Абдрахман БЕКМАҒАНБЕТ, қаламгер: Қаламымды ұштаған қара шаңырақ

IMG_9317Өткен жылы Темір деген туысымыз қайтыс болып, Көкталға (Әулиекөл ауданы) бардық. Марқұмның күзетіне жиналған кісілер әңгіме айтып  отырған  ақсақалды ұйый тыңдап отыр. Бұл кісі әңгіме айтқанда жәй бір жалпақ тілмен емес,мәнерлеп, нәшініне келтіріп тұрып айтады екен, жарықтық! Қашаннан бері ел аузында сақталған біраз әңгімелермен қатар терең мағыналы өлең-жырлар да  айтылып жатыр. Сондай бір өлеңнен кейін, ақсақалмен қатарлас отырған бір қырмасақал;
– О, ғажап-ай! Неткен шешендік! Бұл заманда мұндай ақындар жоқ… – дей бергенінде.
– Неге болмасын! – деп ақсақал оның сөзін бөліп жіберді де, сөзін жалғап;
– Бұл заманда да жақсы-жақсы ақындарымыз баршылық. Өзің газет, жорнал алып оқисың ба? – деді. Манадан бері әңгімесін қоштап отырған кісі мұндай оқыс сұрақтан қысылып қалғандай болды.
Ал ақсақал болса асықпай төс қалтасынан қойын дәптерін алып, соның ішінен бір парақ бүктеулі қағаздың бетін жазып:
– Ал онда тыңда  – деді де,
Кері кеткен мына заманнан қорқам,
 "Аяғымнан аңдып шаласың-ау" деп.
 Шүлдірлеген ұрпақтан қорқам,
 "Тамырыма балта шабасың-ау" деп, оқи бастағанда мен аузымды ашып, отырып қалыппын. Тек Жақсылық ағай (Құрманәлиев) бүйірімнен түртіп қалмағанында отырар едім. Өлеңді нақышына келтіріп тұрып оқып бергеннен кейін, қасындағы қырмасақалға маңғаздана бір қарап алып:
– Ал осыған не  дейсің?  Көрдің бе, жақсы ақындар бұ заманда да құрып кеткен жоқ. Мен бұл өлеңді "Қостанай таңы" газетінен қиып алдым. Ана тілімізде шығатын жалғыз-ақ газетіміз ғой. Кейбіреулеріміз оның өзін оқымаймыз. Сол газетке жазылған болсаң "бұ заманда жақсы ақын, жазушылар жоқ"  деп айтпаған болар едің дегенде, жаңағы кісі қызарып кетті.
Осы сөзден кейін үйдің ішін үнсіздік баса бастағандай болды.
– Ақсақал, сіз осы өлеңнің авторын білетін бе едіңіз? – деген Жақсылық ағайдың сұрағы бұзып жібермегенде бұл үнсіздіктің қанша уақытқа созыларын кім білген.
– Жоқ, мен оны білмеймін. Көрген де емеспін. Абдрахман Бекмағанбет деген кісі жазыпты ғой. Газет бетіне шыққан осындай жақсы өлең, әңгімелер болса қиып аламын, –  деді ақсақал баяу үнмен.
– Ал егер ол кісі дәл алдыңызда отырса ше. Сонда да көрмейсіз бе?  – деді Жәкең қулана қарап. Бұл сөзге түсінбей қалған ақсақал,
– Жақсылық, сен не айтқалы отырсың? Дәл алдыңда отырса дегенің не?  – деп аң-таң болды.
– Ақсақал, бұл өлеңді шығарған кісі мына менің інім –  Абдрахман, –  деп жанында отырған мені нұсқады. Сәл абыржып қалған ақсақалдың орнынан тұрмақшы бола бастағанын байқап қалып, орнымнан атып тұрып қасына келіп, қолын алдым. Ол кісі менің қолымды жібермей, төмен тартып жанына отыруға мәжбүр етті. Қырмасақал ығысып орын босатты. Жиналған жұрттың екі көзі бізде.
Таныса келе білгені,  бұл кісі сол маңайдағы Федосеевка ауылының тұрғыны Үдербаев Ғазиз деген ақсақал екен. Кезінде агроном болған кісі. Көкірегі ашық, оқыған-тоқығаны көп абыз ақсақал  отырған жерінде  осындай әңгімелер айтып, жиналған жұртты ұйылтып тастайтын көрінеді.
Бұл кісі қайтыс болған Темір ағайдың құдасы екен.
Айтқалы отырғаным бұл емес еді. Осы әңгімеге арқау болып отырған өзіміздің "Қостанай таңы" газеті жөнінде болатын. Жоғарыдағы әңгімеден өзде-ріңіз байқағандай мені қаламгер, ақын ретінде көпшілікке танымал еткен осы "Қостанай таңы" газеті. Біраз туындыларымды газет бетіне жариялап, шығармашылық еңбегіме қолдау көрсетіп, ағалық ақыл-кеңесін беріп жүрген Меңдібаев Сәлімді ерекше атап айтқанды жөн көріп отырмын. Сәкең мен сияқты талай-талай қаламгерлердің қаламын ұштаудан жалықпаған кісі.
Байқасаңыздар, кешегі өткен Б.Майлинге арналған поэзия мүшәйрасы сияқты себептермен көптеген, (әсіресе жас) ақындарымыздың еңбектері газет беттерінен жарық көріп жатыр. Жастарға әдейі арналған жеке беттер де баршылық.
Газетімізге бас редактор болып Жанұзақ Аязбеков келгеннен бері "Қостанай таңы" газетінің тынысы кеңейе түсті. Соның бір дәлелі "Бас редактор әлемі" айдарымен шығып жатқан көптеген көкейтесті материалдар. Бұл жөнінде өз пікірімді газет бетіне екі мәрте жазған болатынмын. Жанұзақтың осы еңбектері басылым сапасын бірқатар көтеріп тастады.
Сапасы демекші, қайсымыз болмасын алдымен тауардың сапасына қараймыз. Былайша қарағанда газет те тауар. Тек бұл ақпараттық (информациялық) әрі рухани тауар. Демек, басылым бетіндегі әрбір сөздің, әрбір мақаланың белгілі бір құны бар. Сондықтан да "мен ақысын төледім" деп, құнсыз дүниелерді бастыртып, газетіміздің қадірін кетіріп алмағанымыз жөн. Осыны ұмытпайық.
Облысымыздың аудандарында өткізіліп жатқан "Қостанай таңы" күндері де оқырманмен тікелей пікірлесіп, газет сапасын күшейтуге бағышталған әрекет. Ол да өз жемісін береді деген ойдамын.
Ал енді оқырман ретінде айтарым: газетіміздің біраз беттерін екі тілде жазылған неше түрлі мемілекеттік қаулылар мен регламенттер алып жатыр.
Әрине, мұның бәрі тегін басылмайтынын, газетімізге біраз қаржы түсіретінін жақсы түсінеміз. Дегенмен де, мұндай жағдай көпшілікті қуантып жатыр деп айта алмаспыз. Мүмкін, қосымша беттер жасау керек шығар. Болмаса, басқа бір шешімдері табыла ма, осы жәйді де ойластырған жөн болар еді. Жалпы газет жөнінде айтар болсақ,  оқырман ойынан шығады, нағыз өмір айнасы "Қостанай таңы" газетінің жанашыры және оқырманы ретінде ендігі айтарым, редакция ұжымына зор денсаулық, творчестволық табыс тілеймін. Оқырмандарымыз жылдан-жылға көбейіп, "Қостанай таңы" арайлана ата берсін!
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓