Қос ауылдың қамқоры
Тобыл өңірінде тұтас ауылдың тағдыры мен тұрмысын мойнына алған серіктестіктер аз емес. Солардың қатарына "Приреченка" ЖШС-ін қосуға болады. Ол Денисов ауданының Приречен селолық округін қамқорында ұстап отыр. Ауыл шаруашылығымен айналысатын серіктестік талай жылдан бері әлеуметтік жауапкершілікке мығым болып келеді.
Аталған серіктестікте 260 тұрғын жұмыс істейді. Жергілікті халыққа табыс, ауылдың аяқтан тұруына әл беріп отыр. «Приреченка» ЖШС-нің тыныс-тіршілігін өз ісінің білікті де тәжірибелі маманы, атқарушы директор Виталий Марковник баяндап берді.
«Приречен ауылында орналасқан біздің серіктестік егін және мал шаруашылықтарымен айналысады. Астықтың қатты және жұмсақ сұрыбын егеміз. Сондай-ақ, майлы дақылдар алқабын да кеңейте түсудеміз. Келер жылдан бастап мақсыр (сафлор) дақылын егуді қолға алмақпыз. Жалпы алғанда, әртараптандыру шаруасына ерекше көңіл қоя бастадық. Техникаларымыз да жеткілікті әрі сайлы… Мұның сыртында, ет бағытында ірі қара өсіріп жатырмыз. Әзірге ангус және ақ бас тұқымды 800 бас ІҚМ бар», – дейді Виталий Витальевич.
Мал азығы көлемін жыл сайын ұлғайту да басты назарда. Серіктестік үшін ғана емес, ауыл тұрғындары үшін де жем-шөп дайындайды. Шығым аз ба, көп пе, бастысы, ауылдықтар мал азығының тапшылығын көрген жоқ дейді директор. Бастысы, мал азығын қандай жағдай болмасын өзіндік құнынан екі есе төмен бағадан сатады.
«Президентіміз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы жиі айтады ғой. Бұл тұрғыда ауыл тұрғындарының мұқтажына бейжай қараған емеспіз. Мейлі, ол жем-шөппен қамту болсын, әлде басқа да қызмет түрлері болсын, бағаны әлде де арзандатуға, әлеуметтік қорғауды күшейте түсуге болар еді, бірақ оған өзіндік кедергілер бар. Қалай дегенмен де туған жеріміз қашанда қамқорымызда», – дейді ол.
Округтегі Приречен, Окраин ауылдарының дамуына бұл ЖШС-нің қосқан үлесі қомақты. Тұрғындардың жайлы тұрмыс кешіп, сайлы жұмыс істеуіне қажетті жағдайдың бәрін жасап отыр. Әлеуметтік нысандардың бәрі жөнделген, ауыл көшелерінде асфальт сайрап жатыр. Күнделікті ауыз су әкеліп отыру, жылына екі рет ауылдар ішінен қоқыс шығару да осы серіктестік мойнында. Бірақ, В.Марковниктің айтуынша, кешегі мен бүгінгі тірлікке қанағат етпей, ертеңнің қамын ойлау қажет. Көп жоспарды орындауға жыл сайын қолдың қысқарып бара жатқаны кедергі.
«4 жыл болды – шығым аз, шығын көп. 2018 жылдан бері 5,5 центнерден асып көрген жоқ. Биыл гектарына 4,5 ц өнім алдық, – дейді директор. – Екіншіден, дизель отыны қымбаттап кетті. Қазір оның құны 186 теңге тұрады. Тыңайтқыштар мен фунгицидтің бағасы ұшып тұр. Оның үстіне, қандай жағдай болмасы, жұмысшыларға еңбегіне лайықты әрі уақытылы жалақы төлеу керек. Осы факторлар егін табысының тең жартысын «жұтып» қояды, артық ақша үнемдеуге мүмкіндік бермей келеді. Қосалқы бөлшек сатып алуға, техниканы жаңартуға қаржыны тақыл-тұқыл жеткіземіз».
Тәжірибелі маман мәселенің салдарын ғана сөз қылмай, себептеріне де өзінше үңіліп көрді. Байлаусыз кеткен бағаны айтып, бұрынғы мен бүгінгінің алыс айырмашылығын дәйекке тартты.
«Экономика, ақша, цифр деген «қыңыр» дүниелер ғой. Ностальгияға берілді демессіз, бірақ кеңес дәуірінде тыңайтқыш құны 55 рубль, ал астық бағасы 105 рубль тұрды. Қазір тыңайтқыштың тоннасы биыл 100 мың теңге, астық шамамен 120 теңге болады. Айырмашылықты көрдіңіз бе? Мұндай бағамен қалай өндірісті ұлғайтуға, ауылдың дамуына тұрақты серпін беруге болады?»
Оның айтуынша, бұрындары бір тонна астықтың құнына 2 тонна тыңайтқыш сатып алу мүмкін болса, қазір 1 тонналық құнның басым бөлігін тыңайтқыш «қылғытады». Сондай-ақ, директор елдегі субсидия беру тәртібіне қатысты жеке пікірін білдірді. Ол мұны шаруалардың басты «бас ауруына» айналғанын жасырмайды.
«Меніңше, субсидия арнайы жоспар бойынша берілуі керек. Біз бизнес-жоспар дайындауымыз керек. Айталық, Азық-түлік корпорациясына 10 мың тонна өнім сатамыз дейік. Ал олар қаңтар айында «біз 150 мың теңгеден сатып аламыз, міне сіздерге 150 млн теңге» деп, қол алысуы керек. Жыл басында қолымызға тиген ақшамен анау-мынауымызды түгендеп алар едік. Кейін бізге қаржы берген ұйым біздің барлық шығынымызды есептеп, ақшаның келісім-шартта көрсетілген талаптарға сай жұмсалғанын тексереді. Егер бәрі орынды болса, қаржыны қажетті жеріне жұмсалғаны. Сәйкес келмесе, кінәлі тарап одан ары жауапкер атансын. Сол ғана… Ал былайша біз өнім шығарамыз да, оны қайда, қандай бағаға өткізетінімізді білмей дал боламыз. Сосын қаржыны қайдан табарымызды білмей, бас қатырғаның», – дейді В.Марковник.
Тағы да кешегі кеңесті салыстырмаға тартып, ол кезде контрактация келісім-шартына отырып, қаңтар айында қажетті соманы қалтаға түсіретін едік деп өткенге шегініс жасады. Жалпы, субсидия сергелдеңі қазіргі таңда көп кәсіпкердің талқысынан түспей жүр. Осы кезге дейін 15-20 рет өзгеріске ұшыраған. «Ең жаманы, біз қазір өнімімізді кімнің сатып алатынын білмейміз» деп ойын түйіндеді ол.
«Мұның бәрін айтып отырғаным, «егер нан болса, ән болады» деген тұжырымға әкелгім келді. Шаруамыз алға басып, табысымыз молайса, қамқорымыздағы ел-жұрттың да әл-ауқаты артқанның үстіне арта түсер еді. Өнім аз болса, әлеуметке де оңай тимейді. Бірақ біз бәрібір ауылды дамытуды, ісімізді өрге тартуды, техника жаңартуды жалғастыра береміз. Серіктестікте жұмыс істейтін тұрғындардың еңбекақысы үзіліп көрген жоқ, ауылдан көшіп кетіп жатқандарды да көрмедім, тұрақтылықты ұстап тұрмыз», – дейді директор.
Қай мемлекет те айналасы үш онжылдық ішінде мәселенің бәрін шешіп тастай алмайтыны түсінікті. Заңнамалық базаны дамыған елдер деңгейіне көтеріп тастау – қабырғаға шеге қағумен салыстыратындай жұмыс емес. Бәрі бірден болмайды. 30 жастағы елдің 300 жылдық ғұмыры бар мемлекеттермен теңесуі үшін қаншама қажыр мен уақыт керек. Осылай дейді серіктестік басшысы. Дегенмен, оның ескертуінше, ысырапшылдық, берекетсіздік, жемқорлық сынды кесірлердің жолы кесілмей, мақсатқа апарар жол қашықтай берері сөзсіз.
«Бір қынжылтатыны – мемлекеттен бөлінетін қыруар қаражаттың игерілмей қалатыны. Санда бар, санатта жоқ қисапсыз қаржы әлдекімнің, әлдененің кесірінен пайдаға аспай жатады. Мысалы, су тарту мәселесін алайықшы. Жабылуға шақ қалған, орнында жоқ ауылға су құбырын салу барып тұрған нонсенс емес пе! 3-4 үйлі, болашағы жоқ ауылдарға инфрақұрылым тартудың қажеті қанша? Бұндай бұрыс әрекеттердің есебі вертикалды түрде тексерілуі керек. Миллиардтарды айдалаға көмуші пысықтарды бір шыбықпен айдау керек»,- деп күйінеді В.Маковник.
Айтпағы, болашағы жоқ ауылға ақша құйғаннан гөрі перспективалы елді мекендерге демеу көрсету керек. Өйткені, келешегі бар ауылдардың жергілікті асыраушылары бар деп, бар жауапкершілікті шаруашылықтарға, «қызыл директорларға» артып, үнемі айналып өту жақсы үрдіс емес. Мұның астарында мемлекет қаржысы желге ұшпаса деген ниет жатыр дейді кәсіпкер.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев