Жабдықталу – 100 пайыз
Биылғы 12 сәуірінде ел Үкіметінің «Террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызу өлшемшарттары мен қағидаларын бекіту туралы» қаулысымен білім беру нысандарына қойылатын талаптар өзгертілген болатын. Оған сәйкес білім алушылар мен персоналдың жалпы саны 100 және одан да көп адам болатын білім беру ұйымдары адамдар көп шоғырланатын объектілер санатына жатқызылды. Ал 6 мамырдағы Үкіметтің қаулысымен террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын жаңа талаптар бекітілді. Осыған сәйкес адамдар көп жиналатын объектілер, оның ішінде білім беру объектілері міндетті түрде бейнебақылау жүйелерімен, сөйлеу арқылы хабарлау құралдарымен және күзет пультіне сигнал беретін дабыл түймелерімен жарақталу қажет.
Оқу-тәрбие орындарының лаңкестікке қарсы әзірлігі жайында аймақтың ішкі істер және білім ведомстволарының өкілдері өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте баяндады. Айталық, Қостанай облысының террористік тұрғыдан осал объектілерінің қолданыстағы тізбесіне 507 білім беру ұйымы, оның ішінде 9 ЖОО, 35 колледж, 306 мектеп, 131 балабақша және 26 өзге де білім беру ұйымдары (мектеп интернаттары, шығармашылық және өнер үйлері) кіреді.
«Қазіргі уақытта аймақтың білім беру ұйымдары толық бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Полицияның жедел басқару орталықтары Қостанай қаласының 37 мектебінің және Рудный қаласының 21 мектебінің камераларын бақылап отыр. Өңірдің қалған қалалары мен аудан орталықтарында полицияның жергілікті бөлімдеріне мектептік Бейнебақылау жүйелерін қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Көрсетілген шаралар облыстың жалпы білім беретін мектептеріне, гимназиялары мен лицейлеріне бейнебақылау жүргізуді нақты уақыт режимінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Сембин.
Сондай-ақ, Қостанайдағы барлық мектептерде орнатылғандай, Рудный және Арқалық қалаларын қосқанда 127 оқу орнында «дабыл түймелері» жұмыс істеп тұр. Облыстың басқа өңірлерінде бұл жұмысты жалғасу қолға алынған.
Ал 1 қарашадағы жағдай бойынша 148 мектепке турникеттер орнатылыпты. Осылайша, облыстың әрбір үшінші мектебінде кіруді бақылау және басқару жүйесі бар. Сондай-ақ, турникеттермен 21 колледж қамтамасыз етілген.
«Бұдан басқа, террористік тұрғыдан осал барлық білім беру объектілерінде қоршау бар. Бүгінгі күні «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы №305 қаулысының талаптарына сәйкес білім беру объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуының паспорттарын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде», – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айман Ибраева.