Көптен күткен қуаныш
Лисаков қаласында компьютерлік томография кабинетінің ашылу салтанаты өтті. Бұл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсанында шаһар тұрғындарына жасалған үлкен сый. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Siemens Healthcare GmbH (Германия) компаниясы арасында келісімшарт арқылы іске асырылған жобаның құны 325,4 млн теңгені құрап отыр. Бұл туралы қалалық әкімдік Instagram парақшасында жариялап отыр.
Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Айта кету керек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы деңсаулық саласына ерекше назар аударып, жыл сайынғы жолдауында коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керектігін басып айтты. Үкімет тарапынан жылдан жылға медицина ұйымдарын жабдықтандыруға, кадрлар даярлауға, мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге қомақты қаражат бөлінуде. Соның жарқын көрінісі – Лисаковта ашылып жатқан аталған компьютерлік томография кабинеті. Бұрын азаматтар аппаратқа түсу үшін Қостанайға баратын.
«Компьютерлік томографияны тұрақты тәжірибеге кеңінен енгізген кезде ғана халыққа заманауи деңгейдегі медициналық көмек көрсетілмек. Бұл оны көрсетудің жаңа стандарттарында жүзеге асыруды талап етеді. КТ-зерттеулерді оқытудан өткен және тиісті рұқсат құжаттары бар сәулелік диагностика мамандары жүргізеді. Жаңа кабинеттің ашылуының арқасында біздің өңір бойынша пациенттерді тексеру және диагностикалау жүктемесі алынып тасталады», – делінген ақпараттық хабарламада.