Айсекең айтқан екен

image descriptionАйса ЕГІЗБАЙҰЛЫ (1904-1982) – Торғай,  Тобыл өңірінде оның есімін атаса танымайтын, әңгімелері айтылса құлағын созып тыңдамайтын адам жоқтың қасы. Айсаның тап басып табанда айтқан өтірікке бергісіз әзіл-қалжыңдары күні бүгінге дейін ел аузында. Ол кісі залалсыз, жағымды әңгімелерін бастағанда-ақ тыңдағандар күле жөнелгенде "неге күлдіңіз" деп таңданбаған. Өйткені ол өзінің күлдіретініне 99,9 пайыз сенімді болатын. Өз сөзімен айтқанда "өмірі өтірік айтып көрмеген" Айсекең 1982 жылы өмірден озған. Өлер алдында "мені қараңғы жерге көмбеңдер, қорқам" деп өсиет айтып кетіпті. Сол айтқыш Айсекеңнің бірер әңгімесін сіздерге жеткізбекке оқталдым.
 
Тәбәрік
Бірде Айсаке карта ойнаушылардың арасына түсіп ұтылып, қалтасын қағып шығыпты. Онысын естіп қалған ауылдас құрдастары:
– Айсеке-ау, сізді кеше карта ойнап олжалы келді деді ма? Олжадан байлау деген ырым болмашы ма еді?! Енді былай "тәбәрік" бермейсіз бе? – дейді.
Сонда Айсекең:
– Әй, қулар-ай құлақтарың ұзын,ә? Сендерде естіп қалған екенсіңдер ғой, мә! – деп қалтасындағы қалып жарытпаған ақшасын үлестіріп беріпті. 
 
Осыған разы бол
Қақаған қысты күні бір жолаушы жігіт ат шанасының жетегін сындырып алып, қамығып ділгәр болып тұрғанда құдай айдап Айсекең кездесе кетіпті:
– Айналайын-ау, осы біздің үй толған жетек, өзіңе нешеуі керек? – деп үйіне ертіп апарыпты.
Айсекең қора-қопсыны әрі ақтарып, бері ақтарып бірде бір жетек таба алмай, өз шанасының жетегін шешіп әкеліп:
– Балалар бәрін отқа бұтап тастаған ба!? Мә, шырағым, бары осы болды, осыған разы бол, – деп ұстата беріпті.
 
Бір-ақ қапшық құм
Айсекеңнің сауда саласында жұмыс істеген туыстарының бірінің мойнына ақша мініп ісі сотқа түсіпті.
– Әй, шырақтарым-ай, өзім бәлен жыл аудандық жол бөлімін басқарғанда мойныма не бәрі бір-ақ қапшық құм мініп еді, ал сендердің мына істеріңе таңым бар, – деп кейіпті Айсекең.
 
Үміт
– Айсеке, есіміңіз жалпақ елге қар суындай жайылып кеткен белгілі адамсыз. Ел үшін тындырған істеріңіз, аузыңыздан шыққан әр сөзіңіз жерге түспей ел аузында жүр. Осы жақсы қасиеттеріңіз дарыған балаларыңыз бар ма енді? – деп біреу қазымырланып сұрапты.
– Ішімнен шығармай жүрген бір сырым еді. Айтайын айналайын, сұрадың ғой. Бүгінгідей заманда әкеге тартып ұл  туа бере ме, дегенмен құдайы көршімнің кішкентайынан үмітім бар, – депті Айсекең.
 
"Здесь балық много"
Бірде Айсекең жоғалған малын іздеп өзен жағалап жүреді. Іздегенге сұраған. Балық аулағалы жүрген орыс ағайындар жанына тоқтай қалып сәлемдесіп:
– Балығы көп жерді білесіз бе? Көрсетіп жіберсеңіз, – дейді. Машинаға отырып  өзен бойын жағалап, сиыры көзге көрінбеген сайын әне жер, мына жерге тоқтатып түсе қалып суға саусағын малып жіберіп, қайта суырып алып жалап, дәмін татып:
– Здесь рыба жоқ, – деумен біраз жерді сүзіп шығады. Сиыры жайылып жүрген жерге дөп келгенде түсе қалып тағы жалап:
– Наконец-то нашли. Вот, здесь балық много, – депті.
 
Мені танымағаның, енді…
Елде Айсаны танымайтын адам ілуде біреу шығар. Есімі пайғамбармен аттас, ісі Қожанасырға, сөзі Алдаркөсеге ағайындас. Айсекеңе бірде сол "ілуде біреудің" бірі кездесіп қалып "сізді танымадық" деп төбеден түскендей топ еткізіпті.
Сонда Айсекең қатты ренжіп:
– Әй шырағым-ай, осы уақытқа дейін Егізбайдың Айсасын білмей қайда жүрген баласың? Өзің қай планетадан келгенсің?! Мені танымағаның енді ерсілеу болды ғой, – дейді.
 
Менде тағы бір шалбар бар
Айса ағамыз жаратылысы бөлек ақ көңіл, ашық қолды, кімге де болса жарты нанын бөліп берер  жомарт жан екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Ұлы Отан соғысы кезінде, ел тұрмысы нашар уақытта қызмет бабымен ауыл-ауылды аралапты. Үй иесі ақсақалдың жалаң аяқ отырғанын көрген Айса аяғындағы құрым мәсін ойланбастан шешіп беріпті.
Оны көрген бір қу:  
– Меніңде шалбарым тозып себеттей селдіреп денем көрініп жүр еді, Айсеке, – депті.
– Ішінде тағы бір жұқа шалбарым бар, мынаны сен кие ғой, – деп Айсекең бұтындағы шалбарын сыпырып беріпті.
 
Айсаның Нұрқанмен айтысы
Ер жүрек Айсекең бірде халық ақыны Нұрқан Ахметбековты үйіне іздеп барып кірген бетте:
Қолында Дариғаның алтын қайшы,
Қосылып екеуміз ән салайықшы.
Баласы Ахметбектің ақын Нұрқан,
Менімен айтысуға өлең дайындап қойшы, – деп өлеңдетіп қоя беріпті.
– Шіркін Айсекең ағып тұрған ақын емес пе. Онымен айтысуға біздің шамамыз келмейді ғой, – деп Нұрқан ақын "мойындап" жантая кетіпті.
 
Сотталдың екен…
Ауылдас, туыстас бір жігіт екі жылға сотталыпты. Оны естіген Айса:
– Шірік неме, ұялмай әйелдің статьясымен сотталып отырғанын қарашы. Есің болса сотталма, ал сотталдың екен жас кезімдегі мен  сияқты 25 жылдан кемге кетпе, – деп ренжіпті.
 
Әлі талай сотталарсың
Айсаның сөздеріне айызы қанып, бір көруге ынтазар болып жүретін Табыл Құлиясовты Сейіт Кенжахметов ағамыз бірде сәті түсіп Айсаның үйіне алып барыпты. Үш айтқыш қосылып әбден әңгіме қызған кезде бір әңгіменің ретінде Айсекең:
– Осы жасыма дейін 25 жылдан үш рет 75 жылға сотталған адаммын – десе керек. Төкеңде өтірігі ме, шыны ма қарап отырмай:
– Мен де үш-төрт жыл отырып келіп едім, – депті.
Сонда Айса жұлып алғандай:
– Айналайын, "күлме досқа, келер басқа" деген, басың жас қой, әлі талай сотталарсың – деп ренжіген кейіп танытыпты.
 
Кімге тартып…
Айса Түгелбай деген ұлының ескен әңгімесін ептеп тұздықтап жіберетінін естіп:
– Балам-ау, сен осы кімге тартып өтірікші болып жүрсің. Тіпті тұқымымызда өтірік айтатын адам жоқ, – деп кейіпті.
 
"Анау құлап қалды"
Айса көршісімен бір бөтелкені қалпағын қайырып бастағаны сол еді, серігін жұмысқа шақырып кетеді. "Піскен астың күйігі жаман" серігі апыл-ғұпыл ісін тындырып қайтып оралса, Айса арақтың теңкиген бос бөтелкесін сұқ саусағымен шұқып көрсетіп:
– Сен кетіп қалдың, анау құлап қалды, мен әлі отырмын, – десе керек.
 
Мойындату
Ертеректе Айса ағамыз Балғабай деген ақындығы бар ауылдасымен ат арбамен кең далада елге қарай келе жатса керек.
– Айсеке, өзіңізбен бір оңашада айызым қанғанша айтысайыншы:
Арбаның дөңгелегі салады ирек,
Көк атың келеді оны әзер сүйреп,
Айсеке бір ат тауып мінбедің бе,
Тұрғанда бұл Торғайды өзің билеп?! – деп өлеңдетіп жібереді. Сөзге дес бермейтін Айсекеңде табанда өзінің үйреншікті мақамы мен ұйқасына салып:
Балғабай мына сөзді қалай айттың,
Тәйірі, іздесек бір ат тауып мінеміз ғой,
Зибаш-ау,
Қасың қара қиғаш-ау, – деп қайырмасымен қайырып жібергенде Балғабай:
– Ой, Айсеке жеңілдім, жеңілдім. Әлі де бабыңда балқып тұр екенсің ғой, – деп қол көтеріп мойындапты.
 
Жуып-шаю
Айсекең бір жылдары "мойнына құм мініп" емес болмашы іспен ісі сотқа түсіпті. Істі қараған халық соты Қабижан Мырзахметов сот ісі тәртібімен айыпталушыдан бәрін сұрай-сұрай келе кезекті "Бұрын сотталып па едіңіз?" деген сұрақты қойғанда залда отырған ауыл адамдары қозғалысқа түсіп күлкі қысқан үндерін тұншықтырып ауыздарын жауып жатыпты. Жұртшылықта жайшылықта Айсекеңнің "мойныма құм мініп 25 жылға сотталғанмын" дейтін әзіл әңгімесі еске түсіп "өтіріктің өрісі тар" деген енді не дер екен деген ынтызар кейіппен құлақтарын түре қалған.
Сонда Айсекең сабырлы, байыпты қалыппен аспай-саспай:
– Осы елде тұрып жатқаныма қаншама жылдар өтті. Мына отырған жұрт куә. Ісім болса да ендігі жойылып та кететін болды ғой – деп жуып-шайып жіберіпті. 
Ел аузынан теріп қағазға түсірген
Сапар ӘБІЛКӘКІМТЕГІ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓