“Алтын микрофон-2021”: облыс намысын кімдер қорғайды?
Қостанайда оn-line режиміндегі дәстүрлі "Алтын микрофон-2021" XVIII халықаралық вокалистер байқауының облыстық іріктеу кезеңі аяқталды. Жеңімпаздар халықаралық сында өңір намысын қорғайтын болады.
Облыстық іріктеу кезеңі осы жылдың 1 қазанында басталып, 1 қарашаға дейін 60 қатысушыдан өтінім мен бейнематериалдар қабылданған еді. Үміткерлердің бейнематериалдарын мұқият көріп, дауыстарын тыңдай келіп, қазылар алқасы І, ІІ және ІІІ дәрежедегі лауреат атануға лайық жас дарындарды анықтады. Олардың ішінен байқаудың халықаралық кезеңінде өнер көрсететін қатысушылардың есімдері белгілі болды.
Қатысушыларға Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының солисі Гүлбану Абдуллина, ҚР Мәдениет үздігі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, облыстық филармонияның әншісі Манапбек Кәдіров, халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты, облыстық филармонияның "Славянская песня" ансамблінің солисі Татьяна Мырзатаев жас әншілерге төрелік етті.
Сонымен, қазылар мүшесі облыстық іріктеу кезеңінде 5-10 жас, 11-13 жас, 14-17 жас және 18-21 жас деңгейлері бойынша үздік үштікке іліккен 12 жүлдегердің аты-жөндерін жариялады. Әр топтың төрт жеңімпазына байқаудың халықаралық кезеңінде өнер көрсетуге жолдама берді. Кіші топта арқалықтық Нұржайна Таубалды, орта топта жітіқаралық Ясмина Аюпова, ересектер тобында қостанайлық Варвара Чеснокова және кәсібилер тобында Қостанай ауданының дарыны Алмат Жаңабай Қостанай облысының намысын қорғайды.