МӘМС: міндеттен жалтармайық

Жыл басынан бері аймағымызда 306,5 мың төлеушіден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 14 млрд 369 млн теңге түскен. Сонымен қатар, мемлекет 15 жеңілдік санатындағы 412 мың адамға жарна төлейді. Өңірімізде 4 қарашадағы жағдай бойынша сақтандырылған азаматтардың саны 689,5 мың адам немесе 80,2% құрайды. Тиісінше, 170,6 мың тұрғын МӘМС жүйесінен тәуелсіз.
Осы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың өзге де мәселелері жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте баяндады.
Айталық, сақтандырылмаған азаматтар арасында азаматтық-құқықтық сипаттағы тұлғалар, бірыңғай жинақ төлемін төлеушілер, жалдамалы жұмысшылар, дербес төлеушілер бар. Тіпті, 60 мыңнан астам адам жыл бойы бірде-бір төлем жасамаған.
«Талдау көрсеткендей, сақтандырылмаған азаматтардың 40%-ын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін жалдамалы жұмыскерлер мен жеке тұлғалар құрайды. Бұл жұмыс берушілердің өз қызметкерлері үшін МӘМС төлемдерін уақтылы төлемеуімен, сондай-ақ ауыл тұрғындары жұмысының маусымдық сипатымен байланысты. Сондықтан біз облыстың әр тұрғынын сайттағы мәртебесін тексеруге шақырамыз. fms.kz, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы немесе Қордың байланыс орталығына 1406 нөмірі бойынша қоңырау шала алады. Жарналарды төлеу үшін рұқсатнамалар болған жағдайда оларды төлеу қажет, өйткені жаңа жылдан бастап берешек жойылмайды, ол әрбір төлеушіде соңғы 12 айда сақталады. Маусымдық жұмысшылар жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде ресми тіркелуі керек», – деді Б.Нұрғалиев.
Үстіміздегі жылы облысымыздың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру өсімі 34% құрап, 64,5 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне 41,3 млрд теңге, МӘМС-ке 23,2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияның алдын алуға, диагностикалауға және емдеуге, сондай-ақ covid-19 таралуын болдырмау мақсатында эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге 13,4 млрд теңге бөлінген.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓