Жерлесіміз жекпе-жек жеңімпазы
Қостанайлық полицей қыз Сая Әуелбекова жекпе-жектен Азия чемпионатында жеңіске жетті.
ІІІ ашық Азия чемпионаты Қостанай қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен болатын. Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Ресей елдерінің мықтылары қатысып, ерлер, әйелдер және жастар күш сынасты. Осы турнирде 54 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Сая қарсылас шыдатпай, чемпион атанды.
Сая Әуелбекова спортпен 17 жасынан айналысады. Жетістіктері аз емес: ол еркін күрестен спорт шебері және самбодан спорт шеберлігіне үміткер. Қазіргі таңда облыстық Полиция департаментінің Жедел әрекет ету арнайы жасағында инспектор болып қызмет етеді, полиция капитаны.
"Бұл менің осы спорт түрінен алғаш рет кілемге шығуым. Үлкен тәжірибе жинап, өзімді басқа қырымнан таныдым десем болады. Осы жарыс маған әлем чемпионатына жолдама алып берді. Сондықтан бұл жеңіс жетістіктерімнің басы деп ойлаймын. Командиріміз Жәнібек Мұхамеджановқа көп рахмет айтамын, сол кісінің арқасында жарыстарға тыңғылықты дайындалып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүрміз", – дейді Сая.
Полиция капитаны алда тұрған чемпионат бұдан да зор жауапкершілікті талап ететінін жақсы түсінеді. Қазірдің өзінде әлемдік турнирге дайындықты бастап кетті.
Естеріңізге салайық, Сая Әуелбекова осы жылы Ақтау қаласында самбо күресінен өткен республикалық чемпионатта 2-орын иеленген болатын.