Отанын қорғау – әр жігіттің парызы
Отан алдындағы борышын өтеу – ер жігіттің парызы. Осынау абыройлы міндетті орындау үшін қостанайлық қырық бес жас ҚР Қарулы күштерінің қатарына алынды.
Әскерге шығарып салу шарасы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жинақтау пунктінде өтті. Оған жергілікті билік басшылары, ардагерлер және ата-аналар қатысты. Салтанатты жиында аға буын өкілдері болашақ сарбаздарға ақ жол тіледі. Аталған жастар Жамбыл облысындағы "Отар" гвардиялық бөлімшесінде әскери міндетін өтейтін болады.
– Әскер қатарына шақырылу ер жігіттің өмірінде ерекше орын алатын оқиға. Сондықтан, қостанайлық азаматтардың ұлттық армияның сапындағы міндетті адалдықпен атқаруына тілектеспін, – деді Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиев.
Әулиекөлдік Шынар мен Біржан Шөменовтер балаларын әскерге шығарып салу үшін облыс орталығына арнайы келіпті. Ерлі-зайыптылар ортаншы ұлы Олжас-тың әскерге барамын деген ойын бір ауыздан қолдаған. Себебі, еліміздегі 18 жасқа толған кез келген азамат Отан алдындағы міндетін өтеуге тиісті.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
Әскерге шақырылған бір топ жас