АХАҢ ТОЙЫНА ӘЗІРЛІК

Келесі жылы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады. Даңқты жерлесіміздің мерейтойына дайындық басталып та кетті. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Ұлт қайраткерінің тойына әзірлік мәселесі туралы кеңес өткізді. «2022 жылы елімізде  Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы кең ауқымда атап өтілмек. Ол үшін ҚР Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік комиссия бекітіліп, республикалық жоспар әзірленді. Республикалық жоспарға сай түзілген  60 тармақтың 23 тапсырмасын орындауға облыс әкімдіктері жауапты. Оның ішінде біздің облысқа 8 нақты іс-шара жүктелген.  Мерейтой қарсаңында Қарасу ауылы А.Байтұрсынұлы ауылы болып өзгертілді. Сондай-ақ, Жанкелдин ауданының көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған 1 млрд теңгеден астам қаржыға тиісті жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, аудан орталығы Торғай кентінде Ахмет Байтұрсынұлы көшесі абаттандырылды , Шұбалаң-Қарасу-Көкалат бағытындағы жол жөнделді Аудан орталығында бірқатар көшелер қалыпқа келтірілді. Жергілікті халықтың өтініші бойынша Ұлы Жыланшық өзені арқылы Ақкөл мен А.Байтұрсынұлы ауылдарын және басқа да инженерлік объектілерді жалғайтын көпір салынды»,-деді облыс басшысы кеңесте.Аталған іс-шаралардан басқа, қала мен аудан әкімдіктеріне республикалық және облыстық жоспарларда көзделген барлық ғылыми-ағартушылық, мәдени-бұқаралық және басқа да имидждік іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.Мерейтойлық күнді ЮНЕСКО аясында халықаралық деңгейде атап өту көзделіп отыр. Осыған байланысты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, Ахмет Байтұрсыновтың туған жеріне ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастыру жоспарланған.Жанкелдин ауданының мәдениет басқармасы және әкімдігімен бірлесіп маусымдық-тарихи және арт-алаң ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ,  А.Байтұрсынұлына  арналған Визит-орталықтың мазмұны мен форматы өзгертілмек.Бұдан басқа, 2022-2023 оқу жылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Алтын белгі» иегерлері үшін облыс үшін маңызды педагогикалық және инженерлік-техникалық мамандықтарға  Ахмет Байтұрсынұлы  атындағы гранттар берілетін болады. Облыс бойынша Қостанай, Арқалық қалалары мен Әулиекөл, Жанкелдин аудандарында орналасқан А.Байтұрсынұлы ескерткіштеріне жөндеу жүргізіледі.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓