Қызметші қылмысы басшыға жүк

Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің төменгі және орта буындарындағы сыбайлас жемқорлық туралы сөз еткен болатын. Мемлекет басшысы Үкімет жұмысының мақсаты сыбайлас жемқорларды ұстау ғана емес, бюрократиялық олқылықтар мен схемаларды, сондай-ақ басқарудың кемшіліктерін жою болуға тиіс екенін атап өткен еді. Дәл осы мақсатта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірқатар заңнамалық бастама ұсынып отыр. Солардың бірі – қызметкерлері арасындағы "бармақ басты, көз қысты" фактілері үшін бірінші басшылардың отставкаға кетуі және дербес жауапкешілікке міндеттелуі. Енді әрбір басшы өзінің бақылауындағы мемлекеттік орган мен ұйымда белең алған сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жауапкер болады.
«2021 жылы өңірде қол астындағылардың сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін бірден 11 басшы тәртіптік жауапкершілік арқалады, – деп түсіндірді Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Данияр Смағұлов. – Тәртіптік жазаларға көбірек ауыл шаруашылығы саласы мекемелерінің, барлық деңгейдегі әкімдіктердің және Қаржы министрлігінің ведомстволық бағынышты ұйымдарының қызметкерлері тартылды".
Сондай-ақ, Смағұлов төрт шенеуніктің сөгіс алғанын, тағы екеуіне ескерту мен қатаң сөгіс жарияланғанын, атқаратын қызметінен босатылғанын және үш мемлекеттік қызметшінің қызметінен босатылғанын атап өтті.
Сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, әкімдіктің Білім бөлімінің басшысы және Федоров ауданының әкімі тартылды. Құқық қорғау блогы да айыпкерлер қатарынан табылды, ҚК 161/4 қылмыстық – түзеу мекемесі бастығының міндетін атқарушыдан айыппұл өндіріп алынды. Сонымен қатар, Қостанай қаласындағы орта мектептердің бірінің директорының міндетін атқарушы қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Осы жылдың тамыз айында Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзып, тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Әсет Айсинге қатысты іс қаралған еді. Қорытындысында ол қызметінен босатылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі тағы да бірқатар мемлекеттік қызметшіге қатысты қылмыстық істер сотқа дейінгі тергеу және сот талқылауы сатысында екенін айтып отыр. Олар қылмыстық жауапкершілікке тартылған жағдайда, саяси лауазымдағы басшылар отставкаға кетуі керек, ал әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер бағыныштылары сотталған жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓