдебиетінен бастап, музыка, тарих, география, тіпті математика сабақтарында да "алашордалықтардың" атын өте жиі еститінбіз. Университет қабырғасында жүріп, қазіргідей тәуелсіздігімізге қол жеткізу кезіндегі ең жауапты кезеңнің тарихын Алаш арыстарының жасағанын түсіндім. Егер, сол кезеңдерде Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды зиялыларымыз орыстарға жармасып жүріп оқымаса, ұлт үшін ешқандай қызмет жасамаса, қазіргідей тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекет болар ма едік?
Ресейге отар болған дәуірде Әлихан, Ахаңдар партияның басында отырып ешкімнен жалақы алмаса да, ораза айларында құр сумен ауыз бекітсе де, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің жүгін арқалап, адамдық және азаматтық міндеттерін атқара алды. Әлихан мен Ахаң оқимын деген қазақ балаларын жасына қарамай, ауыл-ауылдардан жинап, оқытты. «Оқыған қазақтарды» көбейту үшін өз шәкірттерінен мұғалім мамандарын даярлап шығарды. Қазіргі кезде мектеп оқулықтарынан оқып жүрген тілдік бірліктеріміз бен әдеби шығармаларымыздың барлығын да сол кезеңде "алашордалық" азаматтар жазып, құрастырып, бізге қалдырды. Жаттап жүрген мақал-мәтел, аңыз-ертегі, жаңылтпаштарымыздың көп бөлігін "алашордалықтарымыз" халық арасынан жинақтап, мәдени мұрамызды жасады. «Қазақтың 100 әні» деген еңбекті Александр Затаевич ұлттық музыкамызға қызыққанынан халық ішінен жинақтады деп қуанамыз. Ал, А.Затаевичке бұл тапсырманы патшалықтан құпия түрде Әлихан Бөкейханов тапсырып, осы еңбекті жинақтауына керекті қаражатты өзі тауып бергені туралы ақпаратты біле бермейміз. Ал, олар бұл жұмыстарды сол кезеңде атқармағанында ше?…
Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынов жеріміздің көлемі мен шекарасын патшалық өкіметке «міне, осы қазаққа тиесілі жер» деп сызып көрсетіп, парасат-ақылымен қазіргі жерімізді сақтап, біздерге қалдырды.
«Қазақ» газетінің жинақ кітабын ашып қарасаңыз, газеттің әрбір санынан «әйел теңдігіне» қатысты мақаланы немесе өмірден алынған әдеби шығарманы таба аласыз. Алаштың азаматтары әйелдің теңдігіне, бостандығына, әрбір қыз баланың қара ошақтың басында "қарайып" отырмай, білім алуына үлкен мән берген.
Бұл жоғарыда аталған еңбектер алаш зиялылары жасаған жұмыстардың оннан бір бөлігі ғана… "Олар өз кезеңінде бұндай жұмыстарды жасамағанында не болар еді?" деген сұрақты жиі қайталап отырғаным бекерлік емес. "Алашордалық" арыстар алдыңғы қатарлы, оқыған-тоқыған жандар болғандықтан, журналист, ақын-жазушы, саясаткер, педагог, ғалым және экономист, заңгер сияқты мамандар жұмысын бір кезеңде қатар атқарды. Нағыз үлгі болар тұлғаларымыз – алаштық арыстарымыз. Қоғамдық қызметте жүрген танымал зиялыларымыз, «жұлдыздарымыз» немесе танымал болуға ұмтылған жастарымыз дәл осы арыстарымыздан үлгі алса екен деймін. Себебі, олар халықтың алдында жарқырап жүруге, танымал болуға, ықылас-алғыстарға құмар болмаған. Олар «Қайтсем елімнің пайдасына жараймын?» деген мақсатта өз бойындағы барлық қабілетін пайдаланып, тынымсыз қызмет ете білді. Әсіресе, журналисттер мемлекетіміздің қазіргідей «нағыз ағартушылық» кезеңінде дәл арыстарымыз сияқты жан-жақты ізденіспен табанды жұмыс істеуге міндетті болса керек.
Байқасақ, алаш алыптары қазіргі кейбір «зиялы» деп атайтын атақтыларымыз сияқты діннің сөзін халыққа ту қылып бұлдамаған, бос сөзбен үйінде ақыл айтып отырмаған… Оны Әлихан Бөкейхановтың мына сөзінен байқаймыз: «Ар-ұяты таза, тәуекелі күшті тұлға өзінің қайраткерлік қасиетін діннің шапанын жамылмай-ақ қоғамның барлық саласында айқын көрсете алады».
Мұра етіп қалдырған еңбектерінен «Тақуалық деңгейі» мен «жан тазалығы» анық көрініп тұратын алаштық арыстарымыздың өмірлік жолы біз сияқты жастарға зор үлгі болатыны сөзсіз. Адамдық келбет пен азаматтық міндетімізді тануда да Әлихан мен Ахаңдардың еңбектері біздерге зор мұра болып саналады.
Ең қызығы, Әлихан мен Ахаңдардың Қостанай өңірінен болғаны мені таң қалдырды. Қостанай қаласындағы мәдени-ағартушылық еңбектерді жинақтап, өңіріміздегі өлкетану жұмыстарын дамыта алатын болсақ, еліміздің өркендеу тарихына Қостанай қаласының қосатын үлесі зор болады деп сенемін.
Жұлдыз Қадырова,
ҚМПУ студенті
Әлихан Қостанай өңірінен бе еді
Негізінен осы қателікті жасамауды ойлап едім, ұмытып кетіппін) Әлихан мен Ахаңның атын қатар атап келіп, соңғы ойда да солай тіркес сияқты кеткен-ау. Ал, соңғы ойда осындай мәдени-ағартушылықпен айналысқан тұлғаларымыздың көбі Қостанайдан екенін айтқым келген.