Бұлақ көрсең, көзін аш
Жанкелдин ауданының Б.Хамзин атындағы өнер мектебі талай жастың білімін шыңдап, талантын ұштап келеді. Аталмыш өнер ордасын "бір мүшел жас" басқарған мектеп директоры Жанар Шалабаева ұжымның соңғы жылдардағы жетістігін баяндап берген болатын.
– Өткенге шегініс жасап, өнер ордасының кешегісі мен бүгініне тоқталып өтсеңіз.
2001 жылы "Жанкелдин ауданының Б.Хамзин атындағы өнер мектебі" ММ болып қайта ашылды. Алғаш өнер мектебінде домбыра, баян, хореография бөлімдері жұмыс істеп, мектепке 54 оқушы қабылданды. Алғашқы мектеп түлектері қазіргі таңда Алматы, Астана қалаларындағы және Корея мемлекетіндегі жоғары музыкалық оқу ордаларында білімдерін жалғастыруда. Мектептің алғашқы қарлығаштарын өнермен сусындатқан қарт ұстаз, теоретик Ақ-жұпар Қашқынбаева, Жанат Әлімбаева, Жанар Шалабай, Сағат Тұралы, Гауһар Мұхамбетова сынды мұғалімдерді атап өткеніміз абзал. Мектеп жұмысының бір арнаға түсіп, құжаттардың бір қалыпқа келуіне, әрі қарай жұмыс істеуіне бағыт-бағдар берген журналист, білім беру ісінің үздігі Әбдісалық Жүсіпов, Балғабай Шәкіров, Рауыл Ахметжанов, Ислам Әмірханов ағаларымыздың еңбектері ерекше.
2005-2006 оқу жылында мектеп жаңа ғимаратқа көшіріліп, заманауи үлгідегі жиһаздармен жабдықталып, музыкалық аспаптардың қатары толықты. Қобыз, бейнелеу өнері, вокал, аэробика бөлімдері ашылды. Жыл сайын оқушылардың саны да артуда. Мектеп директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары штаттары мен кітапханашылық штат бөлінді.
Кеңес үкіметі тұсында бұл мектептен қаншама адам білім алып, қанаттанды. Бір өкініштісі, мектептің өткен тарихы туралы деректер мұрағаттарда сақталмаған. Араға біраз уақыт салып тамырына қан жүгірген мектеп бүгінде қасиетті өнер ордасына айналды. Екі қабатты ғимаратта алты оқу бөлмесі, бір кітапхана, бір акт залы, бір директор бөлмесі мен қабылдау бөлмесі бар. Бөлмелер талапқа сай материалдық базасымен жабдықталған. Эстетикалық бағыттағы жеті бөлімде: домбыра, қобыз, баян, хореография, аэробика, бейнелеу өнері бөлімдерімен қатар ансамбль, хор үйірмелері жұмыс істейді.
– Соңғы бес-алты жылдың ішінде оқыған шәкірттеріңіздің жетістігін айта отырсаңыз.
– "Бұлақ көрсең, көзін аш" деген қанатты сөздің астарында үлкен мән жатса керек. Біздің мектеп көрінбей жүрген таланттарды тауып, оларды оқытып, тәрбиелеу бағытында жұмыс істейді.Өнер ордасынан қанаттанып, өнерлерін ары қарай ұштап жатқан шәкірттеріміз қаншама. Мәселен, Жәуке Оңдаған есімді азамат 2007 жылы облыстық вокалистердің "Алтын микрофон" ән байқауында Гран-при жүлдесін алды. 2009 жылы Астанада өткен 3-ші Халықара-лық балалар шығармашылығы "Ақ көгер-шін" байқауында Гран-приді иеленіп, Ар-қалықтағы жасөспірімдер театрында, Аманкелдіде "Бала кезім – дара кезім" атты ән кешін өткізіп, Арқалық қаласы мен Аманкелді ауданы әкімдерінің алғысына ие болды. 2010 жылы 4-ші Халықаралық балалардың вокалдық "Алтын микрофон" байқауының дипломанты Мирас Әбдікәрімнің де жеке шығармашылық кеші өтті. Ол 2012 жылы республикалық "Тайжарыс" радио фестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алды. Мирас Түркияның Аллания қаласында өткен "Арт-Олимпия" байқауында 1-ші орынды иеленді. 2010 жылы Алматыдағы халық-аралық "Күншуақ" фестивалінде, 43-ші облыстық жас музыканттардың байқауында 2-ші орынды иеленген, қобыз бөлімінің оқушысы Әйгерім Ақтастың жетістігі бір төбе. Аталған оқушылардың әрқайсысы туралы облыстық, қалалық, аудандық баспасөз беттерінде жарияланды. Өнерлі шәкірттерімнің ауыз толтырып айтар жетістігі мол.
– Өнер мектебінің табалдырығын мүлде аттамаған, бірақ өнерге қызығушылығы бар балаларды қалай қолдайсыздар?
– Өнер мектебі екінші жыл қатарынан жазғы маусымдық үйірмені ұйымдастыруда. I, II, III кезеңдер бойынша домбырашылардың "Жас өркен", кітапхананың жас оқырмандарының "Сиқырлы театр", бишілердің "Жауқазын", суретшілердің "Кемпір-қосақ", жас әншілердің "Балдәурен" атты жазғы маусымдық үйірмелері жұмыс істеді. Қызығушылық танытып қаладан, ауданнан, ауылдан келген балалар үйірмеге қатысты. Олар домбырада ойнау шеберлігін бүге-шігесіне дейін меңгеріп алмаса да әр бала өзінің икемі мен ынтасына қарай қажетті білімді алды.Үйірме барысында балаларға домбыра үйретуші Асыл Хамзина мен Арайлым Әлібаеваның еңбегі ұшан-теңіз.
– Өнер мектебінен білім алып, ары қарай осы жолды таңдаған шәкірттеріңіз туралы бірер сөз.
– Өнер мектебін тәмамдаған 92 оқушының 22-сі Алматы, Астана, Қостанай, Арқалық қалаларында музыкалық оқу орындарында білімдерін жалғастыруда. Соның ішінде жетеуі осы салада қызмет етуде. Мәселен, Дилара Қарекен Кореяда Сеул өнер академиясында, ағайынды Әсем, Арай Искаковалар Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Назерке Бейбітова, Мирас Әбдікәрім Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде, Меруерт Мырзагереева Алматыдағы П.И.Чайков-ский атындағы музыкалық колледжінде, Гүлсезім Ақтас Қостанай қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтында, Жәнібек Жапар, Назира Сембіғұлова, Ас-қарбек Алтынсара Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында, Жансұлу Амандық, Динара Милахатова Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің музыка бөлі-мінде оқиды.
Мектептен алған білімін қосымша алып жүрген шәкірттеріміз жетерлік. Атап айтсақ, Маржан Қайырбекова, Әйгерім Ақтас, Бағдат Бірлік, Сымбат Ерікова, Айзат Мырзағұлова, Маржан Сапарғалиева, Нұргүл Сәтбекова, Айдана Омароваға ұжымның атынан зор алғыс айтамын. Себебі, олар әртүрлі мамандықтарда білім ала жүріп, жоғары оқу орындарының көркемөнерпаздар үйірмелерінің белсенді мүшелері болып жүр. Концерттік бағдарламаларға қатысып, көп-шіліктің алдында жүрген өнерлі шәкірт-терімді теледидардан көріп, олар туралы басылым беттерінен оқығанымда бір марқайып қалатыным рас.
– Өнерпаздарды қаржылай демеуге әзір тұратын азаматтар бар ма?
– Жас жеткіншектердің өнерін қолдап, демеушілік жасап, олардың облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жоғарғы деңгейде үлкен сахналарда өнерлерін көрсетіп, шыңдалуына үнемі қолдау көрсетіп келген ел ағалары, ҚР Ұлттық банкі Қостанай облыстық филиалының директоры Мираш Жұмашев, білім беру бөлімінің басшысы Наурызбай Сейдахметов пен осы мекеменің кәсіподағы үнемі қамқорлық танытып, қолдау көрсетіп келеді. Және де кәсіпорын, мекеме басшылары, аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық "Қолдау Торғай" қорларының да ықпалы зор. Балалары үшін ауқатты отбасыларда қол ұшын беріп келеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Жанар Жұмағұлова.
Жанкелдин ауданы.