Алманың арманы Әулиекөлде орындалды

Жұмыспен қамту секторының меңгерушісі Ольга Григорьева
Әулиекөл ауданында да мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлық аясы кеңейіп келеді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмыспен қамту секторының меңгерушісі Ольга Григорьеваның айтуынша, бүгінде аудан бойынша 1438 мүгедек жан есепте тұрған көрінеді, соның 129-ы балалар.

Екі қолға бір күректі ауданнан тапқан Алма Дүкенова
Сондай-ақ, ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту ісі де тиісінше атқарылып келеді. Жыл басынан бері 49 адам, соның ішінде он бірі тұрақты, үшеуі қоғамдық жұмыстарға орналастырылған.
Екі қолға бір күректі ауданнан тапқан ару
Қаладан ауданға келіп өзіне лайықты жұмыс тапқандардың бірі – Алма Дүкенова. Ол бүгінде Әулиекөл аудандық жұмыспен қамту бөлімінде мүгедектер мәселесі бойынша инспектор қызметін атқаруда.
Туа бітті есту қабілетінен айырылған Алма Қостанайдағы есту қабілеті төмен балаларға арнал-ған мектеп-интернатында білім алыпты. Кейін мектепті бітірген соң ол Алматыдағы "Сымбат" сән колледжіне түсіп, дизайн және технология мамандығын алып шығады.
– Мамандығым бойынша бір жарым жыл Алматыда жұмыс істеген едім. Кейін отбасылық жағдайыма байланысты Қостанайға қайтып келдім. Бірақ қанша іздегенмен, мамандығыма сай лайықты жұмыс таба алмадым. Жұмыс берушілердің бәрінің айтары бір, үш жылдық тәжірибе керек дейді. Қаладан жұмыс таба алмаған соң, ауданға келдім. Қазір аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыс істеп жатырмын, жұмысым өзіме ұнайды әрі осыған шүкіршілік етемін. Себебі, арбаға таңылған жандармен салыстыр-ғанда менің жағдайым әлдеқайда жақсы ғой. Сондықтан, мүгедек екенмін деп қол қусырып отыр-ғаннан өзіме де, өзгеге де келер еш пайда жоқ. Дегенмен, алға қойған жоспарларым да жоқ емес. Болашақта мамандығым бойынша пәтерлерді безендірумен айналысатын бір жеке кәсіп ашсам деп армандаймын. Әрине, кез келген қыз бала тұрмыс құрып, ана болуды армандайды ғой. Мен де сол мұратыма жетіп, ойлаған армандарымды жүзеге асырсам деймін, – дейді Алма Дүкенова.
Қарлығаш
ОСПАНОВА
Әулиекөл ауданы.
Суреттерді түсірген автор.