Түйемойнақтағы тұщымды әңгіме Денисов ауданындағы “Қостанай таңы” күндерінен
Жаңалыққа жаны жақын жамағатпен жүздесулердің тағы бір сәті Түйемойнақ (Денисов ауданы) жерінде болды. Алғашында "газет таралымы аз аудан бізді қалай қарсы алар екен? Оқырмандарымыз басқалар сияқты алқа-қотан жиналып, сауалдың астына алмайтын шығар" деген ойда болдық. Сөйтсек, әлгі ойымыздың күлі көкке ұшты. Аудандық мәдениет үйіне кіре берістен түйемойнақтық оқырмандар күймен қарсы алып, қонақжайлығын, ұлттық рухын анадайдан көрсетіп жатты. Мәжіліске жиналған бұқара халық әлсін-әлсін сауал қойып, сұрақтың астына алды. Кәдімгідей сергіп, серпіліп, әңгіменің көрігін қыздырды. Отансүйгіштік, ұлттық рухы менмұндалап тұрған оқырмандарымыздың мына көрінісін көрген біздер таң-тамаша боп қалдық.
Алдымен газет редакторы Жанұзақ Аязбеков сөз сөйлеп, газеттің өткен тарихы мен бүгіні, келешегі туралы ойларын жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Болат Смадияровқа газет қабырғасынан құрылған социологиялық орталықтың Денисов ауданы жайында дайындалған сауалнамасы туралы жинақты табыс етті. Бұл жинақ бұған дейін де басқа қала, аудандарға да табыс етілген-ді. Жергілікті көркемөнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, біздің ұжыммен бірлесе шығармашыл жұмыс атқаратындарын да әңгімеледі.
аудандық мәслихат
хатшысы:
Кезінде ауданымызда сіз-дердің меншікті тілшілеріңіз болғанды. Ол – Молдахмет Ғалымжанов деген атамыз. Міне, содан бері Түйемойнақтан хабарлар газет бетінен көрінбей кетті. Өзім Ресей жерінде дүниеге келіп, орысша ілім-білім алсам да, қазақ басылымдарына жазылуды бір тоқтатқан емеспін! Басқа өзім құралпы ағайындарды соған тартумен келемін.
Қазір біздің ауданда оқырмандарымыз аз. Сол тұрғыдан келгендеріңіз жақсы болды. Халыққа үгіт-насихат жүргізіп, өңірімізде ана тілінде жарық көретін жалғыз ғана газеттің үлесі үшін аянып қалмаймыз! Осындай жүздесулер жиірек болса екен тілек айтпақпын! Сондай-ақ, осы жердің тарихи атауы Денисов емес, Түйемойнақ болып өзгертілсе деген ниеттемін!
аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:
– "Қостанай таңы" бала кезімізден сүйсіне оқитын газетіміз. Келгендеріңіз жақсы болды. Өзіміз оқитын авторлармен бетпе-бет жүз-десіп жатқандарымыз көңіл қуантады. Ана тіліміздің, ұлттық рухымыздың асқақтауына, беделіміздің биіктеуіне қосқан үлестеріңіз зор. Әрине, газет таралымы Түйемойнақта аз. Оған қынжыламыз. Бүгінгі басқосудан кейін бұл мәселе мына отырған бұқара халыққа әсер қалдырып, жазылатынына кәміл сенемін!
Газетте жастар мәселесі қамтылып, ұлттық тәрбие туралы айтылса екен дей-мін. Өз-өзіне қол жұмсаған жандардың осы тәрбиенің жетіспеушілігінен өмірде жиі кездесетінін бәріміз анық білеміз. Сол жайында психологтармен сұхбат беріп тұрсаңыздар екен!
аудандық мәдениет үйінің
директоры:
– Нар шөгіп, түйе қонған қасиетті Түйемойнаққа атбасын бұрғандарыңыз біз үшін үлкен мәртебе! Кезінде үрдіске айналып, соңы тоқырап қалып, енді міне, қайтадан бастама көтеріп, оқырманмен дидарласып отырғандарыңыз қуанарлық жайт. Жақсы жобаның жаңалығы, оқырманы көп болсын! Алыстағы ауылдарға да ат ізін салып тұрыңыздар дегім келеді. Кетеуі кеткен ауыл тұрмысы жайын жиі қалам тербесеңіздер екен. Орыс тілді оқырманы басым жерге келіп, игі бастама көтеріп отырсыздар! Біздер мұны қолдаймыз! Санымыз аспаса да, рухымыс асқақ! Міржақып атамыздың:
Алыстан Алаш десе, аттанамын,
Қазақты қазақ десе, мақтанамын!
Болғанда әкем қазақ,
шешем қазақ,
Мен неге қазақтықтан
сақтанамын!
– деген өлеңі осындайда еске оралады.
…Түйемойнақтық оқырмандардан сауал артылмады. Барлығының тілегі бір – ауыл мәселесі. Мұны өз сөзінде Жанұзақ Аязбеков оқырмандарға егжей-тегжейлі баяндады.
– Бұл кездесу біз күткендегіден әлдеқайда жақсы болды. Қойған сауалдарыңыздың барлығы тасқа басылғандай, газет беттерінен көрінеді. Осы белсенділікті одан әрі жалғай беріңіздер. Жаңа ғана ауыл тұрмысы, тіршілігі деп қалдыңыздар. Сол жайында әңгімелеп берейін. Қандай да бір мәселе бола қалса, редакциямыздың мекенжайы, телефоны бар, хабарласыңыздар! Тілшілеріміз бұған атүсті қарамайды. Екі-жақты белсенділік бізде жетіспей жатыр. Соны бүгін өздеріңіз көтеріп отырсыздар. Іске асыралық. Қазір газет жанашырларын тағайындап, клуб ұйымдастырып, жас тілшілерімізді анықтаймыз. Олар да бізге шығармаларын жіберіп, жергілікті жердің хабарын білдірсін! – деді газет редакторы жігерлі жұртқа мән-жайды түсіндіріп.
Одан әрі газет жанашырлары мен жас тілшілерін марапаттау рәсімі өтті. Оған төрайым болып Хадиша Шәймерденова тағайындалып, аудандық тіл-дерді дамыту және мәдениет бөлімінің басшысы Нағима Хасанова, Медет Байзақов, мұғалім Маржан Нұрғазина мүшелікке өтті. Айдана Хамитова, Аманат Файзолла, Дина Нұрғазина сынды жас тілшілері-міз де бас редактордың қолынан куәлік алып, сый-сияпатқа кенелді.
Бір қызығы, бұл мәжілістен кейін мәдениет үйінің шыға берісінде кезінде осы ауданда газетіміздің меншікті тілшісі болған Молдахмет Ғалымжановтың қызы жергілікті тұрғын Тамара Ғалымжанованы кездестірдік. Ол кісі жұмыс бабымен кешігіп қалғанын айтып, ақталып жатыр. Біз де "оқасы жоқ" дегендей кейіп таныттық. Бірақ әкеден қалған ескерткіш дүние болса, "Қостанай таңының" мұражайына қоятындығымызды жеткіздік. Ол кісі де жік-жапар болып, үйіне қонаққа бастай жөнелді. Атамыздың ұлы полиция генерал-майоры Наил Ғалымжановтың туған жерге келгенін де әңгімелеп берді. Сөйтіп, соғыс және еңбек ардагері Молдекеңнің шаңырағына келіп, оның өмірінен сыр шертетін бұрыштағы суреттерді тамашалап, ұлы Наилмен аз-кем әңгімелесіп қалдық.
аудандық Жұма мешітінің имамы:
– Сіздер келеді дегенді естіп риза болдық! Айтар ой-пікірлеріміз бар еді. Басылымда дінге қатысты біраз мақалалар жариялап тұрасыздар. Соның негізінде қазір халықтың имандылыққа деген ниеті оянып келеді. Жаз айларындағы газеттің бір сандарында Сейілхан атайдың тағдыры туралы өзекті мақала жарияланды. Әлгі мақаланың қорытындысы не болды? Сол жағы бізге беймәлім?
Содан кейін "Абай ауылындағы айқайды" оқыдық. Тіптен риза болдық. Бұрын "ей, қойшы! Қайтер дейсің?!" дейтін ойымызды басқа бір арнаға бұрып жіберді. Газеттің мұншалықты батыл қадамға барғаны барлығымызды (мешітке жиналатын жамағатты айтып отыр – Н.М.) қуанта түсті. Содан кейін менің көзқарасым мүлде өзгерді. Келер жылы газетке жазылып, басқаларды да үгіттейтін боламын!
полиция генерал-майоры, ҚР ІІМ-нің Қырғызстан Республикасындағы өкілетті өкілі:
– Келгендеріңіз қандай жақсы болды. Мен де алыстан ат арытып, туған жерді, елді, ағайын-бауырды сағынып жеттім. Қызмет бабымен сырт жерде жүрсек те жүрегіміз ауыл деп соғып тұрады. Иә, әкем талай жылдар еңбек еткен "Қостанай таңының" мұндай бастама көтергеніне көңіл жылып қалды. Өздеріңіз айтқандай газеттің сайты да жаңарып жатыр екен. Енді елдегі жаңалықты орыс басылымдарынан ғана емес, әкем жазған қазақ тілімен оқитын болдық! Істеріңізге әрдайым сәттілік тілеймін! Осы жердегі інім Рамил де бұл газетке атсалысады. Себебі, әкеміздің талайғы еңбек еткен басылымы! Шығармашылықтарыңызда тек қана табыс болсын!
Материалдың бейне нұсқасын "Қостанай таңы" газетінің сайтынан көре аласыздар.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ