Жойқын жол апаты: 4 адам қаза тапты

Жангелдин және Б.Майлин аудандары маңында болған жол-көлік оқиғалары туралы ақпаратты облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. 
Қайғылы оқиға 9 қарашада шамамен сағат 15.00 кезінде "Арқалық-Торғай" тас жолының 59-шақырымында, Тәуіш ауылы тұсында болды. "AUDI-80" автокөлігін тізгіндеген 52 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай қалып, көлік жол жиегінен аударылып кеткен. Апат салдарынан жүргізуші, сондай-ақ Торғай кентінің 50 және 56 жастағы тұрғындары оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ауыр жарақат алған 7 жасар қыз бала Жангелдин ауданының орталық ауруханасына жеткізілген.
Дәл осы күні сағат 17.00 кезінде "Қостанай-Қарабұтақ" автожолының 102-шақырымында, Тобыл кентінен 8 шақырым жерде тағы бір жол апаты болды. Ресейлік нөмірі бар "ВАЗ-2112" көлігін басқарып келе жатқан 23 жастағы жүргізуші де жол жиегіндегі шұңқырға ауып кеткен. Апат салдарынан ол Лисаков қалалық ауруханасының жан сақтау бөлімінде көз жұмды. 17 және 28 жастағы жолаушылар осы ауруханада ем қабылдап жатыр.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓