Жаңа жүйе жауапкершілікті жүктейді
Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында денсаулық саласын дамыту мәселелеріне үлкен көңіл бөлінген. Мәселен, 80-қадамда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жаңа жүйесін енгізу туралы айтылған. Келер жылдың қаңтар айында жүзеге асырылғалы отырған бұл жүйенің еліміздің азаматтарының өз денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастырудағы маңызы өте зор.
Бүгін облыс әкімі А.Мұхамбетовтың жетекшілігімен өткен мәжілісте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Г.Байжұманова 2017 жылдан бастап елімізде енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтары жайлы баяндады. Оның сөзінше, Ұлт жоспарымен бекітілген жүйе мемлекетті артық міндеттерден босатып қана қоймай, халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін күшейтеді.
-Ұлт жоспарынынң 80-қадамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге бағытталады. Медицинаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі – өте орынды бастама. Өйткені, медициналық сақтандыру әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады. Медициналық сақтандыру үшін еліміздің кез келген азаматы ақшасының бір бөлігін сақтандыру қорына аударады. Ал, әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін топ өкілдері мемлекет қамқорлығынсыз қалмайды, – дейді Г.Байжұманова.
Бүгінде облыс әкімінің өкімімен құрылған апараттық-насихат штабының мүшелері өңірлерді аралап, медициналық сақтандыруды енгізу кезеңдері мен оның ұтымды тұстарын тұрғындар мен жұмыс берушілерге толыққанды түсіндіру жұмыстарын бастап та кетті.
Аймақ басшысы А.Мұхамбетов те жаңа жүйеге байланысты ел арасында ақпараттық үгіт жұмыстарының жан-жақты жүргізілуі керектігін айтып, осы бағытта оң нәтижелерге қол жеткізу үшін сала басшысына, бірқатар басқарма басшыларына мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Қарлығаш ОСПАНОВА