АРАЛАС НЕКЕ ЖАҚСЫЛЫҚ ӘКЕЛМЕЙДІ

«Алёна, держись рядом. Стой тихо, ничего не трогай!» – деп қазақтың қара торы жас жігітінің орысша шүлдірлегені мені өзіне еріксіз назар аудартты. Ол да, мен де супермаркет кассасының алдында кезекте тұрмыз. Қасына ерткен кішкентай қызының келбетіне қарасаңыз тегі шатыс, тілі орыстікі. Таңырқауымды тарқата алмаған мен әлгі жігітті әңгімеге тарттым. Сұрастыра келе, оның есімі – Жасұлан, ал туып-өскен жері Қамысты ауданы екендігін білдім. Қазақ болғанына қарамастан орыстың қызына ғашық болып, екі жақтың келісімен отау құрыпты. Тұңғышының есімін Алёна қойғаны, қайын жұртына деген сүйіспеншілігі ме, әлде жан-жарына деген шексіз махаббатының дәлелі ме екен, ол жағы маған жұмбақ болып қала берді. Жасұланның айтуынша, тойға келгенде біраз қарама-қайшылықтарға тап болған. Қанша айтқанмен «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» емес пе? Дін жағынан да кедергілер бары белгілі. Соған қарамай жастар түтін түтеткен. Отбасы болғандықтан ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Талай түсініспеушілік салт жағынан орын алған екен. Қанша жерден езуге күлкі алып әңгімесін шерткенмен, астарында ауыр мұңнын жатқандығы аңғарылды…
Сэм Харисон деген білгіш: «Әрине, адамның кімге үйленуі – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда, аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы» депті. Шынында да, бұл сөздің жаны бар. Он миллионға жуық қазағы бар қазақстандықтар осылай өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтере берер болса, жұтылып, не орыс, не қытай болуы ғажап емес.image_l
Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Сондықтан бізде аралас некенің болуы заңды құбылыс. Статистикаға жүгінер болсақ, жыл сайын 100 мыңнан астам жұптың некесі кесілсе, оның ішінде 20 мыңы аралас неке. Осы мәселеге қатысты ұлт жанашырлары қанша мәрте дабыл қақса да, жағдай, керісінше ушығып барады.
Жаңа сайланған мәжіліс депутаты, белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан бір сұхбатында:
«Талай ұлттардың аралас некеден туған балалары өзара қақтығыс кезінде ұлтын сатып кетіп жатқанын тарихтан да, күнделікті өмірден де көріп жүрміз. Орыстілді қазақтардың орыстар жағына шығып кететіні сияқты. 70-жылдардан бастап Қытайда бала шектеу бағдарламасы жүрді. Қытай отбасына бір бала, қытай емеске екі бала деген саясат енді. Қытайлар ол бір баланың ер бала болғанын қалады. Оларда осылайша ер балалар саны көбейді. Енді оларға қыздарды қайдан табады? Әрине, Қазақстан дейтін ел бар. Қазақстанда қыз көп. Ағылшын киносындағы Борат дейтін кейіпкерді көріңіз, онда да қазақ қызын жәукемдеуден оңай ештеңе жоқ боп көрінеді. Мына «Ирония любви» деген кино арқылы қазақ қызы өзінің жігітін тастап, басқа ұлттың жігітіне тұрмысқа шығуға дайын тұрады. Ана «Қыз қылығы мен былығы» сияқты бағдарламалар арқылы, «Қараой», «Ирония любви» сияқты кинолар арқылы қазақ санасына теріс саясатты сіңіріп жатыр. Олардың ұстанымында: «Қазақтың қызында намыс жоқ». Халықтар достығы дейді де, кинода қазақ қызы орыстың жігітіне немесе басқа ұлттың адамына ғашық болады, тұрмысқа шығады. «Нереальная любовь» дейтін де кино бар, онда да осындай құбылыс. Бұл біздің ғана емес, әлемдік саясаттың жемісі. Бұндай мәселелермен енді мемлекет те күресе алмайды. Мұнымен әрбір қазақ өзі күресуі керек» деген екен.
Ендеше, сол әрбір қазақтың аралас некеге байланысты ойын білу үшін жастарды әңгімеге тартқан едік.
Гүлзия Ошанова, ҚМУ студенті:Гулзия
«Меніңше, кез келген азамат, мейлі ол ұл немесе қыз бала болсын, егер оның жүрегі қазақ деп соғып, санасында, тәрбиесінде өз ұлтына, еліне деген махаббаты мен жанашырлығы болса, ондай қадамға бармас деп ойлаймын. Аралас некеге баратындардың көбі «шала қазақтар». Отбасындағы тәрбие ақсап, жастардың ойын «көк жәшік» пен ғаламтор улайтын кездер де болып жатады. Ондағы махаббат ұлтқа, тілге қарамайды деген жаңсақ пікірді көбіміз ұстанатындығымыз сондықтан. Көп құрбыларымыз шетелге күйеуге шығып, асып-тасып өмір сүрген керемет емес пе дейді. Сонда жақсы тұрмыс, жайлы төсекті өз Отанына айырбастағаны ма? Ондай қыздардың болашақта өз баласына қазақ тілін үйрететіндігіне күмәнмен қараймын. Басты мәселе осы болып тұр».
 
Әлімжан Тойлыбай, мемлекеттік қызметкер:Алимжан
«Біреудің бақшасындағы гүлге екінші адам қызғанышпен қарайды, бұл – адамзаттың табиғаты. Егер, сол гүл өз бақшасында болмаса, оған арам пиғылмен көз салады. Өзге ұлттардың қазақ қыздарына құда түсуі де дәл осы заңдылыққа жатады. Өзге елдің еркегі ешқашан біздің аруларымызды бақытты қылуға тырыспайды. Олардың мақсаты бір ғана нәрсе – бақшадан жұлып алған гүл секілді, қазақ қызын өз ортамыздан жұлып әкетіп, аз уақыттан кейін, қызығы басылған соң, оның намысын аяққа таптап, қазақи рухын жоюға тырысады. Осылайша, бізді ұлтымыздың аяулы аруларымыздан, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен болашақ аналардан айырады. Мұндай дәлелдер бүгінгі таңда көптен кездесіп жатыр. Алайда, оған қыздарымызды ғана кіналауға болмайды, бұл ұлттық идеология мен отбасындағы тәрбиеден кеткен қателік. Қай ұлттың өкілі болса да, оның қазақ қызына көз тігуі – ұлтымыздың абыройына, ең басты қазынасына көз тігуі. Ондай қауіптен біз жанжал арқылы емес, үйдегі тәрбиемен, қазақи сана-сезіммен ғана құтыла аламыз. Сол үшін, қаракөз замандастарым, әрбір басқан қадамыңызды өзіңіздің, үлкен ұлттың абыройын ойлап басуыңызды қалаймын. Қазақтың жігіттері ғана сіздерді шын сүйе алады, қадірлейді және өз анасын, апа-қарындасын сыйлағандай сыйлайды. Соны ұмытпағайсыздар!»
 
Гүлдана Хабдуллина, жас ана:Гулдана
«Ұлт жанашырының шырылдауы тегін емес. Өзге ұлттан қазақ шығуы қиын. Елі үшін жаны ашып, жүрегі ауырмаған бала, ертең отанына опасыз, ұлтын сатар азамат болары анық. Ғабит Мүсірепов айтады, "қазақ әйелін – жан жолдасым» дейді. Онысы – жаны мен жаны үндес, ой-арманы үйлес, егіз адамбыз дегені. Ал өзге ұлттың адамы, қазақ қызына жаны үндес, егіз адам болып жүр ме екен? Жауабы табылмас сұрақ.
Сонымен қатар, аралас некенің шамадан тыс көбейіп кетуі жеке ұлт немесе ұлттық мемлекеттің жойылуына әкеліп соқтырады. Тарихта ондай оқиғалар жетерлік. Мысалы: өткен ғасырдың басында Испан отарынан азат болған Перу еліндегі билік үшін тартыс болды. Онда аралас некеден туған метистер отарлаушы креолдардың жағына шығып кетті. Яғни орыс тілді қазақтардың орысты жақтағаны сияқты. Көрші Ресейдің өзінде орыс бойжеткендердің көбі кавказдық жігіттерге тұрмысқа шығуда. Таза орыс азайп барады. Осылай кете берсе 150 миллиондық орыстың өзі 100 жылдан кейін тарих сахнасынан жойылып кетуі мүмкін. Біз аз ғана ұлтпыз. Сондықтан аралас неке мәселесіне келгенде кеңірек ойлануымыз керек деп ойлаймын».
 
Рүстем Ысқақов, «ССКӨБ» АҚ қызметкері:Рустем
«Жалпы, қазақ атам заманнан бері өзге ұлттан келін түсірген. Ежелде шапқыншылық кезеңдерінде жеңіске жеткенде қыз алып немесе тұтқынға түскендерді келін етіп қалдырған. Бірақ ешқашан өздері қыр асып, тау басып барып айттырып,
әйел алып келмеген. Біраз уақыт өте, адамдардың түсініктері де өзгере бастайды. Кейін білім қуып талай қазақ жастары Ресей еліне барып сол елдің қызын ерте келген. Мысал ретінде қазақтың талай зиялылары оқу іздеп барып өзбектің, татардың сауатты бойжеткендерін елімізге алып келгеніне тарих беттері куә. Бірақ ол заманда аралас некеден қатты зардап шеге қойғанымыз жоқ. Себебі қазақ ерінің жан дүниесіне ғашық болған өзге ұлттың нәзік жандылары кейін Қазақстанға келіп, біздің елге сіңіп кеткен. Тіпті, қазақи салт-дәстүрді де бұлжытпай орындаған. Біздің сөзге сенбесеңіз, қазақ ауылының біріне өзіңіз барып көріңіз. Ауылдағы орыс апаларымызды орыс деуге ауызыңыз бармайды. Кәдімгі қазақтың кемпірі. Айранын ұйытады, құрт майын жасайды, керек десеңіз, мақалдатып әңгімесін айтады. Содан кейін оларды қалай жатсынасың? Сонау қуғын-сүргін заманда Мұхтар Әуезовтың аман қалуын талай адам оның орыс қызына үйленуімен байланыстырды. Сондықтан қазақтың ер жігіті шетелден келін алып, оны қазақы тәрбиеге салам десе оның еш айыбы жоқ. Нәзік жандыларға келсек, бұл мүлдем бөлек әңгіме».
 
ДІН НЕ ДЕЙДІ?
 
Шариғатта мәлім болғанындай, мұсылман әйелдің мұсылман емес еркекпен үйленуі егер діні, наным-сенімі қандай болса да мүлде мүмкін емес. Мұндай неке бос, бекер болып табылады. Оған ешқандай үкімдер жүрмейді. Бұл еркектен туылған бала, оның тегіне жатпайды. Ал мұсылман еркектің мұсылман емес әйелге үйленуі, егер кітап иелерінен, яғни еврей немесе христиан дінінде болса, үйленуге болады. Осы, кітап иелерінен басқа әйелдерге үйлену харам. Сондықтан дінсіз, буддист, индус, бұтпарас, отпарас және исламнан қайтқан әйелге үйленуге болмайды. Аллаһ тағаланы, елшісін, дінін, үкімдерін жақсы көрмеген әйел, мұсылман отбасында дүниеге келген болса да, ешқашан мұсылман болып есептелмейді. Негізінде шариғат мұсылман емес әйелдерге үйленуге бұйырмайды. Керісінше, қандай болғанда да, мұсылман әйелдерге үйленуге бұйырады. Өйткені, мұсылман әйел күйеуіне опалы, балаларына жан күйдіруші болып келеді. Аллаһ тағала айтқан: «Иман келтіргенше мүшрік әйелдерге үйленбеңдер! Шындығында азат мүшрік әйелден, тіпті ол саған ұнаса да, иманды күң әйел жақсырақ…».(Бақара сүресі, 221-ші аят)1-2
Қорыта айтқанда, «Тең теңімен, тезек қабымен» деген сөз ойға еріксіз оралады. Өз ұлтыңның қызын алып, балаларыңды қазағымыздың тамаша тіліне, мәдениеті мен салт-дәстүріне үйреткенге не жетсін. Патриотпын десең, алдымен, қазақтың ұрпағын көбейт, тілін насихатта. Аралас неке жайлы мүлдем ұмыт. Қазақтың қара домалағы тұрғанда, өзгені ойлама да дегім келеді қазіргі жастарға. Біздікі, тек – айту, ой салу ғана. Тыңдау, таңдау сіздердің өз еркілеріңізде.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

1 Response

  1. Динара айтты:

    Жігіттер басқа ұлттың қызын ала берсін, ал қыздың жөні бір басқа деген пікір-таяз адамның пікірі.Қазақта ел қорғау, зиялылық, әділдік, батылдық т.б. себептердің салдарынан жігіттер көптеп шейіт кеткен. қыз-қырқын, басы бос әйел тым көп. Сонда олар дені сау бола тұра адам жетпесе қарақытайға, орысқа кетпей енді білімді бойдақ кемпір санын көбейте ме?Ешбір қазақ баласы өзге ұлтпен үй болмауы керек. ұнататын да ештеңесі жоқ, немене сондай түр-келбет, ақыл-тұлға  қазақта жоқ па? Өтірік.Ар жағында ерік күші, санасы аздық етеді.Жалпы қазіргі жұрттың кәрісі, жасамысы, жасы бәрі надан, мәңгүрт, безбүйрек. Әйтпесе неге ұлт болашағын ойлап сөзін, әрекетін, әдебін жөндемейді.Ә. Тойлыбай парасатты жігіт, сөзі орынды, қисынды.Идеология да, ата-ана тәрбиесі де ақсап тұр.Үй болу,ұрпақ тәрбиесі,болашаққа барар жол бәрі де адыра қалып барады, себебі оны ұғар сана жоқ.Бірдеңе деші-арп-арп, әп-әп деп балақтан қауып, ізіңді таласын.Эмоцияға белшеден батып әділ сөзіңді ұқпайды.Ақылға салмай абалайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓